1920 жылдың 9 наурызында Қазақ Революциялық Комитеті «Алаш Орда» үкіметін және оның аймақтық бөлімшелерін тарату туралы қаулысын шығарады.
Бұған дейін «Алаш Орда» өкілдерімен Кеңес өкіметі атынан Қазревком арасында бірнеше келіссөз жүргені белгілі. Мәселен 1919 жылы Оралда Батыс алашордашылар мен Орал облыстық комитеті арасындағы келіссөздер нәтижесінде Батыс алашордашылар кеңес жағына өткен еді.
Сол жылдары Семейдегі және Торғайдағы А.Байтұрсынов бастаған «Алаш Орда» билігі де кеңес үкіметін қолдап, өздерінің таратылғанын жариялайды.
Сондай-ақ Алаштың ірі өкілдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедовтердің кеңес өкіметі жағына өтуі және кеңестерді қолдауы «Алаш Орда» үкіметін ресми таратудың уақыты келгенін көрсеткендей.
Осылайша 1918 жылдан басталған Алаш өкілдері мен кеңес өкіметінің арасындағы келіссөздер барысында болашақта Қазақстанда ортақ билік Қазақ Революциялық Кеңестер Комитетіне бірігуге шешімі алынып, «Алаш Орда» билігі таратылады.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz
(Алаш қозғалысы, Энцикл. анықтамалық, 2014 жыл)