Бүгінгі таңда алаяқтық еліміз бойынша ең көп таралған қылмыстар қатарында. Оның түрлері мен формалары да сан қилы. Жалпы, ақпараттық технологиялардың дамуы мен оны қолдану аясының кеңеюі алаяқтықтың жаңа түрлері, соның ішінде интернет алаяқтықтың пайда болуына, әрі оның саны жыл санап артуына жол ашып отыр. Аталмыш қылмыстың бір ерекшелігі – қылмыскерлер тек Қазақстанда ғана емес, елімізден тыс жерлерде де жүруі мүмкін. Нақтырақ айтсақ, бұл кесел халықаралық сипатқа ие. Сондықтан біз азаматтардың әр өтініші бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, сот-тергеу практикасын, оларды ашу мен тергеу әдістемесін әзірледік. Жасына, жағдайына, ұлтына және т. б. жағдайларға қарамастан, кез келген адам оның құрбаны болуы мүмкін.
Біздің өңірімізде де мұндай фактілер кездесіп жүр. Былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш төмендегенімен, мүлде жойылып кеткен жоқ. Тек өткен үш айдың ішінде 208 (былтыр – 408) алаяқтық қылмыс тіркелуі соның айқын дәлелі. Жерлестеріміздің ескертулерге мән бермей, соңынан опық жеулері мүлде түсініксіз.
Интернеттегі алаяқтықтың негізгі түрлері төмендегідей
Банктің қауіпсіздік қызметтері: алаяқтар банк клиенттеріне «банктің қауіпсіздік қызметі» немесе «қаржы мониторингі қызметі» деген атпен қоңырау шалып, карта бойынша күдікті операция жасалғаны туралы хабарлайды. Сонымен бірге есепшоттағы ақшаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету сылтауымен клиентті бірқатар әрекеттер жасауға мәжбүрлейді. Кейде сенімділік үшін банктердің және басқа да құрылымдардың ауыспалы нөмірлерінен қоңырау шалады. Бұдан бөлек арнайы бағдарламаларды пайдаланып, өзге мемлекетте жүріп те, Қазақстан Республикасының абоненттік және стационарлық нөмірлерін кәдеге жарата алады. Одан ке-йін алаяқтық сызбасы мынадай сценарий бойынша дамиды. Негізінен, картаның төлем сандарын (16 таңбалы нөмір, иесінің аты-жөні, жарамдылық мерзімі және артқы жағындағы үш таңбалы код, сондай-ақ банктен СМС-тен алынған код) немесе жеке кабинетке кіру деректерін алдау жолымен қолдарына түсіреді. Қоңырау шалу кезінде алаяқтар телефонның қорғалуын күшейтуді алға тартып, арнайы қосымша (мысалы, AniDesk, TeamViewer) орнату қажеттігін айтады. Бұл дегенің қашықтан басқарып, соның көмегімен жәбірленушінің он-лайн-банктегі жеке кабине-тіне кіріп, өз шотына ақша аудару мүмкіндігін туғызады. Ол аз десеңіз, бар ақшаны ұрлаумен қатар клиентке несие алуға, содан кейін әлгі қаражатын шығарып алуға «көмектеседі». Әккі алаяқтар сосын өз құрбандарын банкоматтан ақша алуға және оны арнайы есепшотқа аударуға да тез сендіреді. Артынан бармақ тістеп қала барады.
Сатып алу туралы хабарландыру: алаяқтар интернеттен көптеген жарнамаларды да оқып, терең зерделейді. Жәбірленушіні таңдағаннан соң, сатып алушы ретінде мессенджер арқылы хат алмасады және сатып алуға келіседі. Ақша аудару үшін әлгілер алдымен нұқу басу сілтемесін жібереді. Бір қарағанда, сілтеме ешқандай күдік тудырмайды, бірақ басқан кезде пайдаланушы фишингтік сайтқа өтеді. Ал онда банк картасы, CVV-коды, ЖСН көрсетілген сауалнаманы толтыру және ақша аударымын күту ұсынылады. Аталған деректемелер толтырғаннан кейін ақшаны рұқсатсыз алу жүргізіледі де, сайт бірнеше секундтан кейін бұғатталады және із қалдырмайды.
Әлеуметтік қызметтер арқылы тауарларды жарнамалау және сату: алаяқтар «ОЛХ», «Крыша.кз», «Колеса» және т. б. әлеуметтік желілерге қолда жоқ тауарлар туралы, оның ішінде аутомашиналарға түрлі қосалқы бөлшектерге тапсырыс беруге және нарықтағыдан төмен баға бойынша хабарландырулар қалдырады. Сатып алушыдан алдын ала төлем жасауды өтінеді, себебі бұл өнімді тағы бірнеше адам сұрағанын жеткізеді. Мұндай жағдайда сатушымен бейнеқоңырау құралы арқылы хабарласпай немесе осы тауардың түпнұсқалығына көз жеткізбей тұрып, алдын ала төлем жасамау қажет.
Онлайн-несиелерді рәсімдеу: алаяқтар әр түрлі жолдармен, тіпті үшінші тұлғалар арқылы өздерінің банк картасы жоқ немесе уақытша бұғатталған деген сылтаумен толық банктік деректемелерді де (банк картасының нөмірі, ЖСН, жеке куәліктің нөмірі) сұратып жатады. Ол қолына түскен бойда ұялы байланыс құралдары немесе дербес компьютер арқылы құрбандардың атына онлайн-кредиттер ресімдейді.
Пәтерлерді тәулікке немесе ұзақ мерзімге жалға алу: пәтер жалдау нарығында мұндайлар пандемияны өз мақсаттарына шебер пайдаланды. Дәл осы мезгілде интернетте «жалға алу алаяқтары» деп аталатындар белсенділіктерімен ерекшеленді. Яғни клиент тарту үшін алғашқы кезекте керемет жөндеуден өткен пәтер суретін салып, қолжетімді баға ұсынады. Жарнамасы да жанға жағымды естіледі. Ыңғайын білгеннен кейін алаяқтар әлеуетті клиенттерден пәтерді брондау үшін тиісті қаржының бір бөлігін банк картасына аударуды талап етеді. Төлем жүргізіліп, уақытша иесі әлгі жерге келгенде ондай пәтердің жоқтығын немесе мекенжайы жалған екенін бір-ақ біледі. Осылай «қақпанға» қалай түскенін сезбей де қалады.
Шотты жылжыту: алаяқтар психологиялық әдістерге де жүгінеді. Мысалы, ақша пакеттері (әрине, жалған) мен қымбат аутомобильдердің (өздерінікі емес) фотосуреттерін күнілгері жариялап қояды. Оны көрген біреулер төлқұжат көшірмелерін кепілдік ретінде жібере са-лады. Әлеуметтік желілерде-гі алаяқтар парақшаларында осы бағытта қуанышқа кенелгендердің жалған пікірлері де қаптап жүреді. Бірақ оларға сенбей, келесі қауіпсіздік шараларын сақтау керек:
- өзіңіздің төлқұжат және өзге де дербес деректеріңізді ешкіммен бөліспеңіз, банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келіп түскен SMS құпия сөздерді, тіпті егер сізге өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырса да ешкімге хабарламаңыз;
- жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз, әсіресе, кішігірім шрифтпен жазылғандарын;
- тиімді ұсыныстарға сын көзбен қараңыз не елемеңіз;
- тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз;
- белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз;
- тартымды немесе күмәнді шарттармен мәміле жасауға асықпаңыз;
- байланыссыз төлемдер кезінде карта бойынша шығыс лимитін орнатыңыз және мүмкін транзакциялардың мөлшерін шектеңіз;
– өз құжаттарыңызды (жеке куәлік, банк картасы) және оның көшірмелерін (фотосуреттер) ешкімге жібермеңіз, атыңызға микрокредиттік қарыздар ресімделіп кетуі де ғажап емес.
«Сақтансаң, сақтармын» дегендей, көлденен кесапатқа ұрынбау үшін әр адам осы айтылған жайларды естен шығармай, өзгелерді де соған шақыра білгендері абзал.
Алпыс Қуандық,
БҚО ПБ КПБ бастығының орынбасары,
полиция подполковнигі