«Ақжайық» осы аптада өз алаңында екі ойын өткізді. Алдымен шілденің 17-сі күні бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының 16-шы туры аясында астаналық «SD family» футбол клубын қабылдады. Бұған дейінгі ойындарда қарсыластарына есе жіберіп келген оралдық команда бұл жолы намысқа тырысты.
Нәтижесінде жас ойыншы Айбар Ахмет пен Виктор Грабко соққан қос гол «Ақжайыққа» жеңіс сыйлады. Бүгін оралдық команда лига кубогі жарысы аясында Петропавлдан келген «Қызылжар» командасымен кездесу өткізді.
Өз жанкүйері алдында тағы ұятқа қалғысы келмеген Бауыржан Омаров пен оның достары қонақ команданы тықсыра түсті. Жас футболшы Шыңғыс Кубашев пен Виктор Грабко, Бекзат Иманғазеев пен Роман Чирков «Қызылжар» қорғанысының мазасын қашырды.
Ал Айбар Ахмет пен Максим Гладченко орталық алаңда ойқастаса, қақпа күзетшісі Мақсот Арыстанов қонақ команда шабуылшылары тепкен допты оңай қайтарып отырды. Мақсаттың жолы болмаған сәтте Тимур Реджепов ерлік танытып жатты. Құрамын қазақстандық және Украина, Хорватия, Македония, Белорусь, Кот-д`Ивуар елінің футболшыларымен күшейткен петропавлдық команда оралдық оғландарға тіс батыра алмады.
Бірінші тайм бел ортасынан асқанда Шыңғыс Кубашев гол соғып, "Ақжайықты" алға шығарды. Одан соң да қарқынын бір сәтке бәсеңдетпеген оралдық футболшылар қарсыласты қателестіріп,өз қақпасына гол соғуға мәжбүр етті.
Қызылжар ойын соңында есеп айырмасын қысқартқанымен, есепті теңестіре алмады. Қорытынды есеп 2-1. «Ақжайық» қатарынан екінші мәрте жеңіске жетті.
Түгелбай Бисен,
Фото: «Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен
zhaikpress.kz