31.10.2025, 10:15
Оқылды: 168

Ақжайықта салық түсімі көбейді

Ақжайық ауданында бюджеттің салық түсімдері  өсіп, кірістер  жоспары  артығымен  орындалды.

WhatsApp Image 2025-10-31 at 11.06.40

Аудандық мемлекеттік кірістер басқарма басшысы Асылан Жұмағазиевтің айтуынша, биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттің салық түсімдерінің жоспары 2 млрд 077 млн 900 мың теңге болып межеленді. Іс жүзінде түсім 2 млрд 622 млн 600 мың теңге болып, яғни 126,2%-ға артығымен орындалды. Өткен жылдың тоғыз айының қорытынды көрсеткіштерімен салыстырғанда түсімдер динамикасы 457 млн 400 мың теңгеге артық орындалып, 121,1% болды.

– Бизнес субьектілерінен түсетін негізгі салық түсімдеріне келсек, ол – заңды тұлғалардың корпоративтік табыс салығы.  2024 жылдың 9 айында 39 млн 200 мың теңге корпоративтік табыс салығы түссе, биыл бұл салық  түсімі 85 млн 900 мың теңге болды. Оның динамикасы 219%-ды құрады. Төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығы 2024 жылдың тоғыз айында 110 млн 600 мың теңге көлемінде түссе, биыл 143 млн теңгеге жетті. Яғни оның динамикасына өсім тән, 129,2% болды. Бірыңғай жер салығының есепті мерзім ішіндегі түсімі 18 млн 500 мың теңгені құраса, биылғы көрсеткіш  23 млн 200 мың теңге болып, 125%-ға орындалды, – деді  Асылан  Жұмағазиев.

Заңды және жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салықтың да өткен жылғы көрсеткіштерімен салыстырғанда өсу қарқыны айтарлықтай. Былтырғы тоғыз айда оның түсімі 613 млн 100 мың теңге болса, биыл 822 млн 100 мың теңгені құрады, яғни өсім – 134%. Сонымен қоса төлем көзінен салық салынатын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығы (табыс салығы) және әлеуметтік салықтың да аудан бюджетіне қосар үлесі қомақты. Табыс салығы 2024 жылдың 9 айында 676 млн 300 мың теңге болса, биыл 733 млн 900 мың теңге болып, өсімі 108,5%-ды құрады. Ал әлеуметтік салықтың түсімі былтырғы тоғыз айда583 млн 300 теңгені құрады. Ағымдағы жылғы есепті мерзімде оның шамасы 658 млн 900 мың теңге болып, өткен жылғы сәйкес кезеңдегі  көрсеткіштен  112,9%-ға  өсті.

Аталған басқарма басшысының сөзінше, ауданда салық түсімдерінің өсуіне кәсіпкерліктің өркендеуі, экономикалық дамуы негізгі тірек болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арналған биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды. Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл – азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуы қажет деген сөз», – деген болатын.  Сондықтан салық түсімдерінің уақтылы түсуі және олардың халық  игілігіне  жұмсалуы мән-маңызға ие.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале