24.11.2021, 9:10
Оқылды: 204

Ақырзаманнан арашалайтын шығарма һәм адамдықты жоқтаған ақын

 (Қадыр Мырза Әлидің «Қызыл кітап» поэмасы жөнінде)

Биылғы қараша айының басында Шотландияның астанасы Глазгода жаһандық жылыну мәселесі бойынша БҰҰ конференциясының XXVI сессиясы өткендігі көзі қарақты көпке аян. Әлемнің 100-ден астам елінен өкілдер келіп, ғалам мемлекеттерінің көшбасшылары қатысқан жиында жаһандық жылыну үдерісін тежеу мәселесі талқыланды. Соңғы 1,5 ғасырда Жердің орташа температурасы 1,1 градусқа жылыған екен. Жаһандық жылыну көрсеткіші уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Ғалымдар егер ғаламшардың орташа температурасы 3 градусқа көтерілсе, табиғи апаттардың саны күрт көбейеді деседі. Ал 4 градусқа жоғарыласа, Арктикадағы сірескен мұздардың басым бөлігі еріп, мұхит суының деңгейі тым көтеріледі де, аралдағы немесе материктер шетіндегі көптеген қала су түбіне кетеді. Осының алдын алу үшін мамандар жаһандық жылынуды 1,5-2 градустан асырмау керек екенін айтады. Ол үшін атмосфераға парниктік газдарды шығаруды дәл қазір тежеу, ал уақыт өте келе мүлдем тоқтату қажет. Жаһан державалары басшыларының сөзінше, «Адамзат өзінің көрін өзі қазып жатыр». Демек, экология мәселесі әбден ушыққан. Тиісті шара қабылдауды бүгін бастамасақ, ертең кеш қаламыз. Су тасқыны, халықтардың жаппай қауіпсіз жерге көшіп-босуы мен аштық қаупі төніп тұр.

7AC11F8D-EE4A-4D00-9275-6E7478756978

 

Қазақ ақыны Жұматай Жақыпбаевтың:

Жетпеспін сонау арманға,

Жеткенмен менде құдірет.

Ақынның тілін алған ба,

Ақымақ әлем бір рет?
деп налығаны бар. Расында да, адамзат өз арасынан шыққан ойшылдар мен естілердің сөзіне бүгін-ертең құлақ аспаса, бүрсікүні кеш болады!

Экологиялық апаттардың салдарынан адам баласы өзі де құрдымға кетуі әбден ықтимал екенін жырымен ескерткен қазақ ақындарының бірі – Қадыр Мырза Әли. Оның өткен ғасырдың екінші жартысында жазған «Қызыл кітап» поэмасы – сөзімізге дәлел. Бұл шығарма 10 бөлімнен тұрады. Поэмасын «Мылтық көрсем, төрлерден іліп қойған, Менің мазам кетеді күдікті ойдан» деп бастаған ақынның жан-жүрегінің нәзіктігін, сезімталдығын танимыз. Өйткені шайырдың жан-жануарға жаны ашығаны соншалық, киім ілгіш көзіне бұғылардың мүйізі, ал терезеге тұтқан шілтер құстарға құрылған тор болып көрінеді. Әлдекім жастықты шынтақтаса, аққу-қазды жаныштап жатқандай елестейді. Сондай-ақ кей көлдердің тартылып, шалшыққа айналғаны, кей ормандардың оталып, жер бетінен біржола ғайып болғаны ақынның жанын жегідей жеп, жүйкесін жүндей түтеді. Адам баласының жер бетіндегі ойраны үшін ақын Табиғат-анадан ұялып, ғафу өтінеді, күллі адамзаттың атынан кешірім сұрайды. Одан әрі шайыр тірілердің қадірін білу үшін бір мезет өлгендерді еске алуға шақырып, жер бетінен жойылып кеткен мамонт, онагр, дронт, кваго, тарпаң, қазақы жүндес керік, Тұран жолбарысы және тағы басқа жануарлар мен аң-құстарды жоқтап, күңіренеді. Енді олардың қаңқаларын тек музейден, ал суреттерін тек энциклопедиялардан ғана көретінімізге күйінеді. Сезімтал ақын табиғаттың да нала-мұңын жүрегінен өткеріп, Жер-ана опат болған перзенттерін жоқтап, солқ-солқ етіп жылап жатқанын жырға қосады. Әттең, бірақ мұндай ащы зарды дүниені астаң-кестең қылып, бүлдіріп жатқан тасжүректер мен тасырлар түйсінбейді.

Жылататын жайттар бар

жырдан да өзге,

Қырдан безбе, бауырым,

Нұрдан безбе!

Мамонттарды ел болып

жоқтау керек

Мамонттарша жоғалмай

тұрған кезде!

деп ескертеді шайыр. Яғни мамонттардың апаты бізге сабақ болуы тиіс еді. Қоршаған ортаны, табиғатты аяламасақ, өзіміздің де, яки адамзаттың да тіршілігіне қатер төнетінін ескеруіміз керек еді. Алайда өткеннен тағылым алмадық, бұрынғы қателіктерімізден қорытынды шығармадық, ой түймедік. Соның кесірін қазір тартып отырмыз. Ауа температурасы үздіксіз жылып жатқандықтан, мұздықтар еріп, мұхит суының деңгейі көтеріліп барады. Ең болмаса, экологияның одан сайын бүлінбеуі үшін бүкіл дүние жүзі елдері жұмылып, қазір әрекетке көшсек екен енді.

6AC4472B-B6E0-44D0-98BE-39A4591F0780

Қ.Мырза Әли «Қызыл кітап» поэмасында ғаламшардан ғайып болған аң-құстарды еске алумен ғана шектелмейді:

Жер астынан аң табар,

Балық табар.

Сонда қанша сыр жатыр

анықталар?!

Дронт құсап кəдімгі

Ізім-ғайым

Жоқ боп кеткен ел де бар,

Халық та бар!

 

Кімде кінə, бауырым,

Кімдерде айып?!

Кімдер одан сорлады,

Кімдер байып?!

Хайуанаттар түгілі

Дүниеде

Ұлттар ғайып болыпты,

Тілдер ғайып!

Құдай-ау, біз жойылып кеткен аң-құсты айтамыз, ал тұқымы тұздай құрыған халықтар да аз емес қой! Адамнан асқан, адамнан қымбат жаратылыс бар ма? (сондай-ақ адамнан өткен аюуан бар ма екен?!). Олай болса, жойылып кеткен ұлттардың мәселесін неге көтермейміз?! Мысалы, әліпбиін ғана қалдырған білімдар ел латындарды, мәдениеті жайлы мәліметтерді тасқа қашаған этрустарды, табиғаттың төл перзенттері – көптеген үндіс тайпаларын жер жұтты ма немесе көк жұтты ма?! Олар қайда кетті?! Жаһан болып, оларды неге жоқтамаймыз?! Бір балықты бір балық қылғытқандай, бір халықты бір халық жалмағаны қалай?! Өткеннің сұмдықтары енді қайталанбауы үшін отаршылдық пен басқыншылықты жерден алып, жерге салып, неге сөкпейміз?! Қазір де жойылудың сәл-ақ алдында тұрған ұлттар көп қой!.. Алты алаштың абызы, күллі әлемнің шайыры Қадыр ақынның «Қызыл кітабын» оқи отырып, онымен бірге біз де осылай толғандық.

Жаның күйзелер жайттарды жырлай келе, Қадыр ақын адамзат жоқтауы тиіс басты құндылықтарды да атайды. Яғни бұлар – мейірім, адамдық, ізгілік. Автор әр оқырманды ішкі жан әлеміне үңіліп, өзіне есеп беруге шақырады. Қара жердің қойнауында, топырақтың астында қалған мамонт тәрізді азаматтық, мәрттік, кісілік сықылды ізгі қасиеттер де тарихтың еншісіне біржола бұйырып, өткен күннің көмбесінде көміліп қалған жоқ па деп ойлы сауал тастайды көпшілікке. Расында да, Жердің перзенттерінен айырылып қалғаны секілді адамдар да мейірімділігі мен қайырымдылығынан айырылып қалған жоқ па? Олай болған жағдайда, Қ.Мырза Әли жырлағандай:

Түгел жыртып,

Тастақты айдағандай

Отырмын мен,

Отырмын ойға қанбай:

Адамдығын жоғалтсақ,

адамдардың

Хайуанатты жоқтаудан

пайда қандай?!

Яғни біз ең алдымен жоқтауымыз тиіс нәрсе – адамгершілік, адамдардың санасындағы ізгілік. Бұлар болмаса, жойылып кеткен халықтарды, құрып кеткен жануарларды жоқтаудан ештеңе өнбейді. Адам баласына, адамзат қоғамына тән кісілік пен көпшілдікті қайта жандандыра алсақ, өзге барлық мәселе өзінен-өзі шешіліп, Жердегі тіршілік жақсарар еді. «Қызыл кітап» поэмасын:

«Қызыл кітап» – бұл өзі

қызық кітап,

Тысы жұқа, астары қалыңырақ!.. – деп аяқтаған ақын жүректерге адамдық дәнін еккендей. Қадыр Мырза Әлидің шығармасы сонысымен құнды. Мұндай туындылар қазір қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге, күллі адамзатқа ауадай қажет. Қадыр ақын өткен ғасырда көтерген жаһандық деңгейдегі көкейкесті мәселеге әлем көшбасшылары енді ғана жете мән беріп, өте күрделі проблеманы шешуге талпынуда. Мұның өзі Қадыр Мырза Әлидің көрегендігінің, кемеңгерлігінің дәлелі болса керек. Сондықтан оның «Қызыл кітап» поэмасын мектеп оқушылары мен студенттер арасында көбірек насихаттасақ, бұл туынды ізгі әрі табиғатқа жанашыр буынның қалыптасуына септігін тигізер еді. Қазақ ақынының аталған шығармасы миллиондаған адам сөйлейтін әлемдік тілдерге аударылса, тіпті  керемет!

Алпамыс Файзолла,

Нұр-Сұлтан қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале