Өткен жылдан бастап Ақтөбе облысында ауылдық мектептерде сапалы білім беруді дамыту және виртуалды педагогтер есебінен шағын жинақты мектептерде педагог тапшылығын толтыруға бағытталған «БІЛІМ ALL» жобасы қолға алынды. Бұл туралы ҚР-ның Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Бүгінгі таңда өңірдегі 36 шағын жинақты мектепті 12 тірек мектеп басқарады. Жоба аясында онлайн сабақтарға арналған арнайы білім беру платформасы әзірленді. 1000-ға жуық педагог шағын жинақталған ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту тақырыбында цифрлық технологияларды қолдана отырып, біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
«Аталған жоба аясында 1 қыркүйектен бастап 134 шағын жинақты мектептің оқушыларына сапалы білім беру, материалдық-техникалық базаны нығайту және интернет жылдамдығын арттыру көзделген. Өңірдегі 12 тірек мектепте 386 кабинет жабдықталады», - деді Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
Арнайы курстан өткен педагогтер 5-11 сыныптың 1851 оқушысына математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі бойынша онлайн және офлайн режимінде сабақ береді. Ақтөбе облысының тәжірибесі еліміздің бірқатар мектебінде пайдаланылады деп жоспарланып отыр.