Ақ Жайық өлкесінен талай аймаңдай азаматтар шыққан ғой. Солардың бірі – генерал-майор Наурыз Әлжанұлы Өтегенов. Кеңес үкіметі өзі билеп-төстеп тұрған кезінде қазақтарға үйіп-төгіп генерал атағын бере бермеген. Бір қолдың саусақтарына жетер-жетпес генералдардың бірі – осы ағамыз. Генерал тірі болғанда, үстіміздегі жылдың 14 наурызында 100 жасқа толады екен. Милицияның генералы атанған Наурыз Әлжанұлы саналы өмірінің 43 жылын құқық қорғау құрылымдарына алқаусыз арнапты. Курсанттан еңбек жолын бастап, генерал-майорға жеткен, қатардағы жедел уәкіл болып, Гурьев облыстық ішкі істер басқармасының бастығына дейін көтерілген азамат. Енді біз генералдың ғұмыр жолына үңіліп көрейікші.

Наурыз Әлжанұлы Өтегенов 1925 жылы Жаңақала ауданында туыпты. Жанұяда сегіз перзент өскен, Наурыз сол балалардың екіншісі екен. Ол кез қиын жылдар болғандықтан, киім-кешек түгілі, тамақ табудың өзі оңайға түспеген. Бірақ сегіз баланың әкесі Әлжан балаларын аштыққа ұшыратпай өсіреді. Сондай-ақ ол жылдардың балалары да ертеңгі күнге сеніммен қарап, алдан жақсылық күтуден талмай, қиындыққа шыңдалып өссе керек. Ал Наурыз ағайдың әкесі Әлжан Бөкей губерниясына, бұрынғы Бөкей ордасына қарайтын жеті аумақтық бөліктің бірі – Қамыссамар (Қарасамар деп те айтылып кетеді) қисымы, №9 Саралжын ауылында дүниеге келіпті. Әлжан атамыздың арғы аталары да бұл жаққа 1801 жылы Бөкей сұлтанның төңірегіне үйіріліп, Жайықтың оң жақ бетіне Кіші жүзден енші алып, көшіп келіп қоныстанады. Сырым батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Байбақты руынан шыққан қазақтардың белсене қатысқаны тарихтан белгілі. Әлжанның арғы атасы – тегі Байбақты-Дауымшар осынау қым-қуыт шайқастардың ортасынан табылған. Көрнекті басшыларының бірі болыпты. Әлжан атамыз жастайынан білімге құштар болып, әуелі старшындық мектепте сауатын ашып, кейіннен қисымдық орыс-қазақ мектебінде 4 жыл үздік бағамен оқиды. 1916 жылғы патшаның қазақ жігіттерін әскерге, окоп қазуға алу жөніндегі жарлығына қарсы басталған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан. Одан Украина жерінен бір-ақ шығады. Сол жақта жүріп, талай рет соғысқа қатысады. Содан елге 20-жылдары оралып, ауылнай болған. Тап сол жылдарда Жаңақала өңірінде ойран салған Насаев, Сапожков, Киселёвтің бандаларын күйретуге қатысады. Комвузда оқып, Жаңақала ауданында басшылық қызметтер атқарған. Одан әрі Гурьев облысында партиялық жұмыстарда аянбай тер төгеді.

Соғыс басталар жылдың алдында Өтегеновтер жанұясы Гурьев (қазір Атырау) облысында тұрып жатса керек. Наурыз осында онжылдық мектепті бітіріп, өз еркімен әскерге барып, сонда сержанттар даярлайтын мектепте оқиды. Онда үздік оқып, әскери дайындықта ерекше көзге түскен жас жігітке Алматы қаласындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы мектебіне оқуға түсуге ұсыныс айтылады. Тағдыр шешті сәттің маңызын түсінген жас курсант бірден келіседі. Бұл кезде Ұлы Отан соғысы бет қаратпай тұрған еді. Мемқауіпсіздік мектебі де соғыс жағдайына бейімделіп, курсанттарын күндіз-түні дайындап, қысқа мерзіммен оқуларын бітіртеді. Сөйтіп, 1943 жылдың қараша айында ине-жіптен жаңа шыққандай лейтенантты Солтүстік Кавказға НКВД әскерінің 101 бригадасы құрамында соғысқа аттандырады. Лейтенант Наурыз Өтегенов осы бригада құрамында талай шайқасқа қатысқан. Көп ұзамай, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жас офицері 277 мотоатқыштар полкінің құрамында Батыс Украинаны азат ету жолындағы әскери операцияға жолданыпты. Осы өлкедегі ұрыстарда қазақ елінің жас патриоты Наурыз Әлжанұлының ерлік, батырлық, ештеңеден тайсалмайтын жаужүрек қасиеттері жарқырай көрінеді. Ол чекист-барлаушы ретінде 27 дүркін ұрыс операцияларына қатысады. Немістердің диверсиялық-бүлдіру операцияларына арнайы қалдырып кеткен жанкешті екі СС батальонымен ауыр шайқастар жүргізеді. Бұған қоса жау элементтерінің, диверсанттардың, агенттердің жасырын ұяларын талқандауға қатысады. Фашизм разведкасының жалдамалы агенттері, бандалық ұйымдардың басшылары Клячковский, (Клим Сабур), Р. Шукевич, Т. Боровец, А. Мельник, С. Бандера отрядтарының ізіне түсіп жояды. 1943 жылы тамызда кеңестік барлау орталығынан дабыл түседі. Кременецк орманы ішінде неміс офицерлері басшылық еткен 500 адамдық топ жасырынып жатыр екен. Кеңестік чекистер бірден атқа қонып, жаудың жатқан жеріне жетіп барады. Немістер бастаған диверсанттар мұздай қаруланған, окоп қазып алған, блиндаждары мен дзоттары да берік. Қырғын шайқас екі күнге созылады. Диверсант-бандалар қалайда қоршаудан сытылып шығу үшін өлген-тірілгендеріне қарамай атысты. Бірақ олар құтылып кете алмады. Бәрі де сол жерде құртылып, көздері жойылды. Осы ұрыста қазақтың жап-жас жігіті Наурыз өзінің жүрек жұтқан батылдығымен ерекше көзге түседі. Украина жеріндегі ерлігі үшін офицер Өтегенов Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталыпты. Жас чекист Жеңіс күнін Польша жерінде қарсы алыпты. Соғыстан аман-есен елге оралғасын Наурыз Өтегенов НКВД-ның арнаулы оқуын толықтай оқып бітіреді. Майдангер чекистің бейбіт күндегі еңбек жолы әуелі, Қызылорда облысында, сосын Гурьев және Орал облыстарында жалғасты.
1952 жылы Наурыз Өтегенов мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен Ішкі істер министрлігі құрылымдарына қызметке ауыстырылды. Ол әр жылдарда Жаңақала, Фурманов, Чапаев аудандарының ішкі істер бөлімдерін басқарды. Ал 1956 жылы Орал облысы ішкі істер басқармасының қылмысты іздестіру бөлімінің бастығына тағайындалды. Тап сол жылдарда қылмыстық кодекс, заң талаптары өзгеріске ұшырап, ел бойынша қылмыскерлерге рақымшылық жарияланды. Жүздеген мың адам бостандыққа шықты. Адамның бәрі бірдей емес, рақымшылықтың қадірін аяққа таптап, талайлар қайтадан қылмыс жолына түсті. Ал қылмысты іздестіру бөлімінің қызметкерлеріне оларды іздестіру, ұстау оңайға түскен жоқ. Апталап, айлап «ат үстінен» түспей, жұмыс істеуге тура келді. Чапаев ауылында болған бір оқиға әлі күнге дейін ел есінде. Бір топ қылмыскер қару және оқ-дәрі ұрлап, ізім-қайым жоғалған. Оларды тезірек құрықтамаса, ауыр қылмысқа баратыны айдан анық еді. Наурыз Әлжанұлы бастаған шұғыл топ қарулы қылмыскерлерді іздеуге кірісті. Он шақты күндей із кескен олар қылмыскерлердің жасырынып жатқан жерін тап басты. Қылмыскерлерге қаруларын тастап, қан төкпей берілу туралы үзілді-кесілді талап қойылды. Бірақ олар тірілей қолға түспейміз деп, қолдарындағы атыс қаруларынан оқ жаудырып қоя берді. Ақыры берілмеді. Бірнеше сағатқа созылған атыстың нәтижесінде олардың бәрінің көзі жойылды. Кейін Наурыз Әлжанұлы бұл оқиғаны сонау майдан жылдарындағы жау диверсанттарымен болған қантөгіс ұрыстармен салыстырып, әңгімелеп отырушы еді.

Н. Өтегенов 1974 жылдан бастап, доғарысқа шыққанға дейін Гурьев облысы ішкі істер басқармасының бастығы болып еңбек етті. 1980 жылы оған милицияның генерал-майоры шені берілді. Халқына, еліне берген антына адал болып, тыныштық пен құқық тәртібінің күзетінде өмірінің 43 жылын арнаған кешегі майдангер, чекист, милиционер Наурыз Өтегенов осындай жан еді. Ол шәкірт тәрбиелеуде де соңына өшпестей із қалдырды. Наурыз ағамыздың қарамағында қоғамдық тыныштықтың сақшысы болып қызметтерін бастаған А. Федоров, А. Жаманбаев, В. Брагин, Н. Хлопин сынды азаматтар да милиция генералы атағына ие болды. Ал генерал Өтегенов Наурыз ағамыз бен Гүлфайра жеңгеміздің ұлдары Әділғазы мен Құрманғазы да әке жолын жалғастырып, ішкі істер саласында абыройлы еңбек етті. Наурыз ағамыздың немерелері де ата мен әке жолын жалғастырған құқық қорғау саласының қызметкерлері болып, өсіп шықты. Тіпті генерал Өтегеновтің келіндері де осы саланы таңдағаны, айтулы қызметкерлер атанғандары да ұрпақ жалғастығының жарқын үлгісі ғой.
Еділхан Жұмашев,
БҚО полиция департаменті ардагерлер ұйымының төрағасы