2.07.2019, 16:03
Оқылды: 63

Әлекешев көрген әлек қашан бітеді?

Көзі қарақты оқырмандарымыздың есінде шығар,екі жыл бұрын Жаңақала ауданынан «Орал өңірі» газеті редакциясына бас тіреп келген шаруагердің арызы бойынша (2017жылғы 3 қазандағы №118 санында) «Әлекешевті әлекке салған кім?» атты журналистік зерттеу жариялағанбыз. Одан кейін Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты кейіпкеріміздің, яғни талапкер Жұмакелді Әлекешевтің талап-арызы бойынша азаматтық іс қарап, оң шешім шығарғанына куә боп, «бөркімізді» аспанға атып, қуана жазғанбыз. Содан бері екі жыл зу етіп өтіпті. Шұрайлы шабындығынан айырылып, ауыл-аудандағы атқамінерлердің қабылдауына жүз мәрте барғанымен, жүйке жүйесіне мың батпан салмақ түскенімен, атпал азаматтың жері өзінің уысына ала алмай, әбден сенделген. Жақында ғана газет редакциясына соққан Жұмакелді аға «Алпыстан асқанша мұндай қорлықты көрген жоқ едім... Шенеунік дейсіз бе, сот дейсіз бе, көрмегенді көрсетті...» деп терең күрсінді.

sot

Күрсінетін жөні бар, «қолынан келсе, қонышынан басуға» бейім пысықайлар оның заңды құжаттарын жойып, меншігіндегі жерін тартып алса... «Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа жоқ» болғанымен, заң, құқық қорғау құрылымдары бар емес пе дейсіз ғой. Бірақ соның өзі заңсыздыққа түк істей алмай отырған сыңайлы-ау. Кейіпкеріміз өзі тұратын Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылдық округіне қарасты Жаңаорын елді мекені мен Оралдың арасындағы 400 шақырымдық жолды жылына емес, айына, аптасына неше мәрте жүретінін айтса, жер шарын жаяу айналып өткендей күй кешесіз.

Әуелі дау-дамай неден туды, соған келелік. Жұмакелді аға 1997 жылы жеке шаруашылығын құрып, отбасындағы бала-шағасымен бірге мемлекеттен пайға 600 гектар жер алады. Сол кездегі Жаңақала аудандық ауыл шаруа-шылығы басқармасының бастығы Жанболат Семенов, аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Талғат Үмбетов, Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Әдиет Хамиев тиесілі жерін машинамен жүріп, өлшеп береді. Содан бес жылдан кейін шаруагер сол жеріне қайтадан құжаттарын дайындап, бес жылға тағы жалдайды. Жалға алу мерзімі біткен соң, қайтадан құжат дайындап, сол жерді 49 жылға жалға алады. Жаңақала аудандық «Гипрозем» бөлімінің бастығы Қайрат Қыдыров мемлекеттік актіні жасауға қажетті құжатты дайындап береді.

– Көп ұзамай өз еркімен жұмыстан кеткен Қ.Қыдыровтың орнына Нұрғали Зихановтың келуімен бар «пәле» басталды, – деп еске алды кейіпкеріміз.

– Ол менің 600 гектар жерімдегі мал азығын дайындайтын 200 га шабындығыма жалған құжат жасап, жалған қолымды қойып, аудан әкіміне мен болып «жерімді қайтадан өлшеп, анықтама беріңіз» деп үш мәрте арыз жазады. Бұл аздай, сыртымнан жалға алған жеріме қатысты (қабылдау актісін, жердің координаттарын анықтау актісін т.б.) жасап, облыстық «Гипроземнің» мұрағатындағы («Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамның БҚО бойынша филиалы – жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментіндегі – автор.) шаруашылығымның бұрынғы құжаттарын жоқ қылып, соның орнына салып қойған. Қайсыбір құжаттарға бұрынғы бастықтың атынан Қыдыров деп те қол қойыпты сабазың, – дейді әбден ашынған Ж. Әлекешев.

Сөйтіп айдың-күннің аманында Ж.Әлекешевтің шұрайлы шабындығы Оралда тұратын Оралхан Ғұбайдуллиннің иелігіне жалға беріледі. «Жеріме Ғұбайдуллин кіріп кетті» деп шаруа адамы Н.Зихановқа, аудан басшылығына бірнеше мәрте барады. Бірақ маңдайы соғылып, сағы сынғаннан басқа еш әділдік таппайды. «Тышқақ лағы жоқ» (Жұмакелді ағаның сөзі – автор.) оралдық кәсіпкер үш жылдан бері Әлекешевтің шабындығынан шөп шауып, өзгелерге сатып, бизнес көрігін қыздырып жүр. Ал бұл болса, қыруар малға шөп тауып бере алмай, басқа шаруашылықтардан сатып алумен келеді. Бір қызығы, 2010 жылы 25 сәуірде аудан әкімінің, жер қатынастар бөлімінің сол кездегі басшысы Үмбетовтың атына малым өсіп жатыр, жер беріңіздер деп жазған арызы қанағаттандырылмады. Шаруаға «Бос жер жоқ» дегенімен, 2015 жылы Ғұбайдуллинге жер жоқ демей, шабындық жер берген. Сонда бұл қалай, оны қайдан алды, айдан алмаған шығар деген сұрақ туады санамызды сансыратып...

– Бір Жаратқан Иеме аян, аудандық, облыстық деңгейдегі сотқа, полицияға, прокуратураға, әкімдіктерге, мемлекеттік кірістер құрылымдарына, қаржы полициясына, жер инспекциясына, жер кадастрлық жер учаскесін жалға беру мекемесіне («Гипрозем» мекемесіне) қысы-жазы мың сан рет келдім. Қаншама сот судьяларының алдын көрдім, кейбірінің аты-жөндерін ұмытып та қалдым. Жасырып қайтейін, мені қала мен даланың арасына сенделтіп қойды. Заң бар, әділдік бар деп келер күнге үміт артқан маған көрсеткен сол қорлықтарына кейде қаным қайнайды, – деп үнсіз қалды Жұмакелді аға.

Иә, балалар қатарластарынан зәбір көрсе, үлкендерге айтып шағымданады. Ал ересектер өз замандастарынан, тіпті құбыладай бет түзейтін құқық қорғау құрылымдарынан, заңдылықтардың сақталуын қадағалайтын мекемелерден, әділ үкімін айтар деген соттардан тауы шағылса, қиын болады екен. Не деп жұбатарыңызды білмейді екенсіз.

– БҚО экономикалық сотының судьясы Есенәлиев арызымды қабылдамай, біраз әуре-сарсаңға салды. Не болса, соған қадалып алып, сенделтіп қойды. 400 шақырымдағы қыстағымнан апта сайын салпылдап келемін, сарылып күтемін, қарамайды. Содан бір күні мені Жаңақала аудандық соты қарайды деп сонда жұмсады. Жаңақалада екі мәрте сот отырысы болды, үшіншісінде Оралдан қоңырау түсті де, сот отырысы жабық деп жариялады. Менің ісімді экономикалық сот қарайды деп қайтадан Оралға жұмсады. Осылай тағы да қалаға шапқылау басталды. Экономикалық соттың судьясы Хайруллина төрт қайтара Орал мен аудан арасына тентіретіп, ақыр соңында істі қысқартуға жіберді. Тауым шағылды, жүйкеме күш түсті, шаршадым, – деді өткен күндерді еске алған кейіпкер.

Бірақ қайтпас қайсар Жұмакелді аға әділдік іздеп,енді БҚО сотының төрағасы Бек Әметовтың атына арыз жазады. Төраға істі қайтадан қарауға экономикалық сотқа пәрмен береді. Олай болмағанда қайтер еді?! Биылғы жылдың 18 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Н.Танкиева талапкер Ж.Әлекешевтің талап-арызы бойынша азаматтық іс қарап, оң шешім шығарды.

– Нұрғали Зихановтың жоғарыда айтып кеткен қылмыстық әрекеттері Жаңақала аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу-тексеруі барысында және қолымды бірнеше құжатқа қойып жібергені облыстық сараптамадан өткен кезде толықтай анықталды. Ондай құжаттарды экономикалық сотқа тапсырдым. Сонымен қатар Зихановтың өзі істеген қылмыстық әрекеттерін мойындап, үйіме келіп, жалынып-жалпайып кешірім сұрағаны түсірілген бейнежазба, үнтаспа да сотқа тапсырылды. Бірақ жерімді заңсыз иеленіп кеткен Оралхан Ғұбайдуллинге және оған заңсыз, жалған қол қойып, алаяқтықпен құжат жасап, жерімді берген Нұрғали Зихановқа қатысты сот ешбір шешім шығармады. Н.Зихановтың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 185-бабының 1-бөлігінде көрсетілген жалған құжаттарды дайындау қылмысының формальды белгілері бар, бірақ жалған дайындалған құжаттардың құқықтар беретін немесе міндет-терден босататын ресми құжаттар санатына жатпауына байланысты қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкін емес болып шықты. Сонда деймін-ау, жер иелігіне қатысты құжаттар қалайша ресми құжаттар болмайды деп аң-таң қаламын. Біздің еліміздің заңдарын кім жазатынын түсініп көр, - дейді Ж. Әлекешев.

Осылайша судья Н.Танкиева Әлекешевтің жері Ғұбайдуллинге заңсыз берілген, сондықтан оған жер беру туралы шарт жарамсыз деп танығанымен, Зиханов пен Ғұбайдуллин екеуі апелляциялық сотқа шағым түсірді. Биылғы 19 сәуірде апелляциялық сот алқасы өтті. Төрағалық етуші Қайрат Адранов, алқа судьялары Дәулетқалиева, Ұстағалиевалар судья Танкиеваның шешімін өзгеріссіз қалдырып, Әлекешевтің пайдасына шешті. Соған қуанған шаруагер сот шешімдерін алып, аудан әкімі Н.Қарағойшинге барып, бұрынғы шабындығын кері қайтаруды сұрайды. Аудан әкімі өзінің орынбасары Асқар Мұқаметжановқа жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағат Боранбаевқа, заңгер маманға тапсырма береді. Бірақ олар Әлекешев ұсынған соттың шешімдерімен танысып, «соттың шешімі нақты емес, яғни 2015 жылғы 25 маусымдағы №150 қаулының күшін жою туралы нақты шешім керек», – деп Әлекешевтің жерін қайтарудан бас тартады.

– Содан баяғы хикмет қайтадан басталды. Судья Танкиеваға шешімді нақтылап шығаруды сұрап, арыз жаздым. Тентіреп жүріп, Танкиевадан шешімді дұрыстатып алдым. Құдай-ау, өздері заңдылықты білмейді ме, әу бастан шешімді нақты етіп неге шығармаған? Судьялар менің арызымды дұрыс қарамай, тергеуге кеткен жылдарды айтпағанның өзінде бір жыл, бір ай, сегіз күн сенделтіп қойыпты. Сірә, олар мені шапқылай-шапқылай болдырып, қояр деп ойлаған шығар. Менен басқа біреу болса, соты құрысын деп қолын бір-ақ сілтер еді. 63-ке келген жасымда қаншама жүйкемді жұқарттым, денсаулығымды құрттым. Малымды өсірудің орнына екі ортаға қанша жүгірдім, қанша шығын шықты, материалдық шығын өз алдына бөлек әңгіме. Қарапайым шаруаны әуре-сарсаңға салатын судьяларға не айтуға болады? Олар қашан ешкімге жалтақтамай, қара қылды қақ жаратын шешім шығарып, қарапайым адамдардың арыз-шағымына сергек қарайтын болады? - деп күйіп-пісті Ж. Әлекешев.

Енді алдағы уақытта аудандағылар оның жерін қанша уақытта кері қайтарады? Бұл да белгісіз. Өз жерін өзі даулап жүрген шаруаның жайын кім ұғар? Мұның бір шешімі болар ма?! Расында, Әлекешев көрген әлек қашан бітер екен?..

P.S.

Бет қатталып жатқанда, редакцияға Жұмакелді аға келді. Көңілсіз. Арыз жазып, судья Танкиеваға қайта дұрыстатып шығарып алған сот шешімін аудан әкімдігіндегілер тағы қабылдамапты. «Жаңақала аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мен О.Ғұбайдуллин арасындағы жер учаскесін  жалға алу келісімшарты жарамсыз деп емес, аудан әкімдігінің жер учаскесін беру жөніндегі қаулысын жоққа шығарған шешім керек» дейтін көрінеді. Заңгерлердің айтуынша, жеке тұлға мен мемлекеттік құрылым арасындағы келісімшарт күшін жойған соң, мемқұрылымның қаулысы автоматтытүрде күшін  жояды. Кәсіпкердің амалы таусылды. Сот төрағасы, аудан әкімдігі бұған не дер екен?

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағыпарақшамыздан және Telegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале