8.11.2017, 16:11
Оқылды: 78

Ақтөбеде Бөкенбай батырға ескерткіш орнатылады

Ақтөбеде «Сындарлы заман тұлғасы: қазақтың Бас сардары Бөкенбай батыр Қарабатырұлының өмірі мен ерлік жолдары» атты аймақтық ғылыми-теориялық конференция өтті. Тарихи-танымдық шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды.

Шараға еліміздің Алматы, Астана, Маңғыстау, Атырау, Орал, Шымкент, Қарағанды және Ресейдің Мәскеу мен Орынбор қалаларынан 500 ден аса делегат қатысты. Олардың қатарында белгілі жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры Смағұл Елубай, М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университетінің проректоры Сергей Горшенин, Қазақ-Америка университетінің профессоры Самат Өтениязов, ҚР Білім және Ғылым Министірлігінің Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Нұржан Жетпісбай, филология ғылымдарының докторы Алпысбай Мусаев, өлкетанушы, Бөкенбай батырдың өмірі мен ерлігін зерттеуші Жақсат Қарлығашев, «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы Нұртас Сафуллин, тарих ғылымдарының кандидаты Зәкратдин Байдосов, танымал жазушы-тарихшы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің профессоры Ирина Ерофеевалар бар.

Конференцияда Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары және зерттеушілері бас қосып, сөз сөйледі.  Қазақстан Ғылым академиясының жетекші ғылыми қызметкері, қазақ хандарының өмірбаянын зерттеуші Ирина Ерофееваның жаңа жарық көрген Бөкенбай Қарабатырұлының өмірі мен ерлігіне арналған «Рыцарь - звания чести» атты кітабының тұсауы кесілді. Тарихшы-ғалымның айтуынша, батырдың өмірбаянын зерттеу барысында ол біраз қиындыққа тап болған. Ертедегі жазбаша мәліметтер жоқтың қасы. Десе де қолда бар нақты деректерге сүйене отырып, осы кітапты жазып шығару үшін біраз тер төккен.  «Аты аңызға айналған Әбілқайыр ханның сенімді серігі және қолбасшысы болған Бөкенбай батыр қазақ жеріне қаншама қасірет әкелген, күллі ұлтты жоя жаздаған жоңғар шабуылдарының жылдарында қазақты бірігуге шақырды», - деді Ирина Ерофеева.

Танымал жазушы Смағұл Елубай тарихи деректерге әдеби-шығармашылық тұрғысынан сипаттама беріп, нақты деректер келтірді. Оның айтуынша, тарихта азаттық үшін күрес жолында жанын құрбан еткен Бөкенбай Қарабатырұлы 1726-1729 жылдардағы Бұланты, Бөленті, Аңырақай, Қалмаққырылған, т.б. соғыстарда жоңғарларға қарсы қол бастаған даңқты қолбасшы, айбынды саясаткер ретінде халықтың есінде сақталып қалды.

Әсіресе, 18-ші ғасырдың басындағы қазақ халқының басына төнген қауіпті айтпай кетуге болмайды. Ержүрек батырлар мен хандар дұрыс шешім қабылдамаған жағдайда, халықтың жойылып кетуі бек мүмкін еді. 1640 жылы құрылған жоңғар хандығы алдына шыңғыс империясын жаңғырту туралы ант қабылданып, әскери дайындыққа кіріскен соң қазақтың дұшпаны бірден шабуылға көшеді. 1710 жылы Дүрбін-Ойрат тарапынан қатер төнгенін байқаған Тәуке хан Арал теңізінің солтүстігінде өткен Қарақұмда бүкіл Қазақ Ордасының құрылтайын шақырады. Сол құрылтайда қалмақ басқыншыларына қарсы күрес жүргізу үшін біріккен қазақ әскерінің Бас қолбасшысы болып Бөкенбай Қарабатырұлы сайланады. Қазақ Ордасының тарихында тұңғыш рет ұлыс тағдыры хан мен сұлтанға емес, қара қылыш батырға сеніп тапсырылған еді. Сол қанды қырғында Бөкенбай бастаған қазақ әскері жеңіске жетеді. Мұның өзі қазақ даласындағы ашықтық, демократия үлгісі еді…

«Ең бастысы біз мынаны есте сақтауымыз керек. Әбілқайыр хан қазақ халқының жойылып кетуі мүмкін екендігін сезінген соң, қолында қаруы бар құдіретті мемлекетпен дос болуға мәжбүр болды. Яғни, қазақ жер басып жүру үшін Ресеймен қосылуға қол қойды. Бұл Әбілқайыр ханның трагедиясы еді, амалының жоқтығынан осындай қадамға барды. Соның арқасында қазақ деген халық аман қалды. Әрине, Әбілқайыр ханның алдында таңдау тұрды. Ол басқа мемлекетті өзіне аға етуі мүмкін еді, мысалы Қытай елін. Алайда Әбілқайыр хан өркениеттің Еуропада басталғанын көріп тұрып, сонда бет бұрды, яғни білім, ғылым, қолында қаруы бар елмен бірге өмір сүру жолын таңдады. Бұл ретте Әбілқайыр хан Бөкенбай Қарабатырұлына арқа сүйеді және ол қателескен жоқ. Бұл туралы жазушы Әбіш Кекілбаевтың өзі жазып кеткен еді», - деді жазушы Смағұл Елубай.

«Ақтабан шұбырындыда қазақ әскерінің жеңілу себебінің бірі - отты қарудың жоқтығы болды. Екінші себебі де жоқ емес. 1718 жылы Тәуке хан өмірден озған соң, бір орталыққа бағынатын мемлекет әлсіреді. Қазақтың бірлігі мен тірлігі кетті, әскері әлсіреді. Мұны естіген біздің ата жауымыз алты жерден ауыз салды. Шығыстан жоңғар қалмақтары, Солтүстік батыстан башқұрт әскері, Волга қалмақтары және Жайық казактары да шабуыл жасады. Бұлар орыстың қаруымен мықтап қаруланып барып қазақты қыруға бел буды. Бұған қоса оңтүстікте түркімендер жасаған шабуыл мен Хиуа хандығын да айтуға болады. Осылайша бірлік жоғалып, қаншама арысымыздан айырылдық. Сондықтан да, кез-келген жағдайда жауға тойтарыс беру үшін, алдымен бірлік қажет. Бірлік бар жерде тірлік бар екенін ұмытпауымыз керек» деп сөзін қорытындылады Смағұл Елубай.

Конференцияда ақтөбелік сазгер Орал Байсеңгір ақын Жақсылық Айжанның сөзіне жазылған «Әбілқайыр, Бөкенбай» әнін орындаса, маңғыстаулық Жақсыбек Елубайұлы «Бөкенбай батыр» атты толғауын жырлады.

Шарадан соң жиналған қауым Бөкенбай батыр көшесіндегі батыр ескерткіші орнатылатын жерде салтанатты митинг өткізді. Ақтөбе облысы мәслихатының хатшысы Сәния Қалдығұлова, жазушы-драматург Смағұл Елубай, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Сапар Сағынтаев, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілекқабыл Имашев, «ALASH PARIZI» қоғамдық қорының директоры Серік Әбілжанов тілектерін білдіріп, конференция делегаттары атынан болашақ ұрпаққа ескерткіш үндеу-капсуласын салды.

Бөкенбай батырға ескерткіш орнату түрлі себептермен үнемі кейінге шегеріліп келген. Қазіргі облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тікелей араласуымен ғана халықтың бұл жолғы өтініші ескерілді. Осылайша, елдің жанашыр азаматтарының арқасында қазақтың даңқты батырының биіктігі 14 метрлік ескерткіші бой көтеретін күн алыс емес.

Нұрбол Оқуов,

Ақтау қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале