7.08.2024, 10:30
Оқылды: 518

«Ақжауын». Жуырда күй елі – Жаңақала төрінде республикалық дүбірлі айтыс өтеді

Шайдай ашық күнде бүкіл жан дүниеңді жадыратып, көкірегіңе нұрын құйып, төңіректің бәрін жаңа түскен келіннің жасауындай жайнатып, қас-қағым сәтте өте шығатын көк тәңірінің шұғылалы нөсері болады. Оны ежелден «ақжауын» дейді халқымыз. Өнер аспанына шарықтап шығып, жасындай жарқылдап, аз ғана уақыт көңіл қуанышымызға айналып, үкілі үмітіміз бен аяулы арманымызды жай отындай өшіріп, асыл Асылбегіміз де соңына ақ мұнар елесін қалдырып, ақжауындай өте шықты.

4EB7C84F-BA4D-4CCA-ADC6-F67388B79B3C

Сұңқардай самғаған хас таланттың иран бағын аралап, кәусар дүниелерін түйсініп те, тұшынып та үлгермедік. Бейне бір тәтті түс көргендей самал жырларының дәмі таңдайымыздан кетпей тамсанып қала бердік. Ақ сәуле қанатты ақ періштедей айбоз Асылбек көз алдымыздан әп-сәтте ғайып болды. Жалған дүние-ай десеңші.

Иә... Бәрі де есімізде, бәрі де көз алдымызда. Қара түнді қақ айырып жеткен қаралы хабардан төбемізге тау құлағандай болды. Сібірлеп атып келе жатқан таң бозында «Асылбегім-ай... Ардағым-ай... ажал түгілі бөгде біреуге көруге қиятын жан ба едің, есіл боздағым-ай...» деп ботасынан айырылған аруанадай боздап қарсы алып едік-ау сол қайырсыз күнді.

«Тектіден текті туады» дегендей, Асылбектің атасы Ишан Ақжанов Қамыс-Самар өңірінде алғаш оқу-ағарту ісін ұйымдастырушылардың бірі болған. Өңірдің ондаған мектептерінде басшылық етіп, бірнеше оқу ошақтарын өз қолымен ашқан ұлағатты ұстаз. Ат ауыздықпен су ішіп, ер етігімен қан кешкен сұрапыл жылдарда қолына қару алып, жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан жан.

Ұстаздық қызметі үшін ауданда Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған санаулы жандардың бірі еді. Ишақаңның өз перзенттері де әке мамандығын жалғастырса, немересі Асылбек те ата жолын қуып, Орал қаласынан Махамбет Өтемісов атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, ұстаздық мамандық алып шықты.

«Жөргегінде жатқанда да жөнге көнбей, аяғы мен тілі қатар шыққан тілазар болды» дейді екен болашақ ақынды сәби кезінен көргендер.

Жоғары оқу орнының қабырғасында жүрген кезден-ақ албырт жастың ақындық қабілеті ашыла бастады. Он екі де бір гүлі ашылмаған асыл береннің алғашқы өлеңдерінің уыз-махаббатына арналуының өзі табиғи заңдылық еді. «Жүрдім сені қия алмай, Үнің кетпес құлақтан, Өткіземін қиялдай, Армандаумен әр ақ таң...», «Сені түнде ойлаймын, Суретіңді тақап ап, Тәтті қиял бойлаймын, Өртегенде махаббат» дейді жас жүрек. «Гүл болып жүрегіме қадалғанда, Үмітім байыз таппай бағамдарға. Ләйлі боп жүрегімді еліктірген, Лағылдай сені табам аралдан да» деп өлеңдетті асау жүрек.

A899EC39-8F07-4AA5-BD3C-70CA88AF3EE6

Уақыт өте келе Асылбектің өлеңдері де сиқырлы жастықтың құшағынан шығып, салиқалы өмір арнасына түсе бастады. Осы кезде елімізде айтыс өнері шырқау шыңына көтеріліп, небір аузымен құс тістеген ақындардың үні қаланың тас қамалынан шығып, дархан даланы тұлпардың тұяғындай дүбірлетіп кетті. Арманшыл Асылбектің аңсары да айтысқа ауа бастады. Сөйтіп асыл текті Асылбек айтыстың төрінен бір-ақ шықты. Қайран Асылбек айтыс сахнасында Мұрадым Мирланов, Бекарыс Шойбеков, Балғынбек Имашев, Саадат Нұрманов, Жансая Мусина, Тілек Сейітов, Назгүл Кәрімова сынды сайыпқырандармен сөз сайысына түсіп, аз уақытта сүлейлердің қатарынан орын алды. Алты Алашқа танымал бола бастады.

Енді Асылбек қатысқан айтыстарда залға көрермен сыймайтын болды. «Асылбектің айтысын көрсетеді» деген күні жұрт бар шаруасын тастап, көгілдір экран алдынан табылатын болды. Ауыл-аймақтың емес, аспан астындағы жұртының таңдайын тамсандырған тарлан талант жұлдызы жанбай жатып жалт етіп сөнер деп кім ойлаған?..

«Оралдан оза шапқан ақтаңгерім, Кеуіп те үлгермеді аққан терің» деп Өмірзақ ақын айтқандай, аңсап барған айтысының алқаракөк арғымағының жалына қолы жетер-жетпестен қыршын ғұмыр қара жолдың үстінде қапыда үзілді. Бірде алма жүзі албырап, жан дүниесі балбырап, қызмет орныма келді. «Айналайын, ауданыңның, аймағыңның намысын қорға, елде қал!» дегенімде, «Аға, ауылға қай уақытта да келіп үлгеремін ғой. Қинай көрмеңізші. Қалада екі-үш жыл жүре тұрайыншы» деп қиыла қарап еді-ау, жарығым!

Осы кезге дейін есімнен кетпейтін мазаң ой, Асылбек мынау фәни дүниені ертерек тәрк етерін сезген сыңайлы. Бір құдіретті күш сездірді ме екен? Жиырмаға енді ғана толған жалын жас.

«...Қайтейін, бұл да өмірдің өктемдігі, Қап-қара тұман басып бар маңымды. Тоқырап мәңгілікке кеткен күні, Топырақ жоғалтады арманымды» деп неге жазды екен деген қорғасын ой еңсемді басады да тұрады.

«...Халқымның менің ашық та болғай аспаны, Қазағым, елім, ақынның болған дастаны. Қымбатсың маған, қымбатсың маған, туған жер, Өзіңді қорғап, бабамның тамды жас қаны» деген Асылбектей қымбатын туған жері де ұмытқан жоқ. Өзі дүниеден өткеннен кейін жанашыр ағалары «Аманат» атты жинақ шығарып, жас ақынның балауса жырларымен қоса біраз қаламгерлер мен бауырларының, қанаттас жүрген достарының жүректің қанымен жазылған арнау жырларын шығарды.

Жаңақала ауданы әкімдігі ақынның өмірден өткеніне жыл толмай жатып, жас ғұмырдың туған күніне орай облыстық ақындар айтысын өткізді. Батыс Қазақстан облысында ақындар айтысының 50 жылдығына арналып өткізілген айтыста Асылбек атындағы арнайы жүлде тағайындалды. Өзі еңбек жолын бастаған «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалы ақынның қамшының сабындай қысқа ғұмырынан деректі фильм түсіріп, облыстық радио арнайы радио-очерк ұйымдастырды.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана жанынан А.Ишанов атындағы жас қаламгерлер клубы құрылып, жұмыс істеуде. Жерлестері өзі туып-өскен ауылдағы Айдархан жалпы орта білім беретін мектебі алдына ақынның кеуде мүсінін орнатты. Биылғы тамыз айының он үшінші жұлдызында күй елі – Жаңақала төрінде республика деңгейінде дүбірлі айтыс өткізілмек.

Небір мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келер азулы ақындар сайысы – өмірден қыршын кеткен Асылбектей қыранның қырық жасқа толу құрметіне арналмақ.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының келісімімен жыр аламанын ұйымдастырушылар – Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Батыс аймағы бойынша өкілдігі және Жаңақала ауданының әкімдігі. Айтыс – Асылбектің алтын ұясы Жаңажол ауылында өтеді.

Закария Сисенғали,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале