Футболдан премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Биылғы маусымда болгариялық маман Стойчо Младенов жаттықтыратын «Қайсар» біріншілікті тамаша бастап, қатарынан үш мәрте жеңіске жетіп, бірінші орынға көтерілген еді. Алайда одан кейін қарқыны бәсеңдеп, алтыншы орынға түсіп қалды. Ал қазақстандық маман Вахид Масудов баптайтын оралдықтар осының алдында қатарынан төрт рет тең ойнап, жетінші сатыға орныққан еді. Сондықтан турнир кестесіндегі көршілер үшін үш ұпай ауадай қажет-тұғын.
Алаң иелерін Тараздағы матч соңында жарақат алып қалған команда капитаны Мейрам Сапановтың орнына нигериялық орталық қорғаушы Майкл Одибе бастап шықты. Шындығында да М.Одибе сол үмітті ақтап, қорғаныс шебінде барынша сауатты ойнап, шабуылға да қосылып, командаластарына дем берумен болды. Бірінші таймда «Ақжайықтан» Азат Ерсалимов «Қайсардың» қақпашысы Марсель Исламқұловпен жекедара шығып, гол соға алмай, қапы қалды. Одан кейін тағы бір нигериялық Изу Азуканың қауіпті соққысын М.Исламқұлов қайтара білді. Дегенмен «Ақжайық» екінші таймда мақсатына жетті. 56-минутта стандартты жағдайдан кейін қақпа алдындағы қарбалас сәтте Орал футболының түлегі Руслан Валиуллин әбжілдік танытты. Бұдан кейін «Қайсар» қанша ұмтылғанымен, таразы басын теңестіре алмады. Алаң иелері де қорғаныста жатып алмай, қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысып бақты.
Сөйтіп төрт тең ойыннан кейін екінші жеңісіне қол жеткізген В.Масудовтың шәкірттері 10 ұпай жинап, жетінші орынға нықтала түсті. «Ақжайық» келесі ойындарын топ басындағы командалармен өткізеді. Алдымен 29 сәуір күні Алматыда «Қайратпен» күш сынасса, одан кейін өз алаңында 2 мамырда Қостанайдың «Тобылын» қабылдайды.
Айта кетейік, осы турда «Астана» өз алаңында «Таразды» 4:0 есебімен ойсырата ұтып, 19 ұпай жинап, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Бұл кездесуде Жуниор Кабананга қос доптың авторы атанса, Срджан Граховац пен Дидар Жалмұқан бір-бірден гол соқты. Павлодарда өткен орталық кездесуде «Ертіс» пен «Қайрат» 3:3 есебімен тең ойнады. Алдымен Жерар Гоу есеп ашқанымен, одан кейін Стефан Живкович, Аслан Дарабаев, Джа Джедже мергендік танытып, «Ертіс» 3:1 есебімен алға шықты. Дегенмен «Қайрат» қайратын көрсетіп, Иво Иличевич есепті қысқартса, ойын соңында команда капитаны Бауыржан Исламхан таразы басын теңестіріп кетті. Бірінші турда өз алаңында «Астананың» өзін тізе бүктірген «Ордабасы» бұл жолы Қостанайдың «Тобылынан» шеберлігін асыра алмады. Алдымен шымкенттіктерден Кирилл Ковальчук бірінші тайм соңында есеп ашқанымен, ойынның екінші кезеңінде қонақтардан Тоқтар Жаңғылышбай мен Джордже Деспотович «Тобылға» жеңіс әперді. Осылайша 16 ұпайдан жинаған «Ертіс» пен «Тобыл» екінші-үшінші орында құйрық тістесіп келеді. Ал «Қайраттың» олардан бір ғана ұпайы кем. 29 сәуір күні өтетін тоғызыншы турда орталық кездесу Қостанайда «Тобыл» мен «Ертістің» арасында болмақ.
Бұл турда алаңдардың талапқа сәйкес болмауына байланысты тағы екі кездесу кейінге қалдырылды. «Ақтөбе» Қарағандының «Шахтерін» 28 маусымда, «Атырау» Көкшетаудың «Оқжетпесін» 26 шілде күні қабылдайды.
zhaikpress.kz