Ақтөбеде «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие діңгегі» аясында «Аялы әже» форумы ұйымдастырылды.
Ақтөбеде ұйымдастырылған «Аялы әже» форумында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасының» жұмысы көпке таныстырылды.
Салтанатты жиынға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов және Батыс Қазақстан облысынан келген делегация өкілдері, атап айтсақ, Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, «Ақжайықтың асыл арулары» клубының вице президенті Меруерт Елеуқызы және ардагерлер клубының жанынан құрылған «Асыл әже» вокалды тобының жетекшісі Жаңылай Арыстанова қатысты.
Сонымен қатар облыстың 12 ауданы мен қаладағы 2 ауданындағы ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымдары мен белсенді ардагерлер және «Дәстүрге жол» аналары Ақтөбе филиалының қатысты.
Әжелер алқасы мүшелері ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды насихаттауда жастарға ұлттық құндылықтарды танытуға көп ықпал етіп жатыр.
Бүгінгі таңда жаңа Қазақстанның жаңа ұрпағын тәрбиелеу, отбасы құндылықтарын насихаттау, ене мен келін татулығы, сол арқылы әулет ынтымағына қол жеткізуді қолға алған әжелер алқасы облыстағы барлық аудан-қалада елді мекендерде нәтижелі жұмыс атқарып жатыр.
Жауапкершілігі мол жұмысқа белсенді аналар тартылып, осы күнге дейін 50-ден астам танымдық-тәрбиелік басқосу ұйымдастырылған.
Форумды ұйымдастыруға ұйытқы болған Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов бірқатар маңызды мәселелерді атап өтіп, бірлесе еңбек етуге шақырды.
Әжелер алқасы ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылып, іргелі істерге ұйытқы болып келе жатыр.
Ұлтымыздың болмысын сақтап қалу үшін аса маңызды миссияны атқарып жүрген бұл ұйымның жұмысына облыс көлеміндегі белсенді, өнерлі, білімді, сан саладағы еңбегімен елге сыйлы болған, өрелі ұл-қыз өсіріп, үлкен әулеттің киесіне айналып отырған абзал әжелер мен аналар тартылып, өмір өнегесін дарытуда.
«Әжелер алқасы» құрылғаннан бергі бір жыл ішінде көптеген танымдық-тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыруда.
Биылғы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратындығына және оларды мемлекет әрдайым қолдайтындығына баса назар аударып, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл ең алдымен үлкендердің кінәсі екендігін айтқан болатын.
Сондықтан біздер де ұрпақ тәрбиесіне ерекше алаңдап, қолымыздан келген үлесімізді қосамыз деп атап өтті жиынға қатысушылар.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Салахатдинұлының қолдауымен осы бастамаға «Аялы әже» мәртебесін беріп, «Әжелер алқасының жұмысын жандандырудамыз. Біз осы «Аялы әже» деп атаған мүсін-таңбамызды Қостанайда өткен форумда қабылдаған едік, енді Батыс Қазақстан облысына табыстаймыз. Біз игі бастама еліміздің барлық өңірлерінде сәтті жалғасады деп сенім білдіремін,деп атап өтті Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Шаңғұтов.
Форум аясында ұрпақ тәрбиесінде ерен еңбек етіп келе жатқан аяулы әжелерімізге арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Форум қорытындысы бойынша арнайы үндеу қабылданды.
Үндеуді Ақтөбе қаласы Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы Бәтима Кенжебаева көпшілікке таныстырды.
«Ақтөбе жеріндегі форумға қатысу біз үшін үлкен мәртебе, бұл аға ұрпаққа құрмет пен жастарға ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға арналған маңызды шара. Ақтөбе жерінде ерекше жақсы ұйымдастырылған. Біз де бұл шараны өзімізде өткіземіз», - деді Батыс Қазақстан облыстыцқ ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген.
Мерекелік шарада облыстық филармония мен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр әртістері, қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Атамекен-Асылым» халықтық ансамблі салтанатты шарада өнер көрсетті.
Форум аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Мақсот Берген
БҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы