30.09.2022, 10:45
Оқылды: 45

Әлеуметтік қолдау тетіктерінің жаңа алгоритмдері

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі бағыттарын және Әлеуметтік кодексі жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрған арнайы мобильді топ Ақ Жайық өңірінде болып, белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мобильді топтың құрамында ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасы орынбасары Мұрат Мұратбеков, әлеуметтік көмек департаментінің атаулы әлеуметтік көмек басқармасының басшысы Әсия Құрманқұлова, “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ басқарушы директоры Марат Жәнібеков бар. Ведомство мен еншілес ұйымдардың өкілдері  Оралдағы «Жайықжылуқуат» АҚ ұжымымен кездесті. 

мин2

Басқосуда  М.Мұратбеков Әлеуметтік кодекстің негізгі нормалары,   Отбасының цифрлық картасын енгізу туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, биылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласындағы 5 қызмет бойынша пилоттық режімде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Әлеуметтік кодекстің құрамдас бөлігі болып табылатын цифрлық карта азаматтарды тиісті құрылымдарға жүгіндірмей, проактивті форматта ұсына отырып, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқығы барын хабардар ететін «электрондық хабарлаушының» бір түрі. Мемлекеттік құрылымдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде цифрлық картада 6 млн отбасы және сол отбасылардың 19 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған. Отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті форматта мемлекеттік қолдау шаралары 5 мың азаматқа тағайындалды. Жыл соңына дейін көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтіліп, 2025 жылға қарай цифрлық карта әлеуметтік саладағы, денсаулық сақтау мен білім берудегі мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрін қамтиды.

– Ел Президентінің Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар топтамасы ұсынылды. Әйелдер зейнеткерлікке 61 жастан шығады. 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыруды 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтата тұру қарастылды. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер еткенін ескере отырып қабылданды. Сондықтан алдағы бес жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Бұл ретте, ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құруға, сондай-ақ кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады, –  деді М.Мұратбеков.

Жиында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыруды көздейтін Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әңгіме өзегіне айналды.  Онда Қазақстан үшін жиі тартылатын және бір мезгілде тапшы кәсіптер бойынша үздік шетелдік 100 маманды тарту тетігі жасалады. «Әлеуеті мықты мамандардың міндеті білім трансфері және өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды даярлауға үлес қосады. Олар үшін тұруға ықтиярхаты бар «Бағалы дағдыларға арналған виза» енгізіледі.  Отандық  кадрларды озық даярлау үшін үнемі жаңартылып отыратын бағалы дағдылар рейтингі (тапшы кәсіптер мен мамандықтар) қалыптастырылады. Сонымен қатар  сұранысқа ие мамандықтар бойынша үздік оқытушыларды да тарту жоспарлануда. Мемлекет басшысының  тапсырмасын жүзеге асыру аясында жаңа тұжырымдама жобасында бизнес-иммиграция тәсілдері өзгертіледі. Ұлттық экономикаға бір уақытта 300 мың АҚШ долларын инвестициялаған шетелдік бизнесмендер үшін 10 жылдық тұруға ықтиярхат алуға құқық беретін «Инвестициялық виза» енгізіледі. Виза иесіне бизнесті тіркеуге, меншікті иеленуге, қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік беріледі, – деді М.Мұратбеков.

Спикердің сөзінше, бұл Қазақстанға түрлі саланы дамытуға көмектесетін сарапшылар мен инвесторларды тартуды шынайы мақсатқа айналдырады. Бұдан басқа жаңа тұжырымдама шеңберінде трансферт арқылы жұмыс орындарын құра отырып, азаматтардың солтүстік және орталық өңірлерге қоныс аударуын реттейді, ұйымдастырады.  Сонымен қатар елдің басқа облыстарында қолданыстағы бизнес-жобаларды кеңейту тетігі қарастырылады.

Жаңа тұжырымдама аясында қандастарды тарихи Отанында қабылдау және жайластыру саясаты қайта қаралады. Атап айтқанда, құжаттарды қабылдау кезеңінде қандастың келетін жерін айқындау тетігін енгізу және осы өңірде белгілі бір уақыт тұрақты тұрғаннан кейін азаматтық бере отырып, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу мен ынталандыру  қарекеттері қабылданады. Жоғары деңгейдегі мамандардың, өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда «жандандыруға» ниет білдірген этникалық қазақтардың (басқа елдердің азаматтарын) тарихи Отанымен байланысын нығайту мақсатында Қазақ картасын енгізу ұсынылған. Ондай адамдарға  саяси құқықтарды қоспағанда, елге жеңілдетілген кіру мүмкіндігін (бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операциялар жүргізу) беру қарастырылуда.

Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы  тапсырмасына орай 2023 жылдың 1 қаңтарынан  бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем мөлшері  орта есеппен 13%-ға өсетіні айтылды. “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ басқарушы директоры Марат Жәнібеков әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытудың осы және басқа да шаралары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында қаралатынын баян етті. Жұмыс берушілердің МӘСҚ-тегі олардың қызметкерлері үшін әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің мөлшері өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Одан басқа аталмыш құжатта табысты жоғалтудың әлеуметтік тәуекелдерінің барлық 6 түрі бойынша жұмыспен қамтылған халықты міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту көзделген. Ондай тәуекелдерді атасақ: жұмысынан айрылу, еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты үйде отыру жағдайы.  Бала күтімі төлем кезеңін 1 жастан 1,5 жасқа дейін арттыру жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қатысты болады. Бұл ретте ата-аналар табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері де соғұрлым жоғары болмақ.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында базалық зейнетақы мөлшерін арттыру және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табысты ұлғайту көзделген. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын – тиісінше 100 %-дан 120 %-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізу жоспарларған. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін өседі. Сонда базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрап, барлық 2 млн зейнеткерді қамтымақ. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай (3 жыл ішінде – 109 мыңнан 138 мың теңгеге дейін) жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу үшін осындай шаралар қабылдайды.

ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірістері өседі. Жолдауда айтылған тапсырманы орындау үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түскен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының орташа айлық табысының 45%-на дейін ұлғайтылады. Бұл 2023 жылы 117 мыңнан астам адамды қамтиды.

Басқосуда қатысушыларды Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған арнайы шоттарда қаражат жинау және бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемдердің ұзақтығын арттыру мәселелері қызықтырды. Табысы аз көп балалы отбасылардың тұрғын үй алу кезегінің ұзақтығы мен «Отбасы банк» арқылы жалға берілетін тұрғын үйге алғашқы жарна жинау қиындығы да сөз болды. Жиынды қорытындылаған «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Қанат Мусин министрліктің мобильді тобының мүшелеріне маңызды ақпараттары үшін рақмет айтты.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Сурет авторы: Гүлмира Сәрсенғали

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале