Әлемде әр 3 секунд сайын бір адам Альцгеймер ауруымен ауырады. Қазіргі уақытта дүниежүзінде 50 млн-нан астам адам осы ауруға шалдыққан. Бұл туралы баспасөз мәслихатында дәрігер-психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты, невроздар мен Альцгеймер ауруларын емдеу орталығының жетекшісі, «Көп жаса» қоғамдық қорының негізін қалаушы Жібек Жолдасова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Психотерапевт Жібек Жолдасованың айтуынша, қазір көптеген адам ата-аналары мен жақын туыстарының есте сақтау қабілетінің жоғалуы және кәрілік (деменция) туралы алаңдайды. Бұл дерттің алдын алмаса 2050 жылға қарай жер бетінің 150 млн-нан астам тұрғыны деменциядан зардап шегетін болады.
«Дәл қазіргі уақытта, осы ауруға шалдыққан қазақстандықтардың нақты санын айту қиын. Бұл 2 жылдық пандемияға байланысты болып отыр. 2021 жылы 9 мыңнан астам адамнан анықталған еді. Әлемде деменциямен ауыратын 55 млн қарт адам бар, жыл сайын 10 млн жаңа ауру адам немесе әр 3 секунд сайын жаңа ауру анықталады. Көптеген адам есте сақтау қабілетінің төмендеуі «кәрілік, емделмейді» деп санайды. Шын мәнінде, сау қартаю процесі көптеген танымдық функциялардың жақсаруымен сипатталады», – дейді Жібек Жолдасова.
Дәрігердің айтуынша, деменцияның алдын алу үшін оның дамуының қауіпті факторларын білу қажет.
«Адамның жасы неғұрлым үлкен болса, қауіп-қатер соғұрлым жоғары болады. Әлбетте, қартаю ол табиғат заңдылығы, оған ештеңе жасай алмайсың. Алайда аурудың дамуына басқа да қауіпті факторлар әсер етеді. Атап айтар болсам, гипертония, жоғары холестерин, атеросклероз, қант диабеті, семіздік, дұрыс тамақтанбау, темекі, лас ауа, пестицидтер. Осының бәрі Альцгеймерге әкеледі», - дейді ол.
Альцгеймер – деменцияның ең көп таралған түрі. Ол көбірек егде жастағы адамдарда бірте-бірте есте сақтау қабілетінің төмендеуімен, ми қызметі бұзылып, ақыл-ой қабілетінің төмендеуімен көріне бастайды.
Еске салайық, 21 қыркүйекте дүниежүзілік Альцгеймер ауруына қарсы күні аталып өтеді.