Көзі ашық көкірегі ояу Қабыш Бердіәліұлы жастайынан би атанған Баянауыл өңірінің атақты биі Қазанғап Сатыбалдыұлының бел немересі.
20 жасында Алтыбай болысының, кейін Қараоба болысының биі болған Қабыш Бердіәліұлы 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін халықтың қолдауымен Павлодар уездік қазақ комитетінің мүшесі болады.
Кейін Міржақып Дулатов ұйымдастырған 1918 жылғы 15 ақпанда өткен Павлодар уездік қазақ сиезінде Алаш орда уездік комитетінің төрағасы болып бірауыздан сайланады.
Ол сол кезде Кереку өңірінде Алаш қозғалысының идеологиялық жұмысына белсене араласып, өлкеде Алаш орда билігінің орнауына атсалысады.
Алайда өңірде Кеңес үкіметінің орнауы және Алаш орда үкіметінің тартатылуы Қабыш Бердіәліұлын «аса қауіпті жат элемент» ретінде танып, алғашында Ақтөбе облысына жер аударса, кейін 1930 жылы елден тыс аймаққа Сібірге жер аударады.
Осылайша айдауда жүрген есіл ер 1935 жылы Кемерова облысының Тайга станциясында белгісіз жағдайда өмірден өтеді.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz