25.01.2024, 12:15
Оқылды: 66

Ақынның құрметіне ескерткіш тұрғызу керек

Жуырда «БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лавр Хайретдиновпен кездесіп, ақын Қайрат Жұмағалиев жөнінде біраз мағлұмат алдым. Ол ақынның құрметіне ескерткіш тұрғызу керектігін алға тартты. Қайрат Жұмағалиевтің жанұясы 1952 жылы әскери полигонға байланысты депортацияға ұшырап, Оңтүстік Қазақстанға көшірілген. Оның өмірінің көп бөлігі туған жерінен жырақта өтті. Ақынның о дүниелік болғанына да он жылдың жүзі болды.

b366e113-a95e-42e0-adfe-9d08129bdffa

– Қайрат ағамыз өмірінің соңғы жылдары сол кезде өңір басшысы болған Бақтықожа Ізмұхамбетовтың қолдауымен Ақ Жайық өңіріне оралды. Қайрат Жұмағалиевке және анасы Жаңылғаным Өкенқызына арналған композициялық ескерткіш орнатуды ұсынып жүргеніме біраз уақыт болды. Композициялық ескерткіш идеясының авторы – Қазақстанға танымал мұнайшы, марқұм Мұрат Құрманов. Жалпы ескерткіштің сызбасы дайын. Сызбада орындықта отырған ана және оның қасында тұрған ақын бейнеленген. Жоба сызбасын ермексаздан жасаған белгілі мүсінші, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері – Бағытжан Әбішев. Бұл ескерткішті отбасы бақытының символы ретінде қоюға болады. Осы ұсынысты «Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің атынан облыс әкімі Нариман Төреғалиевке жаздық. Себебі «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген классикалық өлең жолдарының авторы ұмыт қалмауы тиіс. Ақынға арналған мүшәйралар, әдеби байқаулар, ғылыми-танымдық конференциялар жиі өтуі керек деп есептеймін. Қаламгердің мол мұрасын жинақтап, бірнеше том етіп қайта басу – кезек күттірмейтін шаруа. Бөкей ордасы ауданының құрамындағы Бисен ауылында салынып жатқан мәдениет үйіне ақынның атын беру жөнінде ұсыныс айттық. Елін, жерін асқан сүйіспеншілікпен жырлаған, туған жерінде қызмет еткен тұлғаның еңбегі ескерусіз қалмаса екен, – дейді Лавр Рашидұлы.

Осы уақытта дейін ақын есімін ұлықтау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, облыс орталығындағы «Жайық Пресс» медиахолдингіне ақынның осы мекемеде қызмет істегенін айғақтайтын ескерткіш-тақта орнатылған. Орал қаласындағы көшеге аты берілген. Ескерткіш-тақта сол көшеде де бар. Белгілі қаламгер құрметіне Назарбаев даңғылы мен Қайрат Жұмағалиев көшесінің қиылысына пано орнатылса, Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылына бюсі қойылған. Ақынды насихаттауға өңіріміздегі кітапханалар, мектептер, жоғары оқу орындары атсалысуда. Оқушылар өлеңдерін жатқа оқыса, студенттер туындылары туралы дипломдық, курстық жұмыстар орындап жүр. Лавр Хайретдиновтың осы игі шаруалардың басы-қасында жүргенін айта кеткен жөн.

– Мен, әрине, ағамыздың шығармашылығы жайлы сөз қозғайтын қаламгер емеспін. Десе де, тұлғалық болмысы, ерекше қасиеттері жөнінде айта аламын. Себебі мен онымен талай рет кездестім, талай мәрте үйіме шақырып, құрмет көрсеттім. Ұйымдастырған іс-шараларымызға қатысты. Ол мені «Алып тұлға байсалдым...» деп еркелететін. Қайрат ағамыз әлем әдебиетін, соның ішінде грек аңыздарын көп оқыды. Атақ-марапатқа ұмтылған жоқ. Балаларға арнап өлең жазды, аудармашылықпен айналысты. Көптеген кітабы жарық көріп, шығармалары өзге тілдерге аударылды. Ол әлем әдебиеті классиктерінің біразын қазақ тіліне тәржімалады. Қайрат аға: «Антей деген батыр болған. Сол жөніндегі аңызды мен қазақ тіліне аудардым. Антей – жауырыны жерге тимеген палуан. Оның сыры неде десеңіз, жеңіліп көрмеген батыр күшті туған жерінен алады екен. Табаны туған жеріне тигенде оның бойына әл-қуат даритын көрінеді. Ақыры Антейді аяғын жерге тигізбей өлтірген. Мен де сол Антей сияқтымын... Елге келсем, күш жинаймын» дейтін... Көзі тірісінде:

«Сені көрсе жұрттың көңілі жайланар,

Сені көріп, ойсыздар да ойланар.

Елдің қамын, жердің қамын ойлайтын,

Дәл өзіңдей қамқор басшы қайда бар?!» деп қолтаңба жазып, «Жарық дүние» кітабын сыйға тартқан болатын. Уақыттың қадірі туралы көп айтушы еді, – дейді Лавр Рашидұлы.

Айта кетейік, Қайрат Жұмағалиев 1937 жылы 16 қыркүйекте Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты Жиекқұм елді мекенінің Бесқұдық деген жерінде дүниеге келген. 1959 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген. «Жазушы» баспасында, Қазақтелерадио комитетінде, «Сарыарқа» журналында, ҚР Парламенті Сенатында, «Мәдени мұра» журналында жұмыс істеген. Ол 2013 жылы 17 желтоқсан күні мәңгілік сапарға аттанып, Алматыдағы Кеңсайда жерленді.

6d7fca2d-d97a-4108-9767-1de603ee5ed6

Ғайса-Ғали Сейтақ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Жұмағалиев Қайрат ағамен елге келгеннен кейін етене араластық. Қайрекең «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллиннің кеңесшісі ретінде сол кездегі жиналыстарда пікірін білдіріп, ақылын айтатын. Мерекелік жиындарға қатысатын. «Жайық Пресс» медиахолдингінде танымал ақынның 75 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтілді. Қайрекең Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалы мүшелерімен де қоян-қолтық араласты. Соның ішінде біздің де отбасымыз бар. Ол кісіге мейрамдарда сәлем беріп барып тұратын едік. Сондай-ақ үйімізден дәм татып, анамды ерекше құрметтеп, «шешем» деп, қасына отырып, құшақтап, шашынан иіскейтін. Келіндеріне: «Мен қазір анамды сағынып жүрмін, бұл кісіні барында қадірлеңдер!» дейтін еді.

Ағамызды ең соңғы рет 2013 жылы 16 қыркүйекте көрдік. Ауруханада жатқан кезде көңілін сұрай бардық. Емделіп жатқанына қарамастан, баяғыша ақжарқын қалпынан айнымай, ақтарылып әңгімесін айтты. Өкінішке қарай, бұл біздің соңғы кездесуіміз екенін білген жоқпыз. Кейін ол кісі Алматыға емделуге кетті. Сол жылы желтоқсанның 18-інде болуы керек, суық хабар жетті. Ағамыздың жары София жеңгей де ғажап адам-ды. Келген қонақтарына қабағын шытпай, тамағын әзірлеп жүретін. Ол кісінің Қайрекең мен оның анасын сыйлаудағы ілтипатында, жалпы, сыпайыгершілігінде шек жоқ еді.

00f072c7-4c5d-47a8-a29d-94e6a971d550

Ақмарал Қайратқызы:

– Әкемнің көптеген жыр-жинағы бар. Ол әлем әдебиеті өкілдерінің туындыларын қазақ тіліне аударды. Қырғыздың «Манасын», Гомердің «Илиадасын», А. Дюманың «Граф Монте-Кристо» романын қазақшалады. Ол жеті перзентінің әрқайсысына бөлек-бөлек «Бесік жырын» жазды. Өте еңбекқор жан еді. Анасы айтпақшы, «ақ саусағы майысып, көзінің майын тауысып» күні-түні жалықпастан жұмыс істеп отыратын. Әкем анасын алақанына салып, жағдайын жасап, той-томалақтың төрінен орын берді. Ол – жан жары Софияны құрметтеп, еркелеткен азамат, асқар тау әке. Оның өмірі, еңбегі – ұрпағына үлгі-өнеге. Балалары есейді, теңін тауып, шаңырақ көтерді. Немерелері, шөберелері өсіп жатыр.

6282ab0a-6399-4a66-9907-32212d37f428

Айша Қайратқызы:

– Әкем біздің кітап оқуға деген қызығушылығымызды оятты. Кітапты сыйлауды, яғни оқыған кезде міндетті түрде кітаптың сыртын қаптауды, ішін қаламмен сызбай, оқып аяқтағаннан кейін орнына қоюды үйретті. Біз кітапты осындай ережемен парақтауға дағдыландық. Үйдегі әкемнің өмір бойы жинаған кітаптары, жеке кітапханасы біз үшін ғаламтор секілді еді. Сол жеке кітапханадан түрлі жанрдағы әдеби туындыларды тауып, әлем әдебиеті классиктерінің шығармашылығымен таныстық. Әкем адамның ішкі мәдениетінің жоғары болуы керектігін жиі айтып отыратын. Қазіргі таңда техника-технология қарыштап дамып келеді. Смартфондар арқылы іздегенімізді тез тауып, қалағанымызға оңай қол жеткізіп жүрміз. Дегенмен, кітап сыйлайтын рухани азықты, рухани демалысты ешбір гаджеттен таппайтынымыз ақиқат.

 

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале