Футболдан бірінші топ командалары арасындағы ел чемпионатының сегізінші туры аясында "Ақжайық" өз алаңында алматылық "Хан тәңірі" командасын қабылдады. Оралдағы "Ақжайық" стадионында өткен матч 0:0 есебімен аяқталды.
Бұған дейінгі ойындарының барлығын да жанкүйерін қуанта алмаған оралдық клуб ойыншылары осы жолы жеңісті қалады. Сол себепті бапкер Қуаныш Қарақұлов ойын басынан алаңға шабуылға бейім Әділет Болатов, Бекзат Иманғазеев, Мұқағали Пангерей сынды ойыншыларды шығарды. Ортада Иван Антипов пен жас пері Айбар Ахмет ойқастады. Қорғанысты әдеттегідей Тимур Реджепов пен Бауыржан Омаров жұбы қарамағына алды.
Матчты ширақ бастаған алаң иелері қонақ команданы тықсырумен болды. Бірақ бірде Мұқаш Пангерей, енді бірде Әділет Болатовтың жолы болмай доп қақпаға енбей қойды. Қарымта шабуылға ден қойған "Хан тәңірі" он бір метрлік айып соққысын тебуге мүмкіндік алды.
Бірақ тәжірибелі Марат Шахметов "Ақжайық" қақпашысы Азат Бақытовтан айласын асыра алмады. Одан соң күш алған оралдық футболшылар шабуылдағанның үстіне шабуылдады. Әсіресе, алыстан тепкен Айбар Ахмет пен Роман Чирковтың соққылары қауіпті болды. Бірі қақпа бағанасын көздесе, енді бірінің соққысын алматылық команда қақпашысы Андрей Пасеченко қайтарды.
Қанша тырысқанымен "Ақжайық" жеңіске жете алмады.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz