15.12.2022, 10:30
Оқылды: 144

Алашордашылар большевиктермен неге  бірікті?

Архив деректері Қазақстандағы ұлттық-демократиялық қозғалыстың большевиктік билікпен қарым-қатынасы туралы сыр шертеді. 

1c7bd64d-3406-42b7-86fe-3f55d3e925bd

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында XX ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақстан тарихын саралауда жаңаша серпін болғаны белгілі. Жарияланған ғылыми зерттеулер Ресейдегі патша билігін келмеске кетірген қос революцияның қазаққа бергені мен алғаны жайлы тың деректерге сүйенді. Әрине, Қазақстан үшін ғана емес, метрополияның өзі – Ресей үшін де қос төңкерістің барысы, аралығы, кейінгі зардаптары біршама түйіні шиеленіскен мәселелер қалдырды. Революциялардан кейінгі әлеуметтік, ұлттық, ұлтаралық мәселелер қайта қарауды, тиянақты талдауды қажетсінеді. Коммунизмнің сыңар көзәйнегімен кеңестік насихат пен саясиландырылған партиялық тарих ғылымы бұл мәселелердің барлығын өзінше тігісін жатқызып, бояп, түрлендіріп қойғанымен, түсіндірілмей қалған түйткілдердің сирағы сойдиып жататын. Мұндай сөз жетпей, дерек жетпей қалған мәселелердің жайын таптыру үшін советтік идеология пайдаланылды.

a20cc49e-db7a-4bdf-b61f-3e99a5a9c622

Қазақстандағы қоғамдық сананы отарсыздандыру (деколонизация) үдерісі мен тарихи танымды жаңғырту үшін аса пайдалы болып отырған «Архив-2025» кешенді жоспарын жүзеге асыру бойынша ҚР Орталық мемлекеттік архивінің ғылыми іссапары барысында Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы мұрағаттардан әкелінген құнды құжаттар түрлі түйткілді мәселелердің жай-жапсарын зерттеуге мүмкіндік береді.

1917 жылдың қараша айының 14-інен 15-іне қараған түнінде Орынборда атаман А.Дутов басқарған, құрамына большевиктер мен анархистерден басқа барлық дерлік саяси партия өкілі кірген Отан мен революцияны қорғау комитетінің билігі орнады. Осы сәттен бастап ұлттық-демократиялық бағыт ұстанған Алаш қозғалысының да қиындықтары үстемеленді. Қос төңкерістен кейін қалыптасқан саяси ахуалдың ерекшелігін тарихшы Д. Аманжолова: «Алашорданың трагедиясы большевизмнің идеясы мен тәжірибесін қабыл етпей, әлеуметтік прогресс жолында кеңеске қарсы күштерге қосылғанымен, бұл лагерьде де түсіністік пен қолдау таппай, балға мен көріктің ортасында қалғанында болды. Ақ қозғалыстың Ресейдегі бұрыннан езілген халықтардың дербестікке ұмтылысын мүлде қабыл етпейтін унитарлық дәстүрі Алашордамен қарым-қатынасының өн бойында сақталып тұрды. Басқа халықтарға деген сенімсіздік қазақ өлкесінде әрекет еткен барлық үкіметтің саясатының өзегі болды», – деп сипаттайды.

Алаш өкілдерін қатыстыра отырып, Қазақ советтік автономиясы құрылтай жиналысын өткізу туралы ұлттар комиссариатының қаулысынан кейін большевиктер тарапынан Алашорданың батыс бөлімшесімен де байланыс орнатуға әрекет жасалды. Орал-Бөкей ревкомы ұлттар алқасының мүшесі Бақыт-жан Қаратаевтің ұсынысымен 1919 жылдың 19 наурызында Жымпитыдағы Алашорданың кеңсесіне К.Тәттібаев жіберілді. Алашорданың батыс бөлімшесінің советтермен қарым-қатынасы өңірдегі казактардың әрекетіне байланысты үнемі өзгеріп тұрды. Алашорданың өкілі Қ. Тәттібаевтің келісім құжатына қол қоюы ақ казактардың Мергенов елді мекенінен қызыл армия бөлімдерін ығыстырып шығаруын кейінге қалдырды. Осы жылдың күзінде кеңестік билік Досмұхамедовтармен байланыс орнатып, оларды өз жағына шығару үшін әрекетті жалғастырды. 1919 жылдың шілде айында құрылған Қырғыз әскери революциялық комитетінің төрағасы С. Пестковский 4-армияның әскери-революциялық кеңесімен келісе отырып, осы армияның уәкілі В. Лежаве-Мюрат, әскери-революциялық комитет мүшелері – Б. Қаратаев, Ғ. Әлібеков және басқалар кірген арнайы делегацияны Жымпитыға жібереді. Бұл сапарлар да Батыс Алашорда жетекшілерінің ұстанымына әсер ете алмаған. Жағдайдың қиындай беруі алашордалықтардың өз тірек пунктін ауыстырып, Жымпитыдан Қызылқоғаға орын ауыстыруына алып келді. 1919 жылдың 4 қарашасында әскери-революциялық кеңес алашордашыларға рақымшылық жариялады. «Көптеген еңбеккерді болашақ шығармашыл қызмет үшін сақтауға дайындықты, қырғыз (қазақ) халқына кеңестік Конституция аясында автономия беру ниетін бекіте отырып», Кеңестік Ресейге қарсы күреске тура немесе жанама түрде қатысқан барша қырғызға кешірім жарияланды. Қалыптасқан жағдайға қарамастан, Батыс Алашорда өлкедегі басқа саяси күштермен де тең позиция ұстап отырды. 1919 жылдың желтоқсанында Түркістан майданында қызылдардың басым түсуімен бірге Алашорданың батыс бөлімшесі ұстанып келген күштер ара салмағына орай аунап түсу, күту тактикасы да ақырына жетті.

Азамат соғысы жағдайындағы Қазақстан аумағындағы саяси ахуалға қатысты маңызды құжаттар әскери бөлімдердің кеңселерінде сақталған. «Архив-2025» бағдарламасы аясында Ресей мемлекеттік әскери архивінің (РГВА) №842 Заволжье әскери округінің Орал бекініс ауданының штабы (1920-1921) қорынан Алашордамен қарым-қатынасқа байланысы құнды түпнұсқа және көшірме құжаттар табылды. Құжаттардың арасында 1919 жылдың 25 қыркүйегі күні Саратов губерниялық партия комитетіне Орал-Бөкей Қырғыз әскери-революциялық комитетінің атынан жолданған әскери-революциялық комитет төрағасы Б. Қаратаев пен хатшысы М. Усанов қол қойған түпнұсқа хаты бар. Хат мазмұнында «Қызыл Армияның шығысқа қарай, Ресейдің аз халықтары арасына қарай жылжуымен Совет өкіметінің міндеттері кеңейіп отырғаны» атап көрсетіліп, Орал өңірінде Кеңес өкіметін орнату жұмыстарын жүргізу үшін адамдар жіберу туралы өтініш айтылады.

Б.Қаратаев Саратов губкомынан әскери-революциялық комитеттер құру жұмыстарын ұйымдастыруға Дмитрий Фисенко бастаған 2-3 адамның жіберілуін аттай қалап сұраған. Аталған ресми қатынас хаттан бөлек Д. Фисенкоға оны жақсы танитын Орал-Бөкей әскери-революциялық комитетінің хатшысы М. Усановтың жеке хаты да жолданған екен. Хаттарда  «езілген», «бостандық аңсаған» қырғыз халқын ояту міндетіне керекті адамдардың жоқтығы сипатталған. Осы орайды Мұстафа Шоқайдың Түркі-стандағы революция мен кеңес өкіметі орыс әскерінің найзасымен орнатылғаны ту-ралы түйінінің дәлдігі ойға келеді.

Кеңестерге қосылу мәселесін талқылау мақсатында Алашорда жетекшісі Жаһанша Досмұхамедов 1920 жылдың 15 қаңтарында Ойылда өтетін келіссөздерге өз жақтастарын шақырады. Хат түпнұсқасы қазақ тілінде жазылған. Орал бекініс ауданы штабына бұл хаттың орыс тіліне аударылған көшірме нұсқасы мен келіссөздер барысында Алаш-ордаға жіберілген кеңестік өкіл Ғ. Әлібековтың түсініктемесі бірге жолданған. Ж.Досмұхамедовтың хатында: «Казачествоның қырғыз (қазақ) халқына қорлығы үдей түскен себепті Алашорда қырғыз (қазақ) халқының большевиктерге қосылуын тиімді деп санайды. (Қазақтар) өткен 1919 жылдың 27 желтоқсанында Қызылқоғада казачествоға қарсы көтеріліске шығып, казактарды жеңіп, Елек корпусының бастығы, генерал Акутинді және онымен қоса 800 қарулы жасақты тұтқындады. Бұған қоса пулеметтер мен қарулар алынды. 28 желтоқсанда қазақтар казактармен тағы да ұрысқа түсіп, жеңіп, көптеген тұтқынды қолға түсірді. Бұдан кейін Ойыл большевиктерімен келіссөздер жүргізіліп, келісім жасалды. Енді барлық нақты және маңызды мәселе шешілуі үшін 15 қаңтарда Ойылға келулеріңіз керек және басқа да жетекші-зиялыларға осыны хабарлаңыздар» делінген. Ойылда өтетін жиынға шақырылғандардың тізімі де белгіленген. Ойылдағы жиынға уездік управа, уездік сот толық құрамда шақырылды. Бұдан бөлек 21 адам тізімделген. Шақырылғандардың ішінде Т. Тайпаков, А. Каратаев (Арон Қаратаев), Духеттер Кусятахиев (тізімде солай, дұрысы: Дәулетшах Күсепқалиев), Ш. Кусятахиев (Шахбазгерей Күсепқалиев), И. Қашқынбаев (Иса Қашқынбаев), Н. Бахтанов, К. Хаирша (Қайырша хазірет Ахметжанов), Н.  Хузяшев, Куанай Хазрет (Қуанай хазірет Қосдәулетов), Айбишан, Кенесары, Сазых Ушарев (Салық Омаров), Ничметта, Ғұбайдолла Әлібеков, К. Құтқожин, Шукан Ажбаев (Шүкән Әжібаев), Майдан Куанчаниев, Кожабек ..ейисов, Иныштыбай, Галиакбар Алибеков, Мееуликан Сарыуджин бар. Әрине, әскери билік орындары үшін аударылған мәліметте адам есімдерін бұрмалау орын алған.  Советтердің өкілі Ғалиакбар Әлібеков өлкелік ревкомға берген қосымша мәліметінде Ойылдағы жиынға шақырылғандардың «тек кейбірінен басқасы байлар екенін, олар патша билігі тұсында, Керенский үкіметі кезінде және Алашорда уақытында билікте болғанын, Досмұхамедов болса олармен Совет өкіметі кезінде де санасқысы келетінін» көрсеткен.

1920 жылдың 5 қаңтарында Алашорда бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтың 4-армия әскери-революциялық кеңесінің мүшесі В. Лежава-Мюратқа жолдаған арнайы хатында келіссөздерге кеңестер тарапынан Лежаваның өзінің қатысуын сұраған. Ж. Досмұхамедов Лежава-Мюратты «біздің саясатымызбен таныс, оның мәнісін білетін қайраткер» ретінде бағалайтынын жеткізген.

1920 жылдың 5 қаңтарында Қызылқоғадан Орынбордағы Қырғыз өлкелік ревкомына жолданған Жаһанша Досмұхамедовтың хатында Алаш-орданың кеңестер жағына өтуі бойынша негізгі мәселелер қамтылған. Ресей мемлекеттік әскери архивінде бұл құжаттың көшірмесі сақталған. Айта кету керек, тарихшыларға бұл құжат бұрыннан таныс. Осы хаттың ҚР ОМА-да сақталған нұсқасы «Алаш-орданың Батыс бөлімінің тарихы» (Орал қаласы, 2012 жыл) атты құжаттар мен материалдар жинағына кірген. Ресей мемлекеттік әскери архивінен табылған көшірме нұсқада хаттың соңында «Қазақ ревкомына арналған бұл хабарламаның көшірмесі Қызыл Армияның Жымпиты тобының басшыларына мәлімет үшін және танысқаннан кейін Түркістан майданының 4-армиясының әскери-революциялық кеңесінің мүшесі Лежава-Мюратқа осы хатпен бірге берілген басқа пакетпен бірге беруді өтініш етеміз»  деп көрсетілген. Осыған қарағанда, 5 қаңтардағы хаттың бұл нұсқасы дербес түрде Қызыл Армия әскерилеріне жолданған болуы мүмкін. 5 қаңтардағы Ж. Досмұхамедовтың хатында Қазақстанның батысындағы ақ казактарға қарсы тұру мақсатындағы Алашорда бөлімдерінің әрекеті тарқатып жазылған. Ж. Досмұхамедов Қызылқоға үшін ұрыста Қызыл Армия бөлімдерімен тізе қоса күресе отырып, Алаш-орда іс жүзінде Кеңестік Ресейге қосылды деп санауға болатынын көрсеткен. Батыс бөлімше жетекшісі, сондай-ақ Алашорданың Қырғыз ревкомымен бірігуі заңды, өйткені «бір өлкеде екі қожайын болуы мүмкін еместігін» де айтып өткен. Ж. Досмұхамедовтың кеңестерден негізгі талабы Алашорда өкілдерін жергілікті билік орындарына кіріктіруге байланысты және басқа да мәселелерді келіссөздермен шешуді ұсынады. Осы хатта барлық Алаш мекемелері, мүліктер, әскери бөлімдермен Қызылқоғадан Ойылға жету туралы Қызыл Армия өкілі Наумовтың талабын орындаудың «мүмкін еместігі» көрсетіледі.

Қызыл Армияның Оңтүстік топ майданының қолбасшысы М. В. Фрунзенің Ленинге жолдаған мәліметтерінде көрсетілгендей, большевиктер Алашорданың әскери қуатынан гөрі саяси салмағынан көбірек қауіптенді. Архив құжаттары большевиктердің бұдан арғы әрекеті қалай да Алашорда өкілдерінің саяси ықпалын кеміту бағытында жүргізілгенін көрсетеді.

Архив құжаттары Алашорданың батыс бөлімшесіне тиесілі мүліктердің Қырғыз әскери комиссариаты мен Қырғыз ревкомына берілу процесін де сипаттайды. С. Пестковскийдің атына Заволжье әскери округі іс басқарушысы Андерс, әскери комиссар Куземский және басқарма бастығы Брандттар жолдаған жеделхатта 1920 жылдың 13 мамырында әскери округ командирі Алашорда мүлкін жоғарыда аталған билік тармақтарына беру туралы бұйырғанын хабарлаған. 1920 жылдың 20 маусымында Орынбордағы Қырғыз өлкелік әскери комиссариатына «Төртінші армия басып алған Алашорданың мүлкін қабылдап алатын адамды Оралға жіберу» туралы жеделхат жолданды.

17614609-6e4d-4d25-a136-e77ee4416025

Осылайша, патша отаршылдығы күйреп, азаттық үміті көңілді қытықтаған алмағайып аралық кезеңдегі бостандық үшін саз кешкен қайраткерлердің жансебіл күресінің тұтас бір кезеңі аяқталып, алда отаршыл сипаты бұрынғы өкіметтен асып түскен большевиктік тоталитаризмнің сұрапыл жылдары басталған еді.

Мақалаға арқау болған бірнеше құжат тұтас тарих кезеңінің бір сәтінен хабар беретін жәдігерлер екені анық. «Архив-2025» кешенді жоспарын жүзеге асыру мақсатында ҚР Орталық мемлекеттік архивінің ғылыми іссапары барысында Ресей әскери мемлекеттік архиві мен Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінен әкелінген басқа да құжаттар ел тарихының әрқилы алмағайып кезеңінен сыр шертеді. Мемлекеттік бағдарлама жоспарына сай әкелінген құжаттар Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорына сақтауға өткізіліп, зерттеушілер мен өткен тарихқа зейінді оқырмандарға ұсынылмақ.

Еркін Стамшалов,

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының phd- докторанты,

Алматы қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале