Бүгін Орал өңірінде ерекше мазмұнға толы іс-шара өтті.

«Ақжайықтың Асыл арулары» клубы Кеңесінің бастамасымен аймақтың қоғамдық өміріне, рухани дамуына, өндіріс пен білім, мәдениет салаларына өлшеусіз үлес қосқан еңбек сіңірген әйелдерді ұлықтауға арналған дәстүрлі кездесудің кезекті отырысы ұйымдастырылды.

Клубтың құрылу мақсаты – Жайық өңірінде туып-өсіп, ерен еңбегімен, белсенді өмірлік ұстанымымен, басшылық және жауапты қызметтерде ерекше жетістіктерге жеткен, бүгінгі таңда облыс пен республика деңгейінде құрмет пен абыройға ие танымал әйелдердің есімін халыққа кеңінен таныту, олардың еңбегін дәріптеу, өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету.

Осы бағытта клуб бастамасымен «Ақжайықтың Асыл Арулары // Заслуженные женщины Приуралья» кітабының үшінші басылымы жарық көрді. Бұл еңбек – өңірдің дамуына үлес қосқан тұлғалар тарихын жинақтаған құнды мәліметтер қоры. Кітаптың шығуына қолдау көрсетіп, клубтың құрылуына бастамашы болған «КАТЭК» ЖШС бас директоры, клубтың құрметті құрылтайшысы Құндыз Шамахұлына қатысушылар ерекше алғыстарын білдірді.
Іс-шара барысында арнайы шақырылған қонақтар таныстырылды.
Олардың қатарында: Нұпов Құндыз – «КАТЭК» ЖШС бас директоры, «Ақжайықтың Асыл арулары» клубының негізін қалаушысы, Айсұлу Қадырбаева – белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының және Халықаралық журналистер федерациясының мүшесі, қоғам қайраткері, Бауыржан Аяпбергенұлы – Қоғамдық кеңес төрағасы, Афиза Семғалиева – «Аманат» партиясы облыстық филиалы жауапты хатшысының орынбасары бар.
Қонақтар ұйым жұмысының маңыздылығын атап өтіп, өңір дамуына үлес қосқан әйелдерді үлгі ету – қоғамның рухани кемелденуіне ықпал ететінін айтты.
Кездесуде Республика күніне орай ҚР Президентінің атынан Орал өңірінің тұрғындарына, еңбеккерлеріне, қоғам қайраткерлеріне және облыстың дамуына үлес қосқан сала өкілдеріне мемлекеттік марапаттар табысталғаны атап өтілді.
Сол құрметке лайық жандардың арасында клуб мүшелері – өңірдің еңбек сіңірген әйелдері де бар.
Сонымен қатар клубтың жаңа тұлғаларды қабылдау рәсімі де өткізілді. Бұл – өңірдің қоғамдық белсенді әйелдерінің қатары кеңейіп, олардың қызметі мен бастамаларына жол ашатын маңызды қадам.
«Ақжайықтың Асыл арулары» клубы – тек құрмет алаңы емес, Жайық өңірінің рухани байлығын арттырып, әйелдердің қоғамдағы рөлін көтеруге бағытталған үлкен мектеп. Бүгінгі жиын – осы мақсаттардың жүзеге асып келе жатқанын айқындайтын мәнді шара болды.
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz
Фотолар автордікі