Тұрғындардың жеке баспанамен қамтылуы – Мемлекет басшысының жолдауынан туындайтын басты бағдарлардың бірі. Бүгін өңірлік коммуникалық қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында Ақжайық ауданының тыныс-тіршілігі жайында баяндама жасаған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов тұрғын үй кезегінде әртүрлі санаттағы 566 адам тұрғанын айтты.
– Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамту күн тәртібінен түспейтін мәселе. 2010 жылдан бастап 32 тұрғын үй салынып, тұрғындарға пайдалануға берілді. Ал биыл Чапаев ауылында екі 3 қабатты 48 пәтерлі, Тайпақ ауылында 2 қабатты 12 пәтерлі тұрғын үй құрылыс жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.
Спикердің айтуынша, Қабыршақты, Мерген, Ілбішін, Ақсуат, Алмалы ауылдарында 2 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына конкурс жарияланып, жеңімпаздар анықталған. Ал аудан орталығы – Чапаев ауылында алты 2 пәтерлік коммуналдық тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамалар дайын тұр, сонымен қатар 3 қабатты 36 пәтерлік тұрғын үйдің құжаттары сараптамадан өтуде.
– Халықтың әл-ауқаты артқанының анық белгісі – елді мекендерде жаңа баспаналар бой көтеріп, ауылдарға ажар үстеуде. Мысалы, 2021 жылдың 9 айында 4894,7 ш.м. пайдалануға берілді. Жер учаскесінің кезегінде әлі 1864 тұрғын тұр, - деді Қ.Айтмұхамбетов.
Баяндама барысында Қ.Шадиярұлы аудан орталығында 294 жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін қосу жұмыстары аяқталып, кезекте тұрған тұрғындарға пайдалануға берілгенін айтты.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz