Қымбатшылық қысып, күнделікті азық-түлік бағасы аспандап тұрған заманда «әлеуметтік дүкен» ұғымы халыққа үміт сыйлауы керек. Арзан баға, қолжетімді өнім, қамқорлық пен әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі болуға тиісті бұл сауда нүктелері бүгінде атына заты сай ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін біз қалалық «Ақжайық» ӘКК тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Ораз Жұмабаевпен әңгімелестік.

- Қала аумағында қазіргі таңда 15 әлеуметтік дүкен тіркелген. Соның ішінде 10 дүкен тұрақты түрде жұмыс істеп тұр, қалған 5 дүкенге жалға алушылар іздестіріліп жатыр.
Бұл сауда орындарының басты ерекшелігі – халық көп тұтынатын азық-түлік тауарларын тікелей өндірушіден, делдалсыз жеткізу арқылы төмен бағамен ұсыну. Мәселен, супермаркеттерде өнім бағасына делдалдар мен логистикалық шығындар ене-тіндіктен, баға жоғары болып келеді. Ал әлеуметтік дүкендерде дәл сол өнімдер 15-20 пайызға дейін арзан сатылады. Жалпы, әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік түрі саудаланады. Жыл сайын бұл дүкендер арқылы мыңдаған тонна өнім халыққа жеткізіледі. Бағаның арзан болуымен қатар тауар сапасына да ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына 10-15 пайыздан асатын үстеме қосылуына жол берілмейді. Бұл келісімшарт негізінде заңды түрде бекітілген. Әлеуметтік дүкендерде сатылатын барлық өнімнің сапасы мен жарамдылық мерзіміне тікелей өндіруші жауапты, ал ӘКК мамандары тарапынан үнемі бақылау жүргізіледі, – дейді департамент басшысы.
Сонымен департамент директоры ұсынған тізім бойынша әлеуметтік дүкендердің, яғни дүңгіршектердің жағдайын өз көзімізбен көру үшін 5 нүктеге аяқтай бардық. Шынына келсек, директор жоғарыда «10 әлеуметтік дүкен тұрақты түрде жұмыс істеп тұр» деген болатын. Алайда оның екеуі бос тұрған ғимарат болып шықты. Дүкендердің бірінде тауар өндіруші өз өнімін халыққа тікелей ұсынады. Қалған екі дүкенде әлеуметтік бағыттағы өнімдер жоқ, қарапайым азық-түлік дүкені ретінде жұмыс істеп тұр.
– Мен осы әлеуметтік дүкенде бірнеше жылдан бері сатушы болып жұмыс істеймін. Алғаш ашылған кезде расында да, халыққа пайдалы бастама болған еді. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері – картоп, қарақұмық, күнбағыс майы, ұн сияқты өнімдер бізде нарық бағасынан төмен бағамен сатылатын. Зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар жиі келетін, өздеріне керегін арзанға алып жататын. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы бір жылда жағдай өзгерді. Бұрынғыдай арнайы жеткізілетін әлеуметтік тауарлар мүлде келмейді. Қазір сатылып жатқан тауарлардың бағасы – базар мен дүкендердегідей. Халық та «арзаны бар ма?» деп жиі сұрайды, бірақ бізде айырмашылық жоқ. Аты «әлеуметтік дүкен» болғанымен, қазіргі жұмысымыз қарапайым сауда орны. Егер бұрынғыдай әлеуметтік өнім жеткізілсе, халыққа расында да, үлкен көмек болар еді, – дейді Динара Бахтиярова.
Мұның мәнісін департамент директорының өзінен сұрағанымызда, ол кейбір әлеуметтік дүкендердің бос тұрғанын растап, оған былай деп түсініктеме берді:
– Иә, кей нысандар әзірге бос тұр. Себебі оларды жалға алған кәсіпкерлер жұмысын енді бастайды. Өз өнімдерін сататын кәсіпкерлерге келсек, аталған дүкендер жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландырылған кәсіпкерлерге өз өнімдерін қала аумағында сату мүмкіндігін ұсыну мақсатында берілген. Қазіргі таңда біз осы дүкендермен ғана шектелмейміз. Қаланың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ететін 50-ге жуық сауда нүктесімен, соның ішінде «Алтындар», «Лидер», «Суровский», «Пешеход» сынды ірі супермаркет желілерімен жұмыс істейміз. Сұраныс бойынша ең көп өтетін өнімдер қатарында ет, көкөніс, сүт өнімдері, бакалея (күріш, қарақұмық, күнбағыс майы) және жұмыртқа бар. Мәселен, жыл басында картоп бағасы 300 теңгеге дейін шарықтап кеткен кезде, «Aqjaiyq» ӘКК тарапынан 2 000 тоннадан астам картоп нарыққа 138 теңге/кг бағамен шығарылды. Оның ішінде, 200 тоннаға жуығы әлеуметтік дүкендер арқылы делдалсыз халыққа ұсынылды. Сол сияқты ет бағасы нарықта 2 800 теңгеге дейін көтерілген уақытта, ӘКК жасаған келісімшарттар негізінде 10 тонна ет өнімі 2 100 теңге/кг бағамен саудаланды. Бұдан бөлек, күріш – 290 теңге/кг, ал қант – 350 теңге/кг бағамен сатылып, ӘКК тікелей жеткізіп отырған өнімдер қатарына енді. Жалпы, «Ақжайық» ӘКК-ның негізгі міндеті – бағаның күрт өсуі жағдайында жедел әрекет етіп, бағаны тұрақтандыру. Яғни, біз тек баға шарықтаған жағдайда ғана нарыққа араласып, тұрақтандыру шараларын жүзеге асырамыз. Ал баға бірқалыпты болған кезде, біз дүкендердің күнделікті жұмысына араласпаймыз. Тауар өндірушілер өз өнімдерін халыққа тікелей ұсынады, кей жағдайда қасына басқа да азық-түлік түрлерін қосып сатады. Бұл –кәсіпкердің өз шешімі, – дейді Ораз Жұмабаев.
Қала тұрғыны Ләззат Мұратқызы әлеуметтік дүкенге арнайы келгенін айтты:
– Әлеуметтік дүкен дегенді соңғы кезде ғана ести бастадым. Бүгін бірінші рет бас сұғып көрдім. Шынымды айтсам, сыртынан қарағанда да, ішіне кіргенде де кәдімгі дүкеннен аса айырмашылығын байқай қоймадым. Тауарлар күнделікті дүкендердегі өнімдермен бірдей, бағалары да аса арзан емес. Иә, кейбір азық-түлік түрлеріне жеңілдік бар шығар, бірақ ол туралы арнайы белгі, түсіндірме болмаған соң нақты байқай алмадым. Әзірге мен үшін кәдімгі дүкеннен еш айырмасы жоқтай көрінді, – дейді ол.
Ал көпбалалы ана Саида Лұқпанова мұндай дүкеннің бар екенін білмейтінін тілге тиек етті:
– Ондай әлеуметтік дүкендер барын естімеппін. Егер расымен халық үшін ашылса, неге үнсіз? Қайда орналасқаны, не сататыны, қандай жеңілдіктері бар екені мүлде белгісіз. Күнкөріс қамы күшейген шақта ондай дүкендердің көп көмегі тиер еді, – дейді.
Әлеуметтік дүкеннің негізгі мақсаты да осы – халықты, әсіресе, әлеуметтік осал топтарды (көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, аз қамтылған азаматтар) қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету.
Департамент директоры болашақта дүкен санын көбейту, тауар түрлерін кеңейту, жаңа өндірушілермен келісімшарт орнату, логистикалық тізбекті оңтайландыру сынды жоба-жоспарлар бар екенін айтып қалды. Алайда іс жүзінде халық күткен нәтиже болмай тұр. Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда облыс аумағында әлеуметтік әлжуаз топтарға арзан бағамен өнім ұсынатын арнайы дүкен жоқ. Әлеуметтік деген аты ғана болмаса, атқарып жатқан жұмысы, сатып тұрған тауарлары кәдуілгі дүкендер мен сауда нүктелерінен еш айырмашылығы жоқ...
Нұрлан Сәдір, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
– Мен әлеуметтік дүкеннің тұтынушысы емеспін, сондықтан осы мәселеге қатысты пікірім субъективті болады. Тұтынушы болмасам да, өз көзқарасым бар. Әлеуметтік дүкендердің медаль сияқты екі жағы бар деп есептеймін. Жақсы жағы түсінікті. Тұрмысы төмен адамдар арзан қақпен азық-түлік алуға мүмкіндік алады. Негізі, өте жақсы дүние. Дегенмен, екінші қыры біздің мемлекет нарықтық экономикаға көшті. Ал нарықтық экономикада баға реттелмеуі керек. Мысалы, адам тауар өндіре ме, оны қаншаға сатады, қалай сатады өзі білуі қажет. Себебі ол салық төлеп отыр. Ал әлеуметтік дүкендер арқылы мемлекет бағаны реттеуге араласады. Мәселен, сіз тәуекелге барып бір дүкен аштыңыз делік. Пайда табам деп тауар сатып жатырсыз. Қасынан әлеуметтік дүкен ашылды. Былай айтқанда, бұл жерде бәсекелестік болмай қалады және әлеуметтік дүкенде арзан өнімдерді кәсіпкер өзіне зиян қылып сатпайды. Оған мемлекеттен қолдау болады. Ол қаржылай бола ма, оның тетіктерін білмеймін. Салықтан жеңілдік беруі мүмкін. Ал ол жеңілдік біздің қалтамыздан шығып жатқан нәрсе. Негізгі салығы 1 млн болса, ол жеңілдікпен 200 мың теңге төлеуі мүмкін. Сол себепті қазынаға түсетін ақша кемиді. Сондықтан нарықтық экономикада әлеуметтік дүкен де, тұрмысы төмен деген де адамдар болмауы керек. Мәселен, шетелде жәрдемақы алатын адамның қаражаты күнкөріске еркін жетеді. Бізде де адамдардың әл-ауқаты сондай болуы тиіс, соған жеткізу керек. Себебі біз пайдалы қазбалары көп, өте бай мемлекетпіз ғой. Болашақта халықтың 80-90 пайызы сапалы азық-түлік тұтынатындай күйге жетуі қажет деп ойлаймын. Тағы бір ескере кететін жайт, әлеуметтік дүкендердің айналасында жемқорлық деген болады. Кез келген кәсіпкер әлеуметтік дүкен ашуға мүмкіндік ала алмайды. Ол жерде белгілі бір айла-тәсілдер бар. Мысалы, 20 тоннаға әлеуметтік тапсырыс алғанмен, тек 5 тоннасын арзан бағада сатады. Ал қалғанын өзінің нарықтағы құнымен сатып жіберсе де, ол жерде ешкім минут сайын, сағат сайын бақылап отырмайды. Өткенде әлеуметтік бағамен 140 теңгеден картоп сатылды. Оны өз көзіммен көрдім. Бірақ жылт етіп пайда болып, жоқ болып кетеді. Сатылып жатқаны келісімге сай 100 тонна ма, 5 тонна ма, оны ешкім білмейді. Мұны қадағалау өте қиын деп ойлаймын. Бұл жерде жемқорлық болуы мүмкін. Мен әлеуметтік дүкенге қарсы емеспін. Жалпы, әлеуметтік дүкендер – біздегі баға саясатының әлі де жетілмегенінің көрінісі деп ойлаймын. Бұл – менің жеке субъективті пікірім.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»