Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Антверпен (Бельгия) ATP 250 турнирінің чемпионы атанды.
Фото: ktf.kz
Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингте 38-орында тұрған 19 жастағы франциялық Артюр Фиспен шеберлік байқасты.
Франциялық спортшы жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципасты жеңіп кеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте Бублик брейк жасап, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.
Александр екінші сетте де 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.
Осылайша, Александр Бублик ATP турнирлеріндегі үшінші чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ол өткен жылы Монпельеде осындвй додада үздік шықса, биыл Галле (Германия) ATP 500 турнирінде топ жарған еді.