Аяқдоп аламанының алауы тұтанып, Арқа мен Алатаудың арасын ән мен қуанышқа бөлейтін күн алыс емес. Тамыздың 23-і қазақ футзалының жаңа маусымы ресми ашылады. Бұл тек жай ғана ойын емес, бұл әлем назарын аударар футзал мерекесі.

Сурет: instagram.com
Орал төріндегі «Жайық Аренада» өтетін дүбірлі додада, қазақ футзалының қос алыбы Алматылық «Қайрат» пен Семейлік «Семей» клубтары Суперкубок үшін тайталасқа түседі. Бірі — ел чемпионы, бірі — ел кубогының иегері. Бірі тарихы терең, жеңісі көп «Қайрат» болса, екіншісі футзал әлеміне жұлдыздай жарқырап енген Семей мен еліміздің және шетелдің алтын аяқты футзалшыларын құрамына қосқан Семей. Сенбінің кешін сәнді еткелі тұрған қос клуб тамыздың 23-і күні сағат 17:00-де Орал паркетін думанға бөлемекші.
Бұл кеште әлемнің әр түкпірінен келген майталман ойыншылар қазақтың қара домалақ жігіттерімен бір сапта тұрып, маусымның алғашқы трофейін сарапқа салады. Олардың әр қимылы көздің жауын алады, әр пасы шеберліктің шыңы, ал әр гол жанкүйер үшін соғылады. Алаңға шығатын ойыншылар бір төбе. «Семейді» тәжірибелі Шыңғыс Есенаманов бастап шығады. Шыңғыс намысты жігіт, қарсыласын қақпақыл қылатын шебер ойын өрнегімен талай жанкүйердің жүрегінен орын алған. Онымен тізе қосып, футзалдың феномені, Ферао да суперкубокты Семейге алып кеткісі келеді. Оның әр қозғалысы көркем сурет, әр голы — шедевр.
Ал қарсы бетте алматылық «Қайраттың» қос қыраны: Біржан Оразов пен Кевин Ариета! Бірі – пас шебері, бірі – шабуылдың шебері. Ойын тізгінін ұстаған, қарсыласын тұсаған хас шеберлер.

Сурет: kazfootball.kz
Билеттер ше?
Халықтың қызығушылығы қандай екенін қараңыз. Билет сататын сайтқа шыққан бойда бүкіл билет сатылып кетті. Алматыдан да, Семейден де, тіпті шекара асып, алыс-жақыннан ағылып келіп жатқан жанкүйерлер аз емес. Демек, бұл — жай ғана ойын емес нағыз футзал мерекесі болғалы тұр.
Қош келдің, футзал маусымы, жалауың желбіресін, спорт шеруі, Қайрат па, Семей ме – алаң төрі шешеді.
Түгелбай Биссен,
zhaikpress.kz