23.01.2024, 10:30
Оқылды: 37

Ақтоғай орманы қалай аман қалды?

Ақсуат халқы ауыл іргесін қазуға қарсы шықты

Жергілікті тұрғындар, экобелсенділер мен кәсіпкер арасындағы бірнеше жылға созылған орман дауы 2020 жылы басталды. Сол жылдың 10 тамызында БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына «Авуар-company» ЖШС-нан мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүргізуге «ҚР Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Ақсуат қиыршық-құм қоспасының бір бөлігін игеруге арналған Тау-кен жұмысының жоспары» атты өтінім түседі. Басқарма қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысымен бір мезгілде береді. Рұқсат 10 жылға, 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2030 жылдың 31 желтоқсанына дейін беріледі.

Актогай (1)

Ақсуат ауылының тұрғындары бірнеше рет мәселеге қатысты жиналыс өткізді. Оған тілшілерді шақырды. Жиында түсінгеніміз – ауыл халқымен ашық қоғамдық тыңдау өтпеген.

Жиында «Авуар-company» ЖШС өкілі пандемияға байланысты қоғамдық тыңдалым жасамағанын, үйді аралап сауалнама жүргізгенін айтты. Алайда жиынға қатысқан ақсуаттықтар үйлеріне ешкім келмегенін айтып, сырттарынан шешім қабылданғанына наразылық білдірді. Тіпті жасыл желек аумағында ауыл тұрғындарына да шаруашылықпен айналысуына тыйым салынып, қатаң қорғалып отырған орманның карьерге айналуына қалай рұқсат берілгеніне ақсуаттықтар таңғалды. Тұрғындар 2008 жылдан бері ауыл іргесінде бір карьер жұмыс істеп тұрғанын, тағы бірнеше карьер пайда болса, ауыр жүк көліктерінің шаңы араласқан ауаны жұту зиян екенін, ауыл малына жайылым қалмайтынын алға тартты. «Сіздер пайда табасыздар да кетесіздер. Бұл жерде қалатын біз және ұрпағымыз» деді ауыл тұрғыны Яков Кенжебаев.

Актогай (2)

Шілде айында Ақтоғай орманына «Медиа білім» қоры пресс-тур өткізіп, оған қатысқан облыстық, республикалық БАҚ тілшілері жағдаймен кеңірек танысып, сараптама мақалалар жазылды. Мәселе телеарналардан көрсетілді.

Экобелсенділердің жанкештілігі

Артур Мергенов есімді азамат «16 гектар орманды кесіп тастайын деп жатыр» деп экология жанашырларына хабарласады. Оның сөзінше, орман шаруашылығының басшысы сол жерді карьерге бермегені үшін қызметінен кеткен. Ол сотпен қызметін қалпына келтіріп, кейіннен өз еркімен жұмыс орнынан босаған.

А. Мергенов орманның оталайын деп тұрғанын Оралға келген сол кездегі Экология министрі Серікқали Брекешевтің қабылдауында айтқанда естіп, жағдайға қанық болғанбыз. Экс-министр: «жақында «Жайық орманы» резерваты құрылады. Мына орман резерват құрамына кіреді, сонда оны отауға ешкімге рұқсат берілмейді» деп жауап берген болатын.

Кейін анықтағанымыздай, «Жайық орманы» мемлекеттік табиғи резерватын құру мақсатында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 17 қарашадағы жерлерді резервке қою жөнінде №240 қаулысы шықты. Резерват жерінің көлемі 46 969 гектарды құрайды, оның ішінде Бөрлі КММ (22 700,0 гектар), Орал КММ (6,0 гектар) және Январцев КММ (24 263,0 га) мемлекеттік орман қорының жерлері кіреді. Ал Орал КММ-ның 22 мың гектар орманының тек 6 гектары резервке кірген де, карьерге айналғалы тұрған Ақтоғай орманы резерват аумағына кірмейтін болып шығады.

Дауренбек Сахым

Тағдыры қыл үстінде тұрған Ақтоғай орманы мәселесімен «Телегей» қоғамдық бірлестігі айналыса бастады. Аталған ұйымның басшысы, экобелсенді Дәуренбек Сахымның (суретте) айтуынша, Артур Мергенов тек «Авуар-company-мен» «соғысып» жүр десек, одан бөлек тағы екі компания сол жерден карьер қазуға рұқсат алған болып шығады.

– Кен орнына рұқсат құжаттарында Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының келісімі жоқ екені анықталды. Халықпен қоғамдық тыңдау өткізбеген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум өткізіп, Конституцияның 6-бабы «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп өзгертілді. Бұрын мемлекет меншігіне саналатын. Сол себепті қоғамдық тыңдаулар міндетті. Ақсуат халқымен бірнеше рет кездесу өткізілді. Тұрғындар ұжымдық арыз жазды. Тіпті ауылдағы жеке қожалық иелері де карьер қазғысы келетін компанияға өз жерлерімен ауыр жүк көліктерін жүргізуге рұқсат бермеді, – деді экобелсенді Дәуренбек Сахым.

Экология жанашыры Ақтоғай мәселесі жайлы Президент әкімшілігіне хат жазады. Дәуренбек Қалапбергенұлы жаңа Парламент жасақталғанда депутаттар Абзал Құспан, Снежанна Имашеваға мәселені жеткізіп, Мұрат Әбенов, Еділ Жаңбыршиндермен онлайн кездесу өткізеді. Депутаттар бас прокуратураға сұраныс жолдайды. Сөйтіп, мәселемен облыс прокуратурасы айналыса бастайды.

Құжаттың күші сотпен жойылды

Былтырғы шілде айында облыс прокуратурасының ұсынысымен экология департаменті осы карьерге қатысты құжаттарды талдау барысында бірқатар заңсыздықты анықтайды.

- Сарапшы берген қорытындыда тек атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттар мен қалдықтар мәселесі көрсетілген. Ал кен орнының қоршаған ортаның басқа компоненттеріне әсері назардан тыс қалған. Өсімдіктер мен жануарлар әлемі, су ресурстары, жер жамылғысы, жер қойнауына қарамаған. Ал аталған кен орны – күл жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың екпелері өсетін мемлекеттік орман қоры аумағына жатады.

Облыс әкімінің тапсырмасымен БҚО бойынша экология департаменті, жер қатынастары басқармасы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және орман шаруашылығы мен жануар дүниесі аумақтық инспекциясы өкілдерінен тұратын комиссия барып қарады. Ол жерге құм-қиыршықтас қоспасын тасымалдайтын ірі көлемді техникалар орман арқылы кіріп шығатын болады. Бірақ аутотехниканың тасымалдау схемасы жобада қарастырылмаған. Комиссия орман ішімен жүретін жолды кеңейту қажет болатынын анықтады. Ал бұл жобада көзделмеген қылқан жапырақты ағаштарды кесуге әкеліп соғады, – дейді БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев (суретте).

Мұрат Ермекқалиев AZH.KZ сайтынан

Фото: azh.kz

Мұрат Шыманғалиұлының айтуынша, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығының» Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына жолдаған хатында балыққа келетін зияны көрсетілген. Ол хатта көктемгі су тасқыны кезінде кен орнының бір бөлігін су басатыны, құм-қиыршықтас қоспасын игеру кезінде өзендегі жем базасы жоғалып, уылдырық шашуын нашарлатып, Жайықтың балық қорына зиян келтіретіні айтылады.

– Сөйтіп, бұрын «Авуар-company», «Земпром», «ЕвразҚұрылысқа» берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын және экологиялық рұқсаттарын жою туралы ұсыныс бердік. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы сот арқылы талап-арыз беріп, сот берілген құжаттарды қайтарып, күшін жою туралы шешім қабылдады, – дейді Мұрат Ермекқалиев.

Үш компанияның өкілдері апелляциялық сотқа береді. Бір апта бұрын апелляцияны облыстық сот алқасы қарап, мамандандырылған экономикалық соттың бұрынғы шешімі өз күшінде қалған. Яғни орманды отап кен орнына айналдыру жайлы бұрынғы рұқсаттары сот шешімімен күшін жойды.

Осылайша экологияға бейжай қарай алмайтын белсенді азаматтар араласпағанда мемлекеттік орман шаруашылығы қорындағы біраз жер Ақсуат және Қарабек кен орнына айналуға сәл-ақ қалды. Атап өтсек, жалпы 34,7 гектар жер – «Авуар-company» ЖШС-на берілмек болған 16,22 гектар, «ЕвразҚұрылыс» ЖШС-на бөлінген 11,695 гектар, «Земпром» ЖК-ға берілетін 6,8 гектар жерқиыршық-құм кен орнына айналып, қазылудан аман қалды.

Ақсуаттықтар жайқалған орманды отамай-ақ, Батыс Қазақстан облысындағы 69 қиыршық-құм кен орны жеткілікті екенін айтып шыр-пыр болған еді. Ол карьерлердің жартысы жұмыс істемей қалғанын ескерсек, өңірде құмға тапшылық жоқ сияқты. Облыстың бас экологі Мұрат Ермекқалиев Жайық өзенінің бүгінгі жағдайын ескере отырып, мынадай экологиялық рұқсаттарды әзірге тоқтату керек деп санайды.

Қалай десек те, орманды қорғау үшін үш жылға созылған дау-дамай кәсіпкерлерге де, оларға рұқсат берген мекемелерге де үлкен сабақ, экобелсенділерге оң тәжірибе болды. Келешекте табиғат қойнауына қол саларда жергілікті тұрғындардың пікірін, қоршаған ортаға келетін залалды толық ескермей, экологиялық рұқсат берілмейді деп сенеміз.

Нұрлыбек Рахманов,

«Жайық Пресс» медиахолдингі

бас директорының орынбасары

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале