5.02.2021, 17:17
Оқылды: 58

Ақың кетсе де, хақың кетпесін...

 

Осындай нақыл қалдырған елдің баласымыз.
«Ар-ождан, қара бастың қасиеті, яғни адамның өмірдегі бәсі мен бағасы бәрінен жоғары тұруы тиіс» деген тұжырым бұл. Қазіргі біз өмір сүріп  жатқан қоғамның да басты мүддесі осы. Құқықтық мемлекет құрып, тәуелсіздік жолымен жүріп келе жатқан елдердің біріміз деп  есептейміз өзімізді. Қаншалықты өндіріп, қаншалықты дұрыс келе жатқанымызды уақыт сараптар, десе де кей тұстарда тоқтап, оң-солымызды  бағдарлап алғанның зияны жоқ. Келісесіз ғой?

 құқ

Сонымен, осы біз құқықтық мемлекеттің лайықты азаматымыз ба? Өз құқығымызды білеміз бе? Білсек, қандай дәрежеде? Білмесек, неге?

Сонау бір жылы өкімет мұғалімдердің толық жүктемеге есептелетін 16 сағат санын 18-ге көбейтіп, сәйкесінше жалақысын азайтып, ол аз болғандай, дәптер тексеру, сыныпқа жетекші болу сияқты қосымшаларды кесті де тастады. Әрине, кім қуансын мұндайға? Ұстаздар өкпелі. Қабақтары қарс жабылған. Екі-үш кісінің басы қосылса, айтатындары сол. Күбір-күбір әңгіме. Бір кезде «Соңғы сабақ болмайды, балаларды таратып, мұғалімдер мәжіліс залына жиналысқа келсін» деген хабар жетті.

Жиналыс басталды. Жұбату, сабырға шақыру, жағдайды түсіндіру бағытында бір нәрсе күтіп отырмын өз басым. Жоқ. Директорымыз алды да ұрысты. «Тәрбие жұмысы, соның ішінде адамгершілік тәрбиесі бетімен кеткен бұл жүйеде, білім жүйесінде» деп бастады сөзін. Айтып-айтып келіп, «Ақшамыз азайып қалды деп кейіп отырсыңдар ма енді? Кімге ренжисіңдер? Бұл – біздің кінәміз. Өз жемісіміз. Сол үкімет басындағы адамды да, мейлі, ол біздің шәкіртіміз болмай-ақ қойсын, оқытып шығарған біз сияқты мұғалімдер. Жалпы, қоғамдағы жақсылыққа да, жамандыққа да ұстаз ортақ.
Білім де, тәлім де, тәрбие де мектептен. Не ектік, соны орып жатырмыз» деп түйді сөзін. Ұрсу арқылы  жұбату деген осы екен. Қатайып, бекіп шыққандай  болдық сол жиналыстан.

Мұны неге айтып отырмын? Қоғамымызда күнделікті өмірде жиі орын алып жататын құқықтық бұрмалаушылық, заңсыздықтарды құлағым шалған сайын, сол бір жиналыс ойыма орала береді. «Қай жерден мәкілік кетіп жатыр екен? Нені дұрыс атқармай қалдық? Құқығын  шала білетін, тіпті білмейтіндер тым көп емес пе?» деген сауалдар жиі мазалайды. Өзінің конституциялық құқына да ие бола алмау заң білмеушіліктен шығады. Салдары осы, себебі қандай?  Аз-кем қарастырып көрелік.

Менің алдымда мектеп оқулықтары жатыр. «Құқық негіздері» 9, 10, 11-сыныптарға арналған, жаңартылған оқу бағдарламасына лайықталып құрастырылған кітаптар. Жоспар бойынша  9-сыныпта аптасына 2 сағаттан, оқу жылы бойына барлығы 68 сағат құқықтық дәрістер беріледі екен. Ішінде бәрі бар. Мемлекеттік, конституциялық, азаматтық құқықтардан бастап, еңбек құқығы, отбасы құқығы, әкімшілік құқық, қылмыстық құқық түгел қамтылған. Түсінікті қылып, тұжырып берген. Мынаның бәрін меңгеріп алса, балаларымыз мектеп қабырғасында жүріп-ақ  заңмен біршама  қаруланып шығатын шамасы бар.

10-сынып оқулықтары жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық бағытта білім алатын топтарға деп бөлек-бөлек  жасақталған. Гуманитарлық бағытқа екі бөлімнен екі кітап, жаратылыстану бағытына бір кітап бойынша құқық негіздерінен білім беріледі. Тиісінше, сағат санында айырмашылық бар. Гуманитарлық бағытта оқитын оқушыларға аптасына 3 сағат, жаратылыстану бағытындағыларға аптасына 1 сағат. 11-сыныпта да тап осылай. Бұл жерде «Сағат санын аз яки көп» деп болмаса, «Не себепті  білім көлемі екі түрлі, құқықтық сауаттылық қай-қайсысына да керек  емес пе?» деген тақырып өз алдына бөлек әңгіме. Онсыз да  сықап тұрған сабақ кестелерінен, бірдеңе деуге жоқ. Бірақ осы оқулықтардағы құқықтық мемлекеттің әрбір азаматы білуге тиісті  заңнамалық  білім негіздерін балаға толыққанды жеткізіп, түсіндіріп үлгеру мәселелері туралы үнсіз отыруға хақымыз жоқ.  Бұл пәннің оқытылуын қадағалау, жетілдірудің қандай тәсілдері, ұйымдастыру тетіктері барын  мектеп директорлары, олардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары да жақсы біледі. Оны ежелеп айтып  берудің бұл жерде қажеті де жоқ. Құқықтық мемлекетте тең дәрежелі һәм  еркін өмір сүремін деген адам өз құқығын  білуге де, қорғай алуға да тиіс. Ал өз құқығын құрметтете білген адам өзгенің құқығына да қол сұқпайды.

Ата-аналар осы пәннің сапалы оқытылуына, осы оқулықтардың ішінде жүйелеп берілген білім дәнін баласының шашауын шығармай, теріп алуына бас-көз болса, тіпті өздері де қалт еткенде қосылып, бірге оқи жүрсе, артық болмас еді. Ақысын жіберсе де,  хақысын жібермеудің жолдарын, ненің заңды, ненің заңсыз екенін жатқа білсе зиян ба? Қоғам осылай жетілмей ме? Жастай санаға құйылған білім жадтан өшпейді. Рас, ҰБТ-ға «Құқық негіздері» пәнінен сұрақтар енгізілмейді, профильдік бағыттағы үміткерлер ғана тапсыруға міндетті. Бірақ солай екен деп тізгінді бос жіберуге мүлдем болмайды. Себебі бұл пән бойынша ҰБТ-ны өмірдің өзіне тапсырады балалар. Соны ұмытпасақ екен.

 

Дариға Мұштанова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале