«О-о, Жасаған Ие, бергеніңе шүкір!» Осы бір сөзді Нәкең ішінен күбірлеп, жиі айтады. Қазірде Чапаев ауылына кіре берісте ақ ұсынып, қызыл бауырсақпен өзін қарсылап жатқан адамдарды көргенде, тағы да шын ниетімен қайталап айта берді. Қайталап айта беретіні – осы күнге аман жеткеніне ризалығы. Ал ақсақалды алқалап қарсылап жатқан себептері – Нәсіпқали Қайырқомов 85 жасқа толды.
Сонау Оралдан үзеңгі қағыстырып, қошеметтеп, бірге шыққан інілері Орал қаласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, Ақжайық ауданы ардагерлерінің Оралдағы бастауыш ұйымының төрағасы Жанат Сағынаев, бала күнгі сыныптас досы, ақын-жазушы Айтқали Нәріков, ел ағасы Әленғали Кереев бастаған азаматтар ақжайықтықтардың ақсақалына деген құрметіне ерекше риза болып жатыр. Нәкеңе кейде тағдыр ұзақ ғұмырды жайдан-жай бере салмаған сияқты көрінеді. Соғыстың алдында туып, әкесін сол соғысқа берген, сол соғысқа бал шағын ұрлатып, аш-жалаңаш, жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешкен ұрпақтарға сол жылдарының өтеуі болсын деді ме екен, Жаппар Ие жарқын да ұзақ ғұмыр беріп, мейірімін төккендей болып көрінеді. Бүгін 85 жасқа аяқ басқанда кезінде бұрынғы Чапаев (Ақжайық) ауданына қалай келгені көз алдынан зырлап өте шықты. 1952 жылы сонау Бекетай құмынан, полигонның әлегінен осы өңірге көшіп келді. Сонда он екі жаста болса да, бәрі көз алдында. Анасы Қайшамен колхоздың малын жаяу айдап, Первомайдың Қарағай бөлімшесіне бәленбай күн жүріп жеткен еді.
85-ке кім келмей жатыр? Бірақ қалай келу бар ғой. Нәкең ақсақал жасына жанкешті еңбегімен келді десек, еш қателеспейміз. Сосын да шығар Ақжайық ауданының жасы мен кәрісі сырнайлатып, кернейлетіп, қозы көш жерден қарсылап жатқаны. Сексеннің сеңгіріне шықса да, әлі күнге еңбектен қалған жоқ. Арасында ауыр жұмыстарға да қолдап, кимелеп, кірісіп кетеді. Сол қол еңбегі шығар тұйғын денелі шалды қайрақ тастай жарқылдатып, шынықтырған. Өйткені адамның өмірінде, денінің саулығында қимыл-қозғалыс, қара жұмыс, еңбек үлкен рөл атқарады емес пе?.. Нәкең осы ғұмырында таңғы сағат жетіге дейін ұйықтап көрмепті. Әлі де солай. Торғай шырылдамай тұрып кету – бала күнінен қанына сіңген әдет. Марқұм анасы Қайша ғасырдан асып ғұмыр жасаған, талай қиындықты көрген жан еді. Қайырқомнан қалған бір қиық баласын да қатты тәртіпке тәрбиеледі. Мүмкін әкеден жастай қалған перзенті ертең алдынан кездесер қиындықтарға күні бұрын пісіп, шыңдалып өссін деген шығар, әйтеуір, еркелеткен жоқ. Жас күнінде сәл-пәл ұйықтайын десе, «Әлі жатсың ба, тұр!» деген анасының қатал үні естілсе, ұшып тұратын. Он жасқа толмай жатып бағып келе жатқан колхоздың бұзауларын алдына салып, қырға қайқаятын. Бұл көріністер Чапаев ауылына кіре берісте қарсылаған топпен бірге Нәкеңнің көз алдынан зыр етіп өте шықты...
Әуелі, аудан әкімі Мұрат Сердалин жерлестері «Ақжайықтың Нар шалы» деп атап кеткен Нәсіпқали Қайырқомовты қонақтарымен бірге әкімдікте арнайы қабылдап, жүрекжарды құттықтауын жеткізді. «Мен сізді көптен білемін. «Үйде бір күн де қарап отырған емеспін» деп ылғи айтатыныңыз есімнен кетпейді. Бала күніңізден Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерін бастан өткеріп, небір қиыншылықтарға мойымаған, еңбекке пісіп ержеткен, бүгінде төрт түлік өсіріп, әлі күнге аттан түспеген өнегеңіз – біз үшін үлкен мектеп. Сол үшін сізге алғысымыз шексіз» – дей келіп, ауданның өмірінен, шаруасын шырайландырған сәттерінен сыр шертті. Салтанатты жағдайда облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің құттықтаухатын табыстады. Ардақты ақсақалға аудан атынан сыйға тұлпар атады.
Осынау қуаныштан бас айналар сәтке Нәкеңнің қосағы Қоңырша апамыз да қатысып отырған. Осыдан бес жыл бұрын Нәкең 80 жасқа толарда ағамызды әңгімеге тартып, сұқбат алғанбыз. Сонда қарап отырмай, «Аға, қымыз ішіп, қырсық буып жүрген жиырмаға жетпеген жасыңызда Қоңырша апамызбен үйленіпсіз... Қалай танысып едіңіздер?» – дегенмін. Сонда Нәкең: «Ішер тамақ, киер киім, қат сонау соғыстан кейінгі жылдарда қайдағы қымыз, қайдағы қырсық?..
Ол кезде біздің қызға қырындайтындай шекеміз шылқып жүрген жоқ. Біз Бекетай құмынан 1952 жылы көшіп келдік. Қоңырша үшінші сыныпты бітіріп, төртіншіге барғалы жүрген қыз екен. Ол кезде сыныптан сыныпқа көшкенде емтихан тапсыратын тәртіп болған. Ол да, мен де емтихан тапсырдық. Тымпиған, ер баланың киімін киген қыз көзіме оттай басылды. Шалбарланып алған. Сөйтсем сән қуып кимеген, біз сияқты жоқ-жітікті жанұяда өсіп жатқан қыз екен. Мен әкемді соғыс жалмаған бала болсам, Қоңырша да әкесі соғыстан ауыр жараланып келген, жұмысқа жарамсыз жауынгердің қызы екен. Менің де бұтымда жамау-жамау шалбар. Екеуміз 4-5-6-7-сыныптарда бірге оқыдық. Сол тымпиған қызды 1960 жылы 31 желтоқсан күні колхоздың қос ат жеккен шанасымен ызғытып алып келдім. Бауыры құт болып, ұл-қызды төгіп салды. Міне, содан бері 65 жылдан астам уақыт бірге келе жатырмыз.
Алла Тағалаға да, апаңа да екі дүниеде ризамын, қарағым» – деген Нәкең. Ақжайықтықтар қартының тойында Қоңырша апамызға да арнайы тарту-таралғы жасап, ризалағанын айта кетуіміз керек.
Нәкеңнің тұңғыш немересінің атымен аталатын «Нұртілек» шаруа қожалығының аты бүгінде аудан, облыстан асып, республикаға белгілі. Түйеден бастап ешкіге дейінгі түліктердің бәрін өсіреді. Етті айтпағанда, қымыз, шұбат, ешкі сүтін өндіреді. Бертін келе қожалықтың тізгінін үлкен ұлы Жомарт пен келіні Жұмақызға табыстады. Табыстағанмен өзі әлі ат үстінде, шаруаға бас-көз болып, жұмыстан қалмай келеді.
Той одан әрі Ақжайықтың өнержайы – Мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда қызыққа жиналған жұртшылық алдына Жұбан ақын туған жерден түлеген, шешендік пен ақындықты маңдайымен бірге таңдайына да берген, талай айтыстың ақтаңгері – Шәкенов Мейірман ақын шықты. Арасында Нәкеңе ұтқыр сұрақтар қойып, арасында суырып салып, кештің екі тізгін, бір шылбырын тең ұстап, жиналғандардың көңілін желпінтіп отырды. Ән шырқалды, күй төгілді. Өлең оқылды.
Наухан Есенәлиев, Айтқали Нәріков, Табылғали Сапаров, Амантай Сапаров, Ержан Қабдоллин, Мынатаубиік Әнесов, Жанат Сағынаев, Үзілдік Елеубайқызы, Рауан Хұсайынов сынды Нәкеңді жақсы білген замандас-құрдастары, інілері ағаларын 85 жасымен құттықтап, ақ тілектерін ақтарды. Алақанынан адал еңбек иісі аңқып тұратын баяғы шалдардың көзі азайған бүгінде ақжайықтықтардың Нар шалын ардақтаған бұл сәттер жас ұрпаққа тәлімі мен тәрбиесі мол шара болды.
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»,
Ақжайық ауданы