25.07.2023, 10:45
Оқылды: 129

Алаш зиялыларын толғандырған тіл мәселесі әлі күнге дейін көкейкесті

ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында қазақ тілі шұбарлана бастады. Тіпті өсіп келе жатқан жас буынның ана тілін тәрк етіп, ұмыту қаупі төніп тұрды. Мұны заманның беталысына қарап болжаған Алаш қайраткерлері еңбектерінде осы тақырыпқа кеңінен тоқталып, тығырықтан шығатын нақты жолдарды көрсетті. Өкінішке орай, ұлт зиялыларының бір ғасыр бұрынғы сын-ескертулері әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Себебі ұлттық қайнарымызды лайлаған рухани дерттен арылған жоқпыз, керісінше,  асқына  түсті.

c86cfcb0-b8a5-4991-9c2b-49c3995311b3

Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсе – тіл екенін айтқан. Сондықтан халық ретінде одан әрі тіршілік ету үшін ұрпақтың тілі қазақша шығуы аса маңызды екенін ескерткен. «Әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз» – дейді Ұлт ұстазы. Орыс мектептерінде немесе аралас мектептердің орыс сыныптарында оқып жүрген қаптаған қазақ баласын көрсең, Ахаңның осы сөзі есіңе түсіп, күрсінесің. Сондай-ақ елімізде болашақта балалар әлемдік тілдерді 5-сыныптан бастап қана оқуы тиіс. Өйткені А. Байтұрсынұлы айтқандай, қазақтың балдырғандары санасына, жан-жүрегіне, алдымен, өз ана тілімізді сіңіруі керек. Әлемдегі геосаяси жағдай мың құбылып тұрған қазіргі кезде мұндай дүниелердің бір күнде жасалмайтыны түсінікті. Бірақ ұлттық мүдде жолындағы міндетті бірте-бірте іске асыратынымызға  мен  сенемін.

Бүгінде университеттерде түрлі мамандықта оқып жүрген студенттердің көбі орысша оқулықтардан білім алады. Бұл мәселе, әсіресе әскер, медицина, инженерия, ІТ, энергетика т.б. салаларға қатысты. Өйткені бұл бағыттарда қазақша сауатты әрі ұғынықты тілмен жазылған еңбектер тым тапшы. Сондықтан орысша білмейтін қазақ жастары бұл мамандықтарға қатысты ғылыми-техникалық әдебиеттерді бастапқыда түсінбей қиналса, ал кейін бірте-бірте орыстілді болып кеткенін өзге түгілі, өзі байқамай қалады. Дәрігер, ғалым әрі ұстаз Халел Досмұхамедұлы бұл жөнінде өткен ғасырда дабыл қаққан еді: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес». Демек, терминдерді бір ізге түсіру аса маңызды. Сонда дәрігерлер, әскерилер, инженерлер, энергетиктер тағы да басқа мамандық иелері қызмет барысында таза қазақша сөйлеп, тілімізді тағы бір кесапаттан құтқарады.

Ана тіліміздің тұғырға қонуы үшін күресіп баққан арыстардың бірі – Міржақып Дулатұлы. «Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға» деген мақаласында ол заң, бұйрық-жарлық, кеңсе істерінің қазақшаға дұрыс аударылмайтыны үшін жауапты құрылымдарды сынға алады. Сөзінің дәлелі ретінде Қызылорда қаласының бір қазағы түсінбей, әкеліп көрсеткен қазақша жарлықты қаз-қалпында мақаласына кірістіреді. Содан соң «Қазақ тілін жүргізетін комиссия болсын, өзге мекемелер болсын, мұндай сорақы іске көзінің қырын салмаса, әрі-беріден соң «қазақшаң мынау болса, орыс болып-ақ кетелік» деушілер табылмай ма? Сонда не бетімізді айтамыз?» – дейді автор. Қазір жағдай одан да сорақы болып көрінеді. Ол кезде орыс халқының қол астындағы бодан ел болғандықтан, заң, бұйрық – бәрі де әуелі орыс тілінде жазылып, кейін қазақшаға тәржімалан-ды. Міржақып сол ресми іс-қағаздардың дұрыс, сауатты және ұғынықты мәнермен аударылмағанына күйінді.

Ал бүгін Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды ғой. Соған қарамастан, заң нұсқалары, ресми құжаттар т.б. әлі күнге дейін алдымен орыс тілінде жазылып, кейін қазақша сұлбасы дайындалады. Ондай шала аударма мәтіндер қазақша жазылғандай көрінгенімен, ішінде не айтылғаны, мазмұны не туралы екені бұлыңғыр болып қала береді.

Қалың бұқараның қазақша сөйлеуіне ғана емес, қазақ тіліндегі сөздерді дұрыс қолдануына, сөйлемдерді сауатты құрауына әсер ететін орасан күш – бұқаралық ақпарат құралдары. Өткен ғасырдың басында қазақ даласында ең кең тараған БАҚ түрі мерзімді басылымдар болғандықтан, Міржақып «Газет тілі оңды болсын» деген мақала жазды. Осы еңбегінде қаламгер: «Газеттің бір нөмірін алып қарасақ та, онда кемінде 20-30 адамның жазған хат-хабары басылып отырады. Оның бәрі тілге шебер адамдар бола бермейді, бір өзі бұтып-шатып үйренген әдебімен, иә өзгеге еліктеуімен тілдің басын жарып, көзін шығарып жазады. Газеттер ондай адамдардың сөзін тілі үшін емес, хабар үшін басады. Бірақ газет басқармаларының көбі ондай теріс, ерсі сөздерді түзетпей, тезіне салмай, шикі күйінде жіберіп қояды» – дейді. Жоғарыда аталған мақаласында автор сол кездегі «Қазақ тілі», «Кедей тілі», «Шығыс билігі», «Қызыл ту», «Кедей», «Еңбекші қазақ», «Жас қайрат» секілді газеттердегі қателіктерді санамалап көрсетеді. Біздің заманымызда бұқаралық ақпарат құралдарының ауқымы кең, түрлері де анағұрлым көп. Оқырмандар, көрермендер һәм тыңдармандар үшін ақпарат, не болмаса, әрқилы бағыттардағы материалдар газет-журналдарда, сайттарда, теле немесе радиоарналарда, тіпті әлеуметтік желілердегі парақшаларда қолжетімді. Сондықтан бүгінде БАҚ-тың құзіреті де, құдіреті де жан-жақты әрі өте қуатты. Мәселен, ойын балалары телеарнадағы жүргізушілер мен журналистер қалай сөйлесе, дәл соны қайталайды. Телеарнада көрсетіліп жатқан хабардағы сөйлеу мәнерін ересектер де дұрыс екен деп қабылдайтыны өтірік емес. Бұл қалам ұстаған қауымға ауыр міндет жүктейді, әр журналист осы жауапкершілікті сезінуі шарт. Өсіп келе жатқан ұрпақтың ана тілінде қатесіз сөйлеуіне тікелей ықпал ететінін БАҚ қызметкерлері бір сәтке де жадынан  шығармауы  керек.

М. Дулатұлы «Орысшылаған қазақ тілі» деген мақаласында қазақ сөздері мен тіркестерін орыс тілінің заңдылықтарымен қолданатындарды сынға алады. Авторша айтсақ, «бөркім жарасады» деп емес, «бөркім жүреді» деп айту; «өзеннен өту» дегенді «өзен арқылы өту» деу; «сұрады», «ұсынды», «түсіндірді» деген сөздерді «сұрау қойды», «ұсыныс қылды», «түсініс берді» деп пайдалану – орысшылаған қазақ тілінің «жарқын мысалдары». Қазір мұндай қате қолданысты «орыс тілінен калька аударма» деп жүрміз. Өзекті өртейтіні – күнделікті өмірде, ресми құжаттарда, басылым беттерінде, теле-радио бағдарламаларда калька аударма әбден етек жайған, үйреншікті нәрсеге айналып кетті. Көпшілік қазақ тілінің табиғатына, ережелеріне сай шеңберден шығып, бөтен тілдің заңдылықтырамен сөйлейтінін сезінуден қалды. Дегенмен ана тілінің уызына жарыған әр адам орашолақ тіркестер мен сөйлемдерді бірден байқайды. Бір ғана мысал келтірейік. «Закон.кз» сайтында биылғы 12 шілдеде «әл-Фарабиде жөндеу жұмыстарына байланысты кептелістерден қалай өтуге болады» деген ақпараттық материал жарияланған.  Онда бірінші сөйлем мынадай: «Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әл-Фараби даңғылының бойында Сырғабеков көшесінен Есентай өзеніне дейін өткізу қабілетін арттыру үшін 12. 07. 2023 ж бастап 13. 07. 2023 ж дейін мынадай шаралар қабылданатын болады...». «Қабілет» деген сөз қазақшада тек тірі жанға қатысты айтылмайтын ба еді? Ал бұл жерде автор «көшенің көліктерді өткізу қабілеті» деген ұғымды шығарып, қазақ тіліне «жаңалық» енгізіп отыр.  Себебі орысша ойланып, қазақшаға соны тікелей аудара салған. Бұдан бөлек сөйлемді «мынадай шаралар қабылданатын болады» деп аяқтапты. Бұл да орыс тіліне тән қолданыс, яғни «будут приняты такие меры» дегенді сол қалпында тәржімалаған. Оның орнына жай ғана «қабылданады» немесе «қабылданбақ» десе, дұрыс болар еді. Біз бір ғана мысал келтірдік. Негізі, мұндай қателер БАҚ-тарда ғана емес, аударма кітаптарда да, жарнама мәтіндерінде де, түрлі тауарлардың тысындағы жазбаларда да т.б. жерлерде өріп жүр. Бәрі де «орысшылаған қазақ тілі» мен саф, таза, былғанбаған қазақ тілін ажырата алмаудың кесірі. Мұндай жағымсыз үрдістен халықты жаппай арылту – оңай дүние емес. Ондаған жылды қажет ететін шаруа болуы мүмкін. Бірақ ана тіліне құрметі бар адам өз кемшіліктерін түзетемін десе, әрине, ондай кісіге ешқандай  тосқауыл  жоқ.

Өткен ғасырда ғұмыр кешкен тағы бір тұлға Сәкен Сейфуллин қазақ тілінің от басы, ошақ қасында қолданылатын тұрмыс тілі болып қалып қоймай, мемлекеттік басқару істері де қазақша жүргізілгенін қалады. Бұған кедергі болған жайттарды «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу» деген мақаласында атап көрсетеді. Яғни ХХ ғасырдың басында кеңселерде жұмыс істеген қазақ қызметкерлері қазақша жазғаннан, қазақша сөйлегеннен орысшаны жөн көрген. Себебі кейбірі қазақша мүлде білмеген. Ал білгендері қазақша мүлде сөйлемегендіктен, бірте-бірте ана тілін ұмытып қалған. «Мұндaй хaл, әcірece бұрынғы зaмaндa пaтшa ұлықтaрынaн өтe қaймығып, cол ұлықтaрғa өтe қaтты жaғынып қaлғaн жeрлeрдe көбірeк ceзілeді һәм өздeрі cол пaтшaның әртүрлі «ұлығы» болудың жолынa қaттырaқ түcкeн жeрлeрдe көбірeк ceзілeді. Мінe, оcындaй ecкі әдeттeн біздің aдaмдaрымыздың кeйбірeулeрі әлі қaйтқaн жоқ. Бұлaрдың ойыншa орыcшa cөйлeceң, «білгіш» көрінecің, қaзaқшa жaзcaң, «білмeйтін» болып көрінecің». Сәкеннің осы сөздері маған өткен ғасырға емес, осы шаққа қатысты айтылғандай елестеді. Өйткені қазақша білмейтін және білмегеніне еш намыстанбайтын министрлер, депутаттар, түрлі комитет пен басқармалардың басшылары өте көп. Өкінішке қарай, ондай кісілердің қазақтілді қауымға менсінбей қарайтындығын байқап жүрміз. Нағыз құлдық сананың көрінісі ғой! Өз тіліңді қор тұтып, өзге тілді зор тұтуды басқа қалай атауға болады?! Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін заңда «мемлекеттік қызметкерлер міндетті түрде қазақ тілін білуі керек» деген қатаң талап жетіспей тұр.

Ана тіліміздің өркендеуі үшін аса маңызды тағы бір дүние бар. Өсіп келе жатқан балалардың тілі қазақша шықса, келешекте бірыңғай қазақтілді қоғам қалыптасады. Алайда қазір көптеген дос-танысымыздан: «Біз үйде мүлде орысша сөйлемейміз. Бірақ балаларымыз (немесе немерелеріміз) орысша сөйлейді. Осыларға қойдыра алмай жүрміз» деген сөзді жиі естиміз. Себебі бүлдіршіндер ютубтан орысша не ағылшынша түрлі қызықты мультфильмдер көреді. Балаларға арналған қазақша телеөнімдер мен анимациялық дүниелердің деңгейі, сапасы өзге тілдегілермен салыстыруға да келмейді. Сәбилеріміз таза қазақша сөйлесін десек, балаларға арналған қазақша сапалы мультфильмдер, түрлі-түсті суреттерге бай, қызықты әрі мазмұнды кітаптар, көңілді әндер, тіпті компьютер ойындары да көп шығарылуы керек. Жас ұрпақ – елдің ертеңі. Мемлекеттің болашағынан қаржыны да, басқаны да аяуға болмайды.

Жоғарыда жазылған нәрселер – негізінен, мемлекеттік деңгейде атқарылуы тиіс шаруалар. Әйтсе де, әр адам тілге жанашырлықты өзінен бастауы тиіс. Мысалы, үйде отбасыңызбен қазақша сөйлеу; «остановканы» «аялдама» деп, «мороженоены» «балмұздақ» деп, т.б. орысша сөздерді араластырмай, тілімізді шұбарламай сөйлеу – ана тіліміздің тазалығы, мәртебесі үшін күнделікті күрес.

Сөзіміздің қорытындысында айтарымыз, қазақ тілі – бүкіл ұлттың асыл мұрасы, баға жетпес қазынасы. Тілімізді қорғау да, қолданылу аясын кеңейту үшін тынымсыз талаптану да баршамызға  қасиетті  парыз.

Алпамыс Файзолла,

Астана қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале