Бүгін Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуы туралы баяндады.
Ақжайық ауданында 18 ауылдық округ, 38 елді мекен бар екен, аудан халқының саны бүгінгі күні 36 900 адамды құраған. Аудан экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы. Соның ішінде мал шаруашылығы екенін атап өткен Ақжайық ауданының әкімі ауданда ауыл шаруашылығын кәсіп ретінде жүргізуге ниетті азаматтардың саны жылма-жыл артып келе жатқанына баса назар аударды.
Соңғы он жылда мал басы жеке қосалқы шаруашылықтарда азайып, керісінше ауыл шаруашылық құрылымдарында шоғырланып көбейген. Осыдан он жыл бұрын, 2014 жылы ауданда 645 шаруа қожалығы тіркелсе, бүгінде аудан көлемінде қызмет етіп отырған шаруа қожалықтың саны 1 221-ге жеткен. Соның 1 129 мал шаруашылығы бағытын кәсіп қылса, 92 өсімдік шаруашылығына бейімделіп еңбек етіп жатыр.
– Аудан көлемінде мал басы және мал шаруашылығы өнімдерінде тұрақты өсім байқалады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 1-ші маусымына 154 мың бас мүйізді ірі қара, 308 мың бас ұсақ мал, 63 мың бас жылқы, 293 бас түйе тіркеліп, 2023 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ірі қара 5,3%-ға, қой мен ешкі 0,4%-ға, жылқы 1,8%-ға, түйе 16,2%-ға өссе, 2024 жылдың 1-ші маусымына 5 145,0 тонна ет, 9 570,1 тонна сүт, 1000,3 мың дана жұмыртқа өндіріліп, 2023 жылдың осы кезеңіне ет өндірісі 0,1%-ға, сүт 0,2 %-ға, жұмыртқа 0,4 %-ға өсіп отыр.
Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалар аясындағы жан-жақты мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылық құрылымдарының белсенділігі артуда. Қазіргідей бәсекелестік заманда малдың саны емес, сапасына сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Ауданда 2014 жылы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіретін 5 шаруашылық болса, 2024 жылғы 1-ші шілдеге олардың саны 154-ке жетіп, 31 есе өсті. Ауданда қазақтың ақбас тұқымын өсіретін 139, абердин ангус өсіретін 6 және герефорд тұқымын өсіретін 9 шаруашылық жұмыс істеп тұр. 2014 жылы асыл тұқымды Көшім жылқысын өсіретін 3 шаруашылық болса, күні бүгінге олардың саны 8-ге жетті, сонымен бірге қазақтың Жабы тұқымын 3, Мұғалжар тұқымын 1, барлығы 12 шаруашылық асыл тұқымды жылқы өсіруде. Асыл тұқымды қой өсіретін шаруашылықтардың саны 20-ға жетті. Оның ішінде Еділбай тұқымын 17 және Ақжайық етті жүнді тұқымын үш шаруашылық өсіріп отыр, - деді аудан басшысы.
Ақжайық ауданының әкімі ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы оң өзгерістер мен заман талабына сай ауыл шаруашылығы процесіне енгізіліп жатқан жаңа технологиялар, цифрландыру аясында электронды құрылғыларды пайдаланылуына егжей-тегжейлі тоқталып, жаңа үрдістің саланы дамыту мен көркейтуге қосар үлесі зор екенін ерекше атап өтті.
zhaikpress.kz