5.09.2022, 9:16
Оқылды: 45

"Әлдебіреулердің асап қалуына, қағып қалуына қоғам болып қарсы тұруға тиістіміз!"

Соңғы екі-үш жылда елімізді түбегейлі жаңарту, халықтың билікке деген сенімін нығайту бағытында ауқымды істер қолға алынғаны мәлім. Соның нәтижесінде түрлі салада өзгерістер басталды.

1

Өткен уақытта халық дәулетіне жебір қолын салғандар жалғанның жарығына шығарылып, жазалануда. Тіпті мемлекетті де өзінің меншігіндей көргендер, оңай олжадан асап-асап кекірігі азғандар, кәсіпкерлердің игілігін тонағандар немесе айталық, рейдерлік іс-әрекет жасаушылар үсті-үстіне тұтылуда. Алдағы уақытта да заңның қатал тезіне ілігетіндер аз болмасы анық. Президенттің кешегі Жолдауынан елге қиянат жасаушылықпен күрес тіпті күшейтілетінін білдік.

Мысалы, басқа елдерден көліктерді жасырын, астыртын әкелудің астарында небір былық жатқаны шүбәсіз. Соның арналарын жоюмен қатар Президент кеден жұмысының ашықтығына қол жеткізу жайында айтты. Кеденімізге қатысты да өткен жылдарда көп келеңсіздіктің тамыры тереңге кетіп қалғаны белгілі. Нашақорлыққа, есірткі бизнесіне тосқауылға байланысты шұғыл шаралар қажеттігі де Жолдауда түйінделіп баяндалды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сәулет-құрылыс саласындағы қағазбастылықты, ескі ережелердің әлі күнге қолданылып жүргенін сынады. Мына заманда ескі сүрлеуден шықпау сапасыздыққа, «бармақ басты, көз қыстыға» соқтыратындығын сезу қиын емес.

Бір сөзбен қайырсам, қылмыс атаулының алдын алу, тәртіпке көнгісі келмегендерді құрықтау жөнінде қарымды, ширақ, батыл істер керек-ақ. Әлдебіреулердің асап қалуына, қағып қалуына қоғам болып қарсы тұруға тиістіміз.

Болат Есқалиев,

Журналистика ардагері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале