Елімізде алаш арыстарының табаны тиген үш тарихи орын бар. Олар: Семейдегі «Әуезов және алаш арыстары» музейі, Алматыдағы Ахмет Байтұрсыновтың музейіне айналған ұлт ұстазының үйі және өңіріздегі Жымпитыда орналасқан Батыс Алаш Орда үкіметі жұмыс жасаған «Алаш үйі». Таяуда жол түсіп, университетіміздің фиолология факультетінің 2-курс студенттері осы музейге барып келді.
М.Өтемісов атындағы БҚУ басшылығының, соның ішінде фиолология факультеті деканатының қолдауының арқасында барған сапар барысында студенттер Алаш тарихымен байланысты ғимараттарда болды.
Студенттерді Алаш музейінің алдында Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева қарсы алды.
Айта кету керек, бұл - еліміздегі ең көне музейлердің бірі. 1918 жылдары Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар басқарған Күнбатыс Алаш Орда үкіметінің жұмыс кеңсесі осында болған.
Жалпы бұл ғимараттың іргетасы 1867 жылы қаланған екен. Орыс көпесі Таракановтың үйі кеңес заманында əскери комиссариат, аудандық мəдениет бөлімі болған, басқа да мақсаттарға пайдаланылған. Ал 2007 жылы Сырым Датұлының туғанына 265 жылдығына орай оған күрделі жөндеу жүргізіліп, музей ретінде ашылды. Бүгінде ғимарат еліміздегі «100 қасиетті нысандар» тізіміне енген.
Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, «Алаш музейі» деген халықтың берген атауы. Келушілер солай атап кетті, негізінде Сырым музейінің Алаш залдары деп аталады. Мұражай қорында жалпы саны 6 мыңдай құнды жəдігер бар. Олардың біразы Күнбатыс Алаш Ордасына қатысты құжаттар. Студенттерге таныстырылған ерекше жәдігердің бірі - төселіп жатқан қызыл кілем.
-Алаш үйін екі рет жаңғырту барысында көп ізденуге тура келді. Өкінішке орай, Жаһанша атамыздың қолымен ұстаған бір түйір жәдігері болмады. Интернетте жүрген жалпыға ортақ бес-алты сүгіретінен басқа қолымызда ештеңе жоқ болған жоқ. 2018 жыл Алашқа қатысты жаңа жәдігерлер табылды. Оның бағалысы – Жаһанша Досмұхамедұлы мен оның жолдасы Ольга Константиновнаның Мәскеуде тұрған үйінде төселген түкті кілемі 1964 жылдары Қазақстанға әкелініпті. Оны Қанипа Шәріпқызы деген қайын сіңлісіне Ольга анамыздың өзі беріпті. Содан ол кілемді сақтаған олардың ұрпақтары Маржан Қадырқызы 2018 жылы біздің музейге тапсырды. Бүгінде Жаһанша Досмұхамедұлынан қалған жалғыз жәдігер – біздің құнды экспонатымыз. Одан бөлек архив құжаттарын таптық. Сол арқылы бұрын біз Бутырка түрмесінде деп келсек, атамыздың Таганск түрмесінде отырғаны анықталды. Өзі тұрған үйінің қазіргі мекенжайын да білдік. 1918 жылы мамырдағы құрылтай туралы тың деректер табылып, сол күндері ойналған скрипка аспабын үйлерінде құрылтай өткен Иван Федяниннің немересі тура жүз жылдан соң 2018 жылы біздің музейге тапсырды. Осындай алаш ардақтыларына тиесілі түпнұсқа көп болмаса да бірнеше құнды жәдігерлеріміз бар, - дейді Айнагүл Мағауияқызы.
Студенттер сондай-ақ Жымпитыдағы Алаш тарихына тікелей қатысты үш ғимараттың бірі, салынғанына 127 жыл болған мешітте де болды. «Алаш» саябағына барып, Алашорда жетекшілеріне арнап салынған ескерткіш-аллеяны тамашалап, Қазақ елін дербес мемлекет ретінде өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық етуге батыл әрекет еткен Алашорда қайраткерлерінің рухына тәу етті.
Айсұлу Шәкенова,
Райымбек Сұлтан,
М.Өтемісов атындағы
БҚУ фиолология факультетінің
2-курс студенттері