6 желтоқсан – Прокуратура қызметкерлері күні. Биыл мен бұл мерекені 15-ші мәрте қарсы алып отырмын. Әрі осы аралықта еліміздің дамуына, заңдылық пен тәртіптің берік орнығуына елеулі үлестерін қосып келе жатқан қанша айтулы азаматтармен таныс-біліс болдым. Тіпті сондай жандардың бірқатарымен қызметтес болғанымды мақтаныш етемін. Жалпы жас маманның белгілі бір жетістіктерге жетуі аға буынның, тәжірибелі тәлімгердің аялы қамқорлығының арқасы.
2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітіріп келісімен, Ақжайық аудандық прокуратурасында еңбек жолымды бастадым. Сол кезде аудан прокуроры болған Р.Молдахметов менің көмекшілік қызметімде көп нәрсені терең зерделеуді үйретті. Қос орынбасары – А.Жанатауов пен А.Жолтаев секілді білікті заңгерлерден алған тәлім-тәрбием де ұшан-теңіз. Кейін облыстық прокуратураға ауысқан кезде де А. Жанатауов басқарма басшысы ретінде өз қамқорлығын көрсетті, бағыт-бағдар берді. Қала прокуратурасында қызмет атқарғанда Орал қаласы прокурорының орынбасары болған А.Ғилым деген азаматтан да үйренгенім көп.
Иә, уақыт, шіркін, жүйрік қой. Қазір біздің қатар да отыздың бел ортасына келді. «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деген қағидаға салсақ, сол алдыңғы толқынның қолдау-көмегі мен көрсеткен сенімінің арқасында біраз қызмет баспалдағынан өттік. Әсіресе облыстық прокуратурада бөлім басшысы, облыс прокурорының көмекшісі қызметінде болғанда көріп-білгеніміз, көңілге түйгеніміз аз емес. Соның бәрі өмірлік тәжірибеге айналып, өз пайдасын тигізіп те жүр. Әсіресе Бөрлі ауданы прокурорының орынбасары қызметіне тағайындалғанда мен мұны айқын сезіндім.
Әрине, ата-ана тәрбиесі – өз алдына бөлек мектеп. Әкем Марат Оңаев ұзақ жылдардан бері Жәңгір хан атындағы университетте ұстаздық етіп келе жатса, анам Айман Сәрсенбайқызы облыстық прокуратура құрылымдарында абыройлы қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, асыл анамды, немерелерінің сүйікті әжесін және жоғарыда аттары аталған ардақты азаматтарды төл мерекелерімен құттықтаймын. Сонымен бірге өз әріптестеріме, яғни қала прокуратурасы ұжымына да бар жақсылықты тілеймін. Қала халқының тыныс-тіршілігін жіті қадағалап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында аянбай қызмет атқара берейік.
Алмас Оңаев,
Орал қаласы прокурорының орынбасары