23.11.2023, 16:15
Оқылды: 63

Алаш қозғалысы қалай басталды?

Ресейдегі 1905 жылғы буржуазиялық революция толқыны Қазақстанға да жетті. Осы тұста қазақ оқығандары ұйымдасқан түрде ұлт-азаттық қозғалысқа белсене кірісіп кетеді.

жп дала

Алғаш 1905 жылдың 26 маусымында Қоянды жәрмеңкесінде жиналған жұртты ұйыстырып, патша үкіметіне қазақ халқы атынан петиция жариялайды. Кейін 1905 жылдың қараша айында Мәскеуде өткен халықаралық жиында Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов қазақтар атынан сөз сөйлеп, алғаш рет халық мұқтажын жеткізеді.

Алаш қозғалысын қалыптастыруда ұлт қайраткерлері Ә. Бөкейханов, А. Бірімжанов, А. Қалменов, Ш. Қосшығұлұлы және М. Тынышпаевтардың Ресей мемлекеттік думасына сайлануы, олардың Ресейдің заң шығарушы ең жоғары органына қазақтың мәселесін көтеріп, оны саяси биліктегілерге жеткізуге мүмкіндіктер алуы қозғалыстың алғы шарттарын жасайды.

Сонымен қатар Думаның жанындағы Мұсылмандар фракциясы құрамындағы Б. Қаратаев, Ы. Жаманшалов, С. Лапин, А. Жантөрин, Е. Оразов, А. Өтегенов секілді Алаш өкілдері де ұлттық мүдденің көтерілуіне ықпал жасайды.

Алаш қайраткерлері 1911 жылдан бастап қазақтардың жалпы сиезін шақыру туралы ойларын ашықтан-ашық жариялай бастайды. Олар көтерген ұлт-азаттық қозғалыс пікір жүзінде де, іс барысында да ортақ мүдде әрекетінде халықтан қолдау тауып, оны дамытуда өзара ұйымдасу, қауымдасу күшейе түседі.

Осылайша 1905 жылдан басталған Алаш қозғалысы 1917 жылғы ақпан төңкерісінен соң, кең қанат жайып, алғашында облыс көлемінде комитеттер құру, кейін бүтін халық қолдаған қазақтардың жалпы сиезін шақыруға себеп болады.

 Зұлқожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале