Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында жаңа көкөніс қоймасы бой көтерді. Құрылыс қаражаты 550 млн теңгені құраған нысан аптаның сейсенбісінде салтанатты түрде ашылды.

Бұл іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысты. Жаңа нысанның ашылуында сөз алған Қалияр Шадиярұлы өңірде 62 мың тонна көкөністі сақтайтын 35 қойма бар екенін атап өтті.

– 35 қойманың 28-і заманауи жабдықтармен қамтылған. Бұл нысан жиналған көкөністерді бұзылып кетуден сақтап, халыққа сапалы тауар ұсыну мүмкіндігін арттырады. Нысан құрылысы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде жүргізілді. Оған қоса, «Орал Агро» ЖШС жоба құны 2,8 млрд теңгені құрайтын қойма салуда. Сыйымдылығы – 8 мың тонна. Келер жылдың маусымында нысан өз жұмысын бастайды, – деді облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.
Қойма «West Agro Food» ЖШС-ға тиесілі. Серіктестіктің бас директоры Азамат Бисенов қойма құрылысы үшін мемлекет 2,5 пайыз үстемемен 275 млн теңге несие бергенін тілге тиек етті. Осының нәтижесінде іргелі нысанды бас-аяғы үш айдың ішінде салып біткен.

– «West Agro Food» ЖШС осыдан төрт жыл бұрын құрылды. Осы күндері 1 гектар жерден 30 тонна өнім алып отырмыз. Алдағы уақытта жерге тыңайтқыш пен дәрумен сеуіп, өнім көлемін одан әрі көбейту жоспарда бар. Жаңа нысаннан бөлек облыс орталығында тағы бір қоймамыз бар. Биыл 3 мың тоннадан аса өнім жинадық. Өнімді Орал қаласына қоса, еліміздің Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент қалаларына және Өзбекстан мемлекетіне жібереміз. Науқандық жұмыстарға нық дайынбыз. Ол үшін серіктестікте 40-қа жуық техника жұмыс істеп тұр. Бүгінде жаңадан ашылған осы нысанда 22 азамат жұмыс істесе, еңбеккерлердің 15-і – жергілікті тұрғындар. Келер жылдағы егін науқанында бес гектар сәбіз, бес гектар қызылша, 200 гектар картоп егеміз, – деді А. Бисенов.

Айта кетелік, аталмыш серіктістік 2025 жылы 180 гектар жерге картоп еккен. Оның 66 гектары тың техниканың күшімен суарылған. Сондай-ақ суару жұмысын ширатып отырған төрт техника бар. Серіктестік басшысы келер жылы егін көлемі мен суарылатын алқап көлемін арттырмақ ниеті бар екенін де жеткізді.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»