Футболдан ел кубогінің бірінші іріктеу кезеңі аяқталды. "Akas", "Жас қыран" және "Алтай" командаларына қарсылас атанған "Ақжайық" топтағы шешуші ойынын өскемендік "Алтай" футбол клубына қарсы өткізді.
Осыған дейінгі қарсыластарының барлығын жеңген "Ақжайық" бірінші іріктеу кезеңін жеңіспен аяқтағысы келгені ойын басынан көрінді. Матч басынан шығыстық команданы тықсыруға кіріскен Игорь Прохницкий командасы Арман Смаиловтың көмегімен есеп ашты.
Артынша Евгений Кобзарь есепті 2:0-ге жеткізсе, көп ұзамай бұрыштамадан келген допқа бірінші жеткен Бауыржан Омаров оралдық команда басымдығын үш допқа дейін жеткізді.
Екінші тайм басында "Алтай" ойын тізгінін қолға алып, "Ақжайықты" қыспаққа алғанымен, қарымта шабуылда мықтылық таныта білген оралдықтар Арман Смаиловтың көмегімен есепті 4-0 етті. Осыдан соң ес жиған "Алтай" бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартқанымен, ойын соңында Арман Смаилов командасының бесінші голын соқты. Осылай өз тобында жеңімпаз атанған "Ақжайық" келесі кезеңде "С" тобында үздік атанған ұжыммен күш сынасады. Ал ол топта "Қыран", "Академия Оңтүстік", "SD family" және "Ұлытау" клубтары бар.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz