23.05.2025, 10:30
Оқылды: 139

Актер шығармашылығы арқау болған конференция

Жұбан Молдағалиев атындағы  облыстық  кітапханада  «Театрдағы  өнер  синтезі:  актер  мен  режиссердің  шығармашылығы» атауымен  ҚР  Мәдениет  саласының  үздігі,  актер,  режиссер  Самал  Әбуовтың  шығармашылығына  арналған республикалық ғылыми конференция  өтті.

498213902_122180354618316337_6139572025470016320_n

Конференцияға Қырғыз Республикасынан келген актер, режиссер Арзыбек Аскарбекулу, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, PhD докторы Нартай Ескендіров, театр қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Құжырғали Төлеуішев және басқа өнер жанашырлары қатысты.

Астанадан арнайы келген театртанушы ғалым Нартай Ескендіров Самал Қадерұлының шығармашылығынан бөлек актерлік шеберлік және режиссерлік өнердің даму ерекшеліктері жөнінде баяндады. Конференцияда заманауи драматургиядағы мәселелер, жанрлық  ізденістер, драматургиядағы жаңа бағыттар мен әдістер,  инклюзиялық бағыттағы туындылардың сахналануы, сахна тіліндегі шеберлік жөнінде өзекті ойлар айтылды. Тағылымды ойлар мен жылы естеліктер ортаға салынған рухани іс-шарада сөз алған театр ардагері Құжырғали Төлеуішев Самал Қадерұлының актер ретінде еңбегін жоғары бағалап, режиссер ретінде әлі ашыла  қоймағанын  атап  өтті.

498646703_122180354642316337_3808190472861842833_n

Ширек ғасырдан астам ғұмырын театр өнеріне арнаған Самал Әбуовтың  Хадиша театрының  тарихы туралы жазған кітаптарының маңызы зор. Ол – актер,  режиссерлікпен қоса «Театр. Тарих. Тағылым» және «Алтын керегелі, айна терезелі театр» атты қос кітаптың  ауторы.

Мерейтой иесінің шығармашылық бенефисі ғылыми жиынмен ашылып, өзінің режиссерлігімен қойылған спектакльдер апталығымен жалғасты.

Гүлжан Ғалым,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале