Оралда каратэден Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған X халықаралық “Akzhaiyk Open” WKF турнирі өтті.

Мамырдың 15-сі басталған балта аяқта, балға жұдырықты спортшылар жарысы «Жайық Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Оған Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Татарстан елдерінен және Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары мен Байқоңыр қаласынан келген 1000-ға жуық спортшы қатысты.

Батыр апамыздың рухына арналған бәсекенін салтанатты ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, «Қазақстан Каратэ Федерациясының Одағы» ЗТБ вице-президенті — Болат Хавлахат, Федерацияның бас хатшысы — Асқар Молдағали, каратэ WKF-тен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Майя Баймағанбетова және ҚР жастар құрамасының бас жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұрпағы Шаттық Қажымұқан қатысты.
- Бұл халықаралық турнир спорттық маңызымен қатар, ел қорғаған ержүрек батыр қыз — Мәншүк Мәметованы еске алуға арналды. Осы арқылы біз жас буынға патриоттық тәрбие беруді, достық пен ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсете аламыз. Еліміздің каратэшілері шетелден келген спортшылармен күш сынасып, тәжірибе жинайды. Жарыс ұйымдастырушылары мен жастардың осы спортқа деген қызығушылығын оята білген бапкерлерге алғыс айтамын. Бабы мен бағы қатар шапқан шын мықты жеңіске жетсін, – деді жарыстың ашылуында өңір басшысы.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен ұйымдастырылған Akzhaiyk Open WKF турнирі WKF (World Karate Federation) халықаралық ережелері бойынша өтті. Турнирдің І күнінде облыс спортшылары тамаша нәтиже көрсетті. 55 келіде Әлішер Жәдігеров пен 60 кг салмақта бақ сынаған Дархан Тимралиев күміс жүлдегер атанса, +84 келі күш сынасқан Тайжан Әлішер турнир жеңімпазы атанды.

Одан бөлек ел намысын қорғаған Батыс Қазақстан облысының жас каратэшілері төмендегідей нәтижелерге қол жеткізді. Жекелей сында Сержан Тұрарбеков (10-11 жас, ката) пен Айзере Телеген (10-11 жас, ката) алтыннан алқа тақса, Шукат Максат (10-11 жас, ката), Сабина Тұрарбек (6-7 жас) Арлан Мұхамеджанов (8-9 жас) Мөлдір Құмар (10-11 жас, - 45 кг) Еділ Әбілмансұр (6-7 жас, - 23 кг) және Сабина Қойшасова (10-11 жас, - 40 кг) қола жүлдегер, Айлин Темірбек (8-9 жас) Айгерім Балғабаева (12-13 жас), Әмір Серіков (6-7 жас, ката) күміс медаль иеленді. Ал командалық жарысты 14-17 жас, қыздар үшінші, орын иеленді. Оның құрамында Әсет Милана, Аянат Өтеғалиева және Виктория Чубукина ал, Шоқат Саят, Нұрхат Азаматұлы мен Ақылбек Бақытжан сынды ұлдар 14-17 жасар ұлдар арасында катада үшінші орынға ие болды.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»
Сурет: БҚО спорт
