Кез келген ата-ана үшін баласы – бары. Олар «Баламның табанына кірген тікен – менің маңдайыма қадалсын» деп тілейді. Ұл-қызы жыласа, жанын қоярға жер таппайды. Алайда сырттай сап-сау болып көрінетін сәбиден екі-үш жасында аутизм, яғни ми жүйесінде ауытқушылық анықталып жатады. Жалпы аутизм – әлем бойынша әлі толық зерттелмеген дерт. Бұл сырқатқа нақты қандай факторлар әсер ететіні де әлі күнге дейін белгісіз. Дегенмен дәрігерлер соңғы зерттеулерге сүйеніп, аутизмнің алдын алу бойынша жүкті аналарға кеңес береді. Осы орайда «Сәбилердегі аутизмнің алғашқы белгілері қандай? Аутист баланы өмірге қалай бейімдейміз?» деген сауалдардың жауабын сала маманынан білдік.

Аутизмнің алғашқы белгілері қандай?
Сонымен аутизм деген не? Осы орайда Орал қалалық №2 емхана директорының бала және босану жөніндегі орынбасарының уақытша міндетін атқарушы, жалпы тәжірибе дәрігері Раида Миликееваның айтуынша, аутизм (немесе аутизм спектрінің бұзылысы – АСБ) – қарым-қатынас жасау, әлеуметтік өзара әрекеттесу және мінез-құлық ерекшеліктерімен (қайталанатын әрекеттер, шектеулі мүдделер) сипатталатын, жүйке жүйесінің кеш дамуына байланысты өмір бойы сақталатын жағдай. Бұл – ауру емес, дүниені қабылдаудың ерекше түрі. Түсінікті тілмен айтқанда дамудағы кешеуілдеу. Бұл кезеңде баланың ақыл-есінің даму процесі тоқтайды. Алға мақсат, жоспар құра алмайды, айналаға қызығушылығын жоғалтады. «Аутизм» грек тілінен аударғанда «өзім» дегенді білдіреді. Демек, аутизмге шалдыққан баланың өз әлемі бар. Ол қоғамдағы, қасындағы адамдармен тіл табысып, араласып-құраласуға құлықсыз.
Өзімен-өзі отырғанды, жүргенді жөн көреді. Қалыпты жағдайды бұзуға, өзгертуге ниеттенбейді. Қатты дыбыс, ұрыс-керістен шошиды. Мұндай науқасқа шалдыққан балалардың жалпы дамуы тежеледі. Сөйлеу және интеллектуалдық мүмкіндіктері қалыпты болғанына қарамастан айналасындағы адамдармен араласа алмайды. Мінезі тұйықталып, кейде қайталана беретін құбылыстар жасайды, яғни ұзақ уақыт бойы тек бір ғана нәрсемен айналысады. Өзі секілді балалармен де ойнамайды. Қоршаған ортаға деген қызығушылығы болмайды. Айналасындағы қызықты оқиғаларға, ойыншықтарға алаңдамайды, ол өз әлемімен өмір сүреді.
– Егер аутизм ерте анықталса, әр баланың деңгейіне байланысты жұмыс жүргізіледі. Кейбір балаларда аутизмнің жеңіл түрі болып, дұрыс түзету жұмыстары жүргізілсе, қоғамға бейімделіп кетеді. Ата-аналардың көбі бастапқыда баласының диагнозын мойындамайды. «Біздің тұқымда кеш сөйлегендер болған», «Еркелік қой» деп мән бермейді. Бірақ уақыт өте келе жақындарының, туыстарының, достарының ескертуімен ғана маманға жүгінеді. Кейде кеш келіп жатады. Мұндай жағдайда да түзету жұмысы жүргізіледі, бірақ нәтиже кешірек байқалады.

Сурет: istockphoto.com
«Ата-ана қай кезде аутизм бойынша дабыл қағу керек?» деген сауалға тоқталсам.
Сәби алты айдан асқан соң сирек күлсе және ешқандай эмоция көрсетпесе, көзбен байланысқа түспесе;
айналасындағы адамдарға мән бермесе;
Тоғыз айлығында да сирек дыбыс шығарып, эмоциясын көрсетпесе;
Бір жаста мүлде сөйлемесе, өзінің атын атағанда қарамаса, көзбен меңзеп, қолмен нұсқамаса немесе жанындағы адамдар тарапынан көрсетілген меңзеу әрекеттеріне мән бермесе, ойыншықтарына қол созбаса;
Қол шапалақтап, есімін атасаңыз да қарамаса;
Бір жас 6 айлығында мүлдем сөйлемесе;
Екі жасында қарапайым сөз тіркестерін өз бетінше құрастыра алмаса;
ұзақ уақыт бойы қолдарын ретсіз бұлғаса, бір орында айналса немесе тоқтаусыз монотонды дауыспен бір сұрақты қойса, ата-ана оны дереу дәрігерге қарату керек.
Аутизммен ауыратын балалар көбінесе заттарды ретке келтіруге немесе түсі, өлшемі, пішіні бойынша реттеуге тырысады, – деді Раида Асқарқызы.
Ерте анықталған дерттің емі қонымды
Дәрігердің айтуынша, балалардың дамуында қандай да бір кідірістің бар-жоғын тексеру үшін арнайы диагностика жүргізіледі. Тексеру кезінде дәрігер баламен сөйлесіп немесе ойнап, баланың қалай үйренетінін, сөйлейтінін, қимыл-қозғалысын және өзін қалай ұстайтынын бақылайды. Яғни балалар 9, 12 айлық және 18 немесе 24 айлық кезінде дәрігерден жоспарлы медициналық тексерістен өтуі керек. Сол кезде дамуындағы кешігулері қадағаланады. Егер нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келсе, босану кезінде жарақат алса және туу кезінде дене салмағы аз болса, оның себебін анықтау үшін қосымша скринингтік сынақтар жүргізіледі. Оған көру және есту скринингтері, неврологиялық, генетикалық тестілеу өткізіледі. Аутизмді ерте жаста анықтау өте маңызды және ерте диагностикада тиімді емдеу мүмкіндігі жоғары болады. Аутизм мен аутизм спектрінің бұзылыстары 18 айлық немесе одан кіші жаста анықталуы мүмкін.
Аутизмді анықтаудағы есту тестілеріне тоқталайық.
Есту қабілетін тексерудің екі түрі бар. Біріншісі, мінез-құлық аудиометриясы. Науқасты бөлмеге жатқызып, олардың әртүрлі дауыстарға жауаптары тыңдалады. Оны әдетте білікті дәрігер немесе клиникалық аудиолог жасайды.
Екіншісі, сұраққа мидың әсері, яғни реакциясы бақыланады. Баланы тыныш бөлмеге орналастырады. Құлағының үстіне құлаққаптар қойылып, мидың реакциясы тексеріледі.
«Аутизмге шалдыққан балаларды қоғамға қалай бейімдейміз?» деген сауалға Раида Миликеева былайша жауап берген еді. Оның айтуынша, аутизмді емдеуге әдетте педиатр, логопедтер, педагогтар мен психиатрлар кіретін топ қатысады. Ерекше балаларды қоғамға бейімдеу үшін оларға білім беру және кәсіптік бағдарлама қажет. Ең кең тараған және тиімді емдеу әдісі – білім беру (мектеп немесе кәсіптік) бағдарламасы. Бұл жерде оқушының үлгерім деңгейі байқалады. Аутизмі бар балаларды қорғауда оларды шағын және бақыланатын топтарға бөлу керек. Тренингте ынталандырусыз (көру және есту) сөздік оқыту бағдарламалары түсіндіріледі. Балаға шағын ақпарат беріледі және оның жауабы тыңдалады. Балаға басқа ақпаратты үйретпестен бұрын әрбір ақпаратты меңгергені қадағалануы керек. Мысалы, олар дастарқанда тамақтануды үйренбестен бұрын үстелге қол қоюды үйренуі қажет.
Екіншісі, отбасы мүшелерін тәрбиелеу. Отбасы мүшелері аутизммен ауыратын адамның жағымсыз мінез-құлығына дайын және шыдамды болуы керек.
Үшіншісі, психотерапия. Кейбір аутизмі бар адамдарға психотерапия қоғамға бейімделуге ықпал етеді, сондай-ақ проблемалық мінез-құлықтарды шешуде ем-дом жүргізіледі.

Сурет: istockphoto.com
Төртіншіден, кей кезде ерекше балаларға дәрілер ұсынылады. Агрессивті мінез-құлық көрсетсе, галоперидол және арипипразол беріледі. Гипербелсенділік пен зейіннің жетіспеушілігі байқалса, метилфенидат ішкізуге болады. Жиі ашуланып, өзін және басқаларды жарақаттаса, рисперидон дәрісі ұсынылады.
Жалпы айтсақ, медицина аутизмді дерт деп есептемейді. Баланың болмысындағы, жаратылысындағы ерекшелік ретінде қабылдайды. Өзіндік өзгешелігі болса да, ол қалыпты өмір сүре алады. Тіпті, кейбір зерттеулер бұл ерекше балалардан аса бір қабілетті, қарымды мамандар, данышпандар шығатынын да айтқан. Айталық, Эйнштейн, Билл Гейтс, Ньютон, Бетховен және өзге де атақтыларда аутизмнің ашық сипаты кездеспегенімен, «Аспергер» синдромы көрініс тапқан. Бұл нені меңзейді? Шеңбердің шеңгеліндегі балалардың дамуына қоғам ерекше ден қоюы керектігін һәм болашағының жарқын болатынынан күмәнданбай қолдай білу керектігін ескерткендей. Ата-аналар да, мамандар да баланың бұл ерекшелігіне ерте назар салып, әбжіл қимылдаса, аутизмді жеңе алатынына сенімді. Баланың өз әлемінде жалғыз қалуына жол бермеуде уақыттың алар орны ерекше. Уақытылы әрекеттенсе, дендеген дертке де дауа табылатынын айтады мамандар.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»