Бүгін Қазақстанның Еңбек Ері және Халық әртісі Айман Мұсаходжаеваның қатысуымен Ш.Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрінің «VIVALDI TCHAIKOVSKY» атты музыкалық кеші өтті.

Кештің алғашқы бөлімі Антонио Вивальдидің шығармашылығына арналды. Композитордың «Жыл мезгілдері» циклінен «Қыс» шығармасын әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева оркестрдің сүйемелдеуімен орындады.

Ал кеш қонағы, сирек кездесетін контратенор ерлер дауысының Қазақстандағы жалғыз иесі, Батыржан Смаков 9 бөлімнен тұратын «Nisi dominus» рухани кантатасын жұрт назарына ұсынды.

Кештің екінші бөлімінде Петр Чайковскийдің шығармашылығы насихатталды. Әлемдік музыка тарихының қайталанбас тұлғасының биыл — 185 жылдығы. Оның мұрасымен Айман Мұсаходжаева етене таныс. Европаның жетекші сахналарында скрипкаға арналған концерттерін жиі орындап жүр. «Атамекен» концерт залының сахнасында да Ш.Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрімен бірге П.И.Чайковскидің скрипкаға арналған концертін орындады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, әрі Бас дирижері — Никита Говоров.

Классикалық музыканы тыңдау мәдениеті әбден қалыптасқан оралдықтар кеш соңында ұзақ қошемет қылды. Бұл — жерлестердің кеш қонағынан тағы да шығарма орындап беруін өтінгені еді. Бұндай өтініш үш рет қайталанып, әйгілі скрипкашы Абай музыкасынан попурри, Камиль Сен-Санстың «Интродукция и Рондо- Каприччиозо», Жюль Масснэнің «Ойлану» туындысын сценарийден тыс тыңдарманның ыстық ықыласының өтеуіне тарту етті.

Концерттің түйінді сөзінде филармония директоры Бауыржан Халиолла Айман Қожабекқызын жылдың соңына қарай Ақ Жайық еліне қайтара шақырды.

Кеш қонақтары мен оркестр құрметіне филармония атынан ықылас гүлі ұсынылды.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі