«КАЗИИТУ» инновация және телекоммуникациялық жүйелер университетінде ұлттық «Республика күні» мерекесіне орайластырылған «Әлемдік тарихтағы Қазақстан: мәңгілік құндылықтар мен жаңа көкжиектер» атты салтанатты жиын өтті.
Ұлттық мерекенің құндылығын арттырып, қазақ елінің болашаққа бастар жолын көрсетуді мақсат еткен шараға БҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Нығмет, «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенің құрылтайшысы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының вице-президенті, академик, «Жаңару» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысының БҚО бойынша филиалының төрағасы, «100 жаңа есім» жобасының иегері, Орал қаласының құрметті азаматы Ақсерік Әйтімов және жастар қатысты.
- Біздің дүниеде бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. 1990 жылы 25 қазанда Республиканың жоғары кеңесі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған Декларацияны қабылдады. Осы тарихи маңызды қадам арқылы Қазақстан дербестіктің, тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын басты. Сол уақыттан бері мемлекетіміз өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына төтеп бере отырып, даму мен өркендеу жолында келеді.
Қазақ қашаннан тәуелсіздікті текті ұғым деген. Бұл – кешегі ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз. Біз – ғасырлар бойы азаттықты аңсап, еркіндікке қолы жеткізуге ұмтылған, арман-мұраты тең өріліп, қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт бастауы жеке мемлекет болу еді. Демек, тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры - Республика күні. Мереке құтты болсын, -деді жиын басында Ақсерік Сарыұлы.
Одан соң кездесуде заң ғылымдарының кандидаты, Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, полковник, Құқықтық зерттеулер институтының директоры, кәсіподақ ұйымының төрағасы, профессор Талғат Рахметов сөз алып, тәуелсіздік жолында қазақ елі талай тар жол тайғақ кешуден өткенін атап өтті.
Сондай-ақ білім тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында аянбай еңбек еткен ардагерлер мен ұстаздарға медальдар мен алғысхаттар табыс етті.
Салтанатты жиында БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева жиылғандарды құттықтап, білім ордасының жас ұрпақты тәрбиелеу жолында үлкен жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.
- 13 жыл бойы мерекелер тізімінен алынған Республика күні екі жылдан бері ұлттық мереке ретінде тойланып келеді. Бұл күн тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадам. Содан бері еліміз өз жолын таңдап, жолмен жүріп келеді. Тәуелсіз елде туған жандар осы күні ел тұтқасын ұстар азаматқа айналды. Осындай бақытты ұрпақ еліміздің әрі қарай дамуына атсалысатынына сенім мол, - деді Гүлжанар Болатқызы.
Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Нығмет те жастарға мерекенің ұлылығын айтып, көпті елін сүйюге шақырды
Тәуелсіздік оңай келмегенін ел егемендігі жолындақандай қиындық кезіккені, болашаққа бастар жол көрсетілген жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Жетінші шақырылым депутаты, Инновация және жобалау институтының директоры, техника ғылымдарының магистрі Мәлік Құлшар арнайы баяндама жасады.
Өз сөзінде Мәлік Иманқұлұлы еліміздегі татулық пен түсіністікті нығайтуға үлкен көңіл бөлу керек екеніне баса тоқталды.
Одан соң мәдениеттану ғылымдарының кандидаты, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Жанар Досқазиева «Мемлекеттің егемендігін жариялау мемлекет дамуының маңызды кезеңі», мемлекеттік қызмет және жергілікті басқару мамандығының 1 курс студенті Жұлдыз Бахашева «Мерейлі де Егемендік Декларация – еліміздің Тәуелсіздігі жолындағы тарихи маңызды қадам» және «Құқықтану» мамандығының І курс студенті Абзал Жабасов «Республика күні мерекесінің заңнамалық жобасы» атты баяндамаларын оқыды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz