6.11.2025, 12:15
Оқылды: 154

«Ақжайық ауданында 25 инвестициялық жоба жүзеге асуда»

Ақжайық – тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан.  Осы өңірде біраз іс жүзеге асып жатыр.  Күрмеулі  мәселелер  де жеткілікті.  Аудан әкімі Мұрат Сердалин жыл ішінде атқарылған жұмыс барысы, алдағы кезеңде жүзеге асатын жоба-жоспар жөнінде баяндайды. 

IMG_9022

Ақжайық – тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан.  Осы өңірде біраз іс жүзеге  асып жатыр.  Күрмеулі мәселелер де жеткілікті.  Аудан әкімі Мұрат Сердалин жыл ішінде атқарылған жұмыс барысы, алдағы кезеңде жүзеге  асатын жоба-жоспар жөнінде баяндайды.

– Мұрат Амангелдіұлы, 2025 жылы аудан экономикасын нығайту бағытында атқарылған  шаруаларға  шолу жасап  өтсеңіз?

– Аудан бойынша 2025 жылдың 9 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 27,8 млрд теңге. Тартылған инвестицияның 8,2 млрд теңгесі бюджеттік қаражат болса, 17,4 млрд теңгесі – жеке инвестиция.

Ауданымызда ірі қара малы биыл 159 480 (2024 ж. 147 945 бас), жылқы 53 316 (2024 ж. 53 144 бас), түйе 240 басты (2024 ж. 239 бас) құрап, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда ірі қара 7,8%, жылқы 0,3%, түйе 0,4%-ға өсіп отыр. Күні бүгінге асыл тұқымды мал асырайтын 173 шаруашылықта 31 776 мүйізді ірі қара малы, 20 шаруашылықта 18 013 қой, 12 шаруашылықта 7 016 жылқы бар. Аудан шаруашылықтары биыл 1,4 млрд теңге субсидияға  қол  жеткізді.

2025 жылы көктемгі далалық жұмыстар 4 852 гектар (2024ж. 3576 га) алқапта жүргізілсе, соның 747 гектарына (2024 ж. 646 га) картоп, көкөніс және бау-бақша дақылдары, 3 595 гектарға (2024 ж. 2430 га) малазықтық дақылдар (бір жылдық шөптер – 2 890 га (2024ж. 2340 га), сүрлемдік жүгері – 95 га (2024 ж. 90 га), көп жылдық шөптер – 610 га) және 510 га (2024 ж. 500 га) алқапқа дәнді дақылдар егілді.

Кейінгі үш жылда ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 800 млн теңгеге жуық 15 жаңбырлатқыш қондырғы орнатып, 1 433 гектар егістікті суарды. Оған қоса 894 га егістікті суару үшін құны 550 млн теңгеге 9 жаңбырлатқыш қондырғы орнатылып жатыр. Келесі жылы көктемде бұл құрылғылар  іске қосылады.

2025 жылы қыстап шығатын мал басына қажет 359,2 мың тонна мал азығы қорының 364,2 мың тоннасы дайындалып, жоспар асыра орындалды. Бұл бағытта  жұмыс  жалғасуда. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 22 тұрғынға 234 млн теңге несие қаражаты берілді. Соның ішінде мал шаруашылығына (сүтті мал сатып алуға) – 10 несие, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға – 4 несие, өсімдік шаруашылығына – 2 несие, биогумус өндіру және ара шаруашылығына 1 несие берілді. Күні бүгінге  сүтті бағыттағы 84 ірі қара малы (75-і – тауарлы, 9-ы – асыл тұқымды), тамшылатып суаруға арналған 2 құрылғы және 5 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

IMG_8940

Одан бөлек «Кәусар» жеке кәсіпкерлігі Есенсай ауылдық округі аумағынан ара шаруашылығын дамыту бағытында 11 ара ұясы мен 25 000 бал арасын сатып алды. Соның нәтижесінде 400 келіден жоғары сапалы бал өндіріп, жергілікті халыққа тиімді бағамен сатуда.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында жердің стратегиялық ресурс екенін ерекше атап өтіп, бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерін қайта игеруді тапсырды. Осыған орай биыл аудан бойынша пайдаланылмай жатқан 10 774 гектарды құрайтын 11 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы жерін пайдалануға енгізу мақсатында 18 929 гектар 29 жер учаскесіне конкурс өткізу жоспарланып, оның 15 жер учаскесі (10 064 гектар) жер пайдаланушыларға табысталды. Биылғы қараша-желтоқсан айларында көлемі 8 865 гектар болатын 14 жер учаскесіне конкурс өткізу құжаттары дайындалуда (Алмалы, Базаршолан, Бударин, Базартөбе, Тайпақ, Жамбыл, Қарауылтөбе, Сарытоғай ауылдық  округтері).

– Әлеуметтік сала мемлекет назарында екені анық. Бұл бағытта атқарылып жатқан шараларға тоқталсаңыз?

– Ең басты мақсатымыз – тұрғындарды жұмыспен қамту. Мемлекет басшысының Жарлығымен «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу бағытында ауданымызда жыл бойы іс-шаралар ұйымдастырылды.

IMG_8966

Нақты деректерді бөлісейін, аудан бойынша жұмыспен қамту бағытында 1649 адамға жәрдемдестік. 1010 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 68, ақылы қоғамдық жұмысқа – 323, алғашқы жұмыс орындарына – 22, ұрпақтар келісімшарты бойынша – 2 адам, «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша – 108 жас маман, «Күміс жас» жобасы аясында – 40, қысқа мерзімді курстарға – 35 адам тартылды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 41 адамға мемлекеттік  грант  берілді.

Еліміздегі мемлекеттiк саясат негiздерiнiң бiрi – азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету. Аудан бойынша үй кезегіне әртүрлі санаттағы 754 тұрғын тіркелген. Тұрғындарды үймен қамту мақсатында 2024 жылы 111 пәтер табысталып, пайдалануға берілсе, биыл 29 елді мекенде 76 пәтер сатып алу жоспарлануда. Қазіргі таңда соның 62 пәтері алынды, 14 пәтерді сатып алу рәсімдері  жүргізілуде.

– Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту құрғақ уәде күйінде қалмауы тиіс. Мұны Мемлекет басшысы да талап етіп отыр. Өңірде таза ауыз су мәселесі өзекті екені мәлім.

– Ауылдарды таза ауыз сумен қамту – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Бүгінгі таңда ауданның барлық елді мекені сапалы ауыз сумен толықтай қамтылды. 45 елді мекеннің 38-інде су құбыр арқылы жеткізілсе, жеті елді мекенде (Тасоба, Жолап, Қарағай, Коловертное, Бітік, Тоған және Үштөбе ауылдары) кешенді блок-модуль орнатылды. 2025 жылы Тоған ауылында кешенді блокмодуль іске қосылды. Бұл салада өзекті мәселелердің бірі – Чапаев ауылын сапалы ауыз сумен қамту. Осы ауылдың су құбырын қайта жаңарту жұмысын мердігер кешеуілдетіп отыр. Бүгінде құрылыс жұмысының 90%-ы аяқталды. Жобаны жыл соңына дейін толық аяқтау  жоспарланып  отыр.

Су құбыры іске қосылғанына 20 жылдан асқан елді мекендерде су мұнаралары мен құбыр желілерінің тозығы жетіп, ұңғымалардың өнімділігі төмендеп отыр. Бұл жағдай тұрғындарды ауыз сумен тұрақты әрі жеткілікті деңгейде қамтамасыз етуге кедергі келтіруде. Осы орайда елді мекендердегі құбырларды жаңарту үшін жобалар жасақталуда (Қарауылтөбе, Тайпақ, Алғабас, Алмалы, Ілбішін, Бударин, Есенсай, Жаңабұлақ).

Бүгіндері Қарауылтөбе ауылының су құбырын қайта құру бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өткізуге дайындалуда. Сонымен қатар Тайпақ ауылындағы су құбырының реконструкциясын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда.

Кейінгі жылдары жер асты су көздерінің тұздануы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, ауданымыздың Жамбыл және Үштөбе елді мекендерінде бұл мәселе өте өзекті. Енді қандай қам-қарекет жасап жатқанымызды айта кетейін, қазіргі таңда Үштөбе ауылына су құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Жоба бойынша су құбырының құрылысы Жамбыл ауылында да жүзеге асырылады.

Елді мекендерді газдандыру – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Аудан бойынша елді мекендерге табиғи газ құбырлары толығымен тартылды.

– Электр желілері де әбден тозғаны белгілі ғой...

– Иә, бұл мәселе де күрделі екені рас. Аудандағы электр желілерінің ұзындығы – 2 312 шақырым, оның 80%-ының тозығы жеткен. 2024 жылы 831 электр бағанасы ауыстырылып, 28 трансформатор жөнделсе, 73 шақырым электр сымдары жаңартылды. Биылғы 9 ай ішінде 20 шақырым электр желісі ауыстырылса, 352 электр бағанасы жаңаланды. Қазіргі кезде Жамбыл ауылдық округіндегі тоқ сымдарын жаңарту жұмысы жалғасуда. Оған қоса Алғабас (21,4 шақырым), Көнеккеткен (11 шақырым), Ілбішін (11,5 шақырым) және Базартөбе (20,3 шақырым) ауылдарындағы электр желілерін қайта жаңарту бойынша ЖСҚ дайын.

Қазіргі таңда Первомай қосалқы стансасын ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Енді Жанама қосалқы стансасы жөнделуде.

– Мұрат Амангелдіұлы, жол экономиканың күретамыры екені аян. Бұл бағытта атқарылып жатқан жобалар жөнінде баяндасаңыз?

– Тұрғындар көтеретін ең өзекті мәселелердің бірі – жол құрылысының сапасын жақсарту және жол  қатынасын реттеу.

Аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 278,1 шақырым, асфальтпен қамтылуы 23,9%-ға жетсе (63,9 шақырым), ауылішілік жолдардың (217,8 шақырым) 15,1%-ына асфальт төселген (32,8 шақырым).

Ақжайықтағы 45 елді мекеннің 12-сінде (26,6%) ғана кіреберіс жол асфальтталған, оның барлығы дерлік Орал – Атырау тасжолының бойында орналасқан ауылдар (Алғабас, Бударин, Жаңабұлақ, Жайық, Ілбішін, Тайпақ, Чапаев, Алмалы, Ақсуат, Шабдаржап, Қабыршақты, Мерген).

Жайықтың сол жақ жағалауында тұратын халықты сапалы жолмен қамтамасыз ету – күрмеулі түйткілдің  бірі.

Бүгіндері Көнеккеткен (2,0 шақырым), Есенсай (2,3 шақырым), Ж. Молдағалиев ауылдарының кіреберіс жолын күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар сараптамадан өтіп, салалық басқармаға бюджеттік өтінім жолданды. Оған қоса, Кеңсуат  ауылының екі шақырым кіреберіс жолын жөндеу үшін ЖСҚ жасақталуда.

IMG_3727

Биыл Мерген ауылының кіреберіс жолын орташа жөндеу жұмысы аяқталды. Атамекен ауылының кіреберіс жолын күрделі жөндеу жобасына түзету енгізілсе, Жаңажол (18 шақырым) мен Қамыстыкөл (1 шақырым) ауылдарының кіреберіс жолдарына қиыршықтас төселуде.

Ауылішілік жолдардың сапасын жақсарту – алдымызда тұрған өзекті мәселелердің бірі. Осы жылы Бударин ауылындағы ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын үш көше жолын (Қазақстан, Астана, Молдағалиев) қайта жаңғырту және Чапаев ауылындағы ұзындығы 1,8 шақырым болатын екі көше (Тлеулин, Болашақ көшелері) жолының құрылыс жұмысы аяқталды. Сонымен қатар Чапаев ауылының алты көшесіне қиыршықтас  төселіп   жатыр.

2024 жылы күрделі жөндеу басталған Тайпақ ауылындағы бес көшеге (Махамбет, Д. Нұрпейісова, Х. Чурин, Жамбыл, Т. Жұмалиев көшелері) қиыршықтас және құмдыгравий қоспа толық төселіп, үш шақырым бөлігінің 500 метріне асфальт жабыны төселді (қалғаны – 2,5 шақырым). Аталған жоба бойынша мердігердің құрылыс жұмысын талапқа сай жүргізбеуіне байланысты сотқа талап-арыз жолданды. Сот шешіміне сәйкес мердігер мекеме жұмыстарды уақтылы аяқтауды міндеттеу туралы талапарыз қанағаттандырылды. Қазіргі таңда мердігермен келісімшарт бұзылды. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жоба сметасы түзетілуде.

Жалпы ұзындығы 22,5 шақырымды құрайтын Чапаев, Тайпақ, Алмалы және Қабыршақты ауылдарындағы 42 көшенің жолдарын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту үшін облыстық басқармаларға бюджеттік өтінім жолданды. Бұл жобалар қаражат бөлінуіне сәйкес  кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде былтырдан бастап «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Аудан көлемінде акция аясында тазалық айлықтары ұйымдастырылып, шараға 10 457 адам және 199 бірлік техника қатысып, 346 тонна күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылды. Ауданда көгалдандыру жұмыстары нәтижесінде елді мекендерде 27 708 ағаш-көшет отырғызылды, оның 470 данасы – жеміс ағаштары (өрік, шие).

– Ақжайықта біраз әлеуметтік нысан салынып жатыр. Жоба-жоспар ойдағыдай  жүзеге  асуда  ма?

– Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында Базаршолан ауылындағы Ғабдолла Махамбетов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. Үштөбе ауылында көп жылдан бері тұрғындар асыға күткен жаңа модульдік мектеп ғимаратының құрылысы басталды. Осы нысан 2026 жылы халық игілігіне беріледі. Ал Тайпақ ауылындағы Құрман Байсықов атындағы мектепті, Қарауылтөбе және Жаңабұлақ ауылдарындағы мектептерді күрделі жөндеуден өткізу алдағы жылдардың еншісінде.

2026-2030 жылдары үш мектеп-бөбекжай кешені (Жұбан ауылындағы Талап, Қабыршақты ауылындағы Бітік және Бударин ауылындағы мектеп-бөбекжай кешендері), бір балабақша (Тайпақ ауылындағы «Айгөлек» балабақшасы), бір мектепгимназия (Тайпақ мектеп-гимназиясы), алты жалпы орта білім беретін мектеп (Ілбішін, Жамбыл, Жанама, Мерген, Ақсуат және Чапаев ауылындағы ЖОББМ) ғимараттарын күрделі жөндеу жоспарда тұр.

Бес елді мекенде (Жаңажол, Томпақ, Қабыл, Мойылды және Сарман) алдағы жылдары шағын жинақты мектептер салынады.

Ауданда 44 аурухана бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл медицинасын дамытуға, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы жүзеге асуда. Жоба ауқымында Базартөбе, Ақсуат, Ақбұлақ, Битілеу, Сайқұдық, Көнеккеткен, Жаңабұлақ, Алмалы және Базаршолан ауылдарында тоғыз жаңа медициналық нысан бой көтеріп, тұрғындарға сапалы  қызмет  көрсетуде.

Мәдениет және спорт мекемелерінің жұмысын жандандыру және инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Қазан айында Көнеккеткен ауылында 100 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, Қабыршақты ауылында дәл осындай жаңа  нысан салынуда.

IMG_3745

Аудан орталығына 300 орындық мәдениет үйін, Ақсуат ауылына модульдік типтегі мәдени спорт кешенін, 200 000 құжатты сақтауға арналған архив ғимаратын салу және Алмалы ауылындағы мәдениет үйін қайта жаңарту бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар Үштөбе, Шабдаржап және Томпақ ауылдарынан модульді типтегі мәдениет үйінің (кітапханамен бірге) жаңа ғимаратын салу жоспарланды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен Чапаев және Тайпақ ауылдарының кітапханалары модернизациядан өтті.

IMG_3973

2025 жылы Жайықтың сол жақ жағалауында тұратын тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Есенсай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржыландырумен Алғабас және Қарауылтөбе ауылдарында ангар үлгісіндегі типтік спорт  кешенін  салу басталды.

Ауыл – елдің алтын діңгегі. Оның өркендеуі – ел ішіндегі ынтымақ пен елжандылықтың нақты көрінісі. Жергілікті жұртшылықтың ұйымшылдығы мен елге жанашыр азаматтардың қолдауымен аудан аумағында 10 жоба жүзеге асты. Жобалардың құны – 43 млн 886 мың теңге. Айта кетсек, екі балалар ойын алаңы (Тайпақ, Қарауылтөбе), екі жазғы сахна бой көтерсе (Ақсуат, Тайпақ), үш ауылдың кіреберіс жолына арка (Жаңажол, Алмалы және Ілбішін) және әр түрлі композициялар орнатылды. Сонымен қатар Алмалы ауылының кіреберіс жолы жарықтандырылып, Ілбішін ауылындағы майдангерлер ескерткіші және Бударин ауылындағы спорт алаңы қайта қалыпқа келтірілді.

– Сіз басқаратын аудан аумағында биыл қандай ірі жоба-жоспар  жүзеге  аспақ?

– Ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданып, үнемі кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін  арнайы топ жұмыс істеуде. Жұмыс тобының сүйемелдеуімен 2025 жылы аудан бойынша жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 25 жоба жүзеге асуда (119 адам жұмыспен қамтылады). Оның ішінде жеті инвестициялық жоба жүзеге асты  (32 жұмыс  орны  қамтылды).

Олар:

- Тайпақ ауылында «АЙТУ-АЙ»кооперативінің (құны 30 млн теңге) қой жүнінен өнімдер жасау  цехы;

- Чапаев ауылында 20 млн теңгеге «Құрылыс маркет» дүкені;

- Алғабас ауылдық округінде «Сәбит» ШҚ 215,9 млн теңгеге жаңбырлатып суару құрылғысын  орнатты;

- Есенсай ауылында 274 млн теңгеге дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға берілді;

- Чапаев ауылында 80 млн теңгеге «Самға» мектепалды даярлық  орталығы  ашылды;

- Бударин ауылдық округіне қарасты Коловертное елді мекенінде 30 млн теңгеге «Аңсар» ЖК профнастил және арболиттік блок өндіретін цехын іске қосты;

- «Рахишев» ЖК 100 млн теңгеге сауда орнын  салды.

Жыл соңына дейін 42 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін 10 жобаны іске асыру  жоспарлануда.

– Облыс әкімінің өзі ұйытқы болған «Қаладан – ауылға» бағдарламасы Ақжайық ауданында  қалай  жүзеге  асуда?

– Өңір басшысының бастамасымен «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы іске асып жатыр. 2024 жылы мектептерде оқушы саны азайған Ақбұлақ, Тінәлі, Битілеу және Сайқұдық ауылдарын осы жобаға енгіздік. Соның нәтижесінде жалпы ауданға құрамында 32 адамы бар бес отбасы көшіп келсе, соның 20-сы – мектеп жасындағы балалар. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында аудан бюджетінің қаражатымен Битілеу ауылынан екі пәтерлік тұрғын үй салынса, Тінәлі ауылында  екі  үй  сатып  алынды.

Анықтама үшін: Сайқұдық ауылына 1 отбасы (бала саны – 3, оқушы саны – 2), Битілеу ауылына 2 отбасы (бала саны – 10, оқушы саны – 7) және Тінәлі ауылына 2 отбасы (бала саны – 9, оқушы саны – 5) қоныс аударды. Биыл 14 елді мекен аталған жобаға енгізіліп, қазіргі таңда 5 елді мекенге 7 отбасы қоныс аударды, соның 18-і – мектеп  жасындағы  балалар. Анықтама үшін: Сайқұдық ауылына 1 отбасы (бала саны – 4, оқушы саны – 3), Тінәлі ауылына 1 отбасы (бала саны – 6, оқушы саны – 4), Битілеу ауылына 1 отбасы (бала саны – 5, мектеп оқушы саны – 3), Тоған ауылына 2 отбасы (бала саны – 4, оқушы саны – 2), Ақбұлақ ауылына 2 отбасы (бала саны – 9, оқушы саны – 6). Бағдарлама аясында Сайқұдық ауылында 3 пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

– Ауданға қандай салалар бойынша қанша маман жетіспейді? Келген мамандарға жағдай жасап жатырсыздар ма?

– Білікті медицина мамандары өте тапшы. Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы жоғары оқу орындарының басшылықтарымен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 2025 жылы төрт дәрігер жұмысқа орналасты (жалпы тәжірибе дәрігері, реаниматолог-анестезиолог, инфекционист, фтизиатр дәрігері). Соның өзінде қосымша 11 маман қажет (2 акушер-гинеколог, 2 хирург, 2 ЖТД, кардиолог, реабилитолог, эндокринолог, онколог, лор). Медициналық кадрларды баспанамен қамту мақсатында Чапаев және Тайпақ ауылдарында 10 қызметтік пәтердің құрылысы басталды. Соның күні бүгінге алтауының құрылысы аяқталды, төрт пәтердің құрылысы қараша айында  тәмамдалады.

– Аудандағы діни ахуал жөнінде не айтар  едіңіз?

– Ақжайықта діни жағдай жалпы алғанда тұрақты. Қазіргі уақытта 18 ауылдық округтің 10-ында мешіттер ашық. Ал Чапаев ауылдық округі аумағында бір шіркеу орналасқан. Ауданда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты жеті діни бірлестік пен олардың ғибадат нысандары тіркеліп, өз қызметін жүзеге асырып отыр. Барлық діни ұйым «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының талаптарына сәйкес қызмет  атқаруда.

Дін саласындағы мәселелер бойынша тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар облыстық дін істері басқармасы, ішкі саясат бөлімі, «Ақиқат» қоғамдық бірлестігі және теолог-мамандардың қатысуымен жүзеге  асуда.

Әрине, деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттау, діни сауатты арттыру бағыттарында ақпараттық жұмыс белсенді түрде жалғасуда. Аудан тұрғындарының басым бөлігі дәстүрлі ислам құндылықтарын ұстанады, өзара сыйластық пен бейбіт өмір қағидаттарын берік ұстанып  келеді.

– Біздің өңірдің оңтүстік аудандарында киіктің күрт көбеюі жайылымдық және шабындық жерлерге зор зиян-залалын тигізуде. Киік санын реттеу сөз бола қалса, осы іске тартылатын мекеме-кәсіпорынның бірі ретінде Ақжайық ауданының аумағындағы «Марқа ламб» кәсіпорны тілге тиек болады. Осы мәселе бойынша не айтар  едіңіз?

– Өңірдің оңтүстік аудандарында, соның ішінде біздің ауданда кейінгі жылдары киік популяциясы күрт көбейді. Бұл жағдай, өз кезегінде, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жайылымдық және шабындық жерлерге елеулі зиян келтіру қаупін тудырып отыр. Қазіргі таңда киік топтары негізінен Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан Алғабас, Бударин, Жаңабұлақ, Чапаев, Мерген, Ақжол, Ақсуат, Алмалы және Тайпақ ауылдық округтерінің аумақтарында жиі кездеседі. Әр округ бойынша киік саны тұрақсыз және болжамды есеп бойынша 50 бастан 30 000 басқа дейін  ауытқып  отырады.

2025 жылдың 11 мамырында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев бастаған сала мамандары іссапармен келіп, облыс аумағындағы шаруашылықтардың егістік алқаптарын киіктерден қорғауға дайындық барысын тексерді. Тексеру барысында аудан аумағындағы ахуал мен киік қозғалысының бағыт-бағдары зерделеніп, алдын алу шаралары  талқыланды.

Киіктердің егістік алқаптарына енуіне жол бермеу мақсатында мобильді топтардың кезекшілік кестесі жасақталып, бекітілді. Аталған кезекшілікке «ПО Охотзоопром» РМҚК инспекторлары, жергілікті атқарушы құрылымдар өкілдері, аудандық орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері тартылды. Бес мобильді топ аудан аумағында тәулік бойы кезекшілік атқарды. Соның нәтижесінде ағымдағы маусымда егістік алқаптарына киіктердің таптау  фактілері  тіркелген  жоқ.

«Батыс Марқа Ламб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2018 жылдан бері өз қызметін тоқтатып, өндірістік немесе шаруашылық жұмыстарын жүргізбейді. Киік популяциясын реттеуге аталған кәсіпорын қатысқан  жоқ.

 

Нұртай Текебай,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале