Бүгін Астанада Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өткен жылы атқарған жұмысын қорытындылап, 2024 жылға арналған міндеттерді айқындады.
Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырысты ашқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева Мемлекет басшысы қол қойған Жарлығына сәйкес комиссия мүшелерін ротация жүргізілгенін атап өтті.
«2023 жыл комиссия қызметінде табысты, нәтижелі болды. Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарға сәйкес ұлттық комиссияның өткен жылғы қызметі әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді зерделеуге баса мән беріп, билік пен азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар арасындағы сұранысқа ие диалог алаңына айналды», - деп атап өтті Аида Балаева.
Жалпы Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарды ескере отырып, ұлттық комиссия отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Аида Балаеваның айтуынша, 2023 жылы проблемаларды жан-жақты талдау, өңірлік ерекшеліктерді бағалау және өзекті мәселелер бойынша шешімдер әзірлеу үшін Ұлттық комиссияның сараптамалық топтарының өңірлерге бару тәжірибесі енгізілді.
Мониторинг және сараптамалық талдау қорытындысы бойынша жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер мен жазғы лагерьлерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, келеңсіздіктерге тосқауыл қою, сондай-ақ балалар арасындағы буллинг пен суицидті алдын алу бойынша бірқатар бастама әзірленді.
Зорлық-зомбылық құрбандарына тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсету үшін "One Stop Service" жобасы іске қосылды. Жоба аясында әйелдер мен балаларға қатысты 36 қылмыстық іс бойынша қолдау көрсетілді. Резонанс тудырған 11 іс ерекше бақылауға алынды.
Әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі істермен айналысатын адвокаттар мен заңгерлерге арналған арнайы әдістеме әзірленді. Балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайларына жедел әрекет ету алгоритмі дайындалып, мемлекеттік органдардың тәжірибесіне енгізілді.
Әлеуметтік маңызы бар 7 жоба, оның ішінде "Самұрық-Қазына"АҚ-мен бірлесіп 3 қайырымдылық жобасы іске асырылды.
Сөз соңында Аида Балаева Ұлттық комиссия жұмысының алдағы күн тәртібін белгіледі. Министр биылға арналған бірқатар негізгі басымдықтар құқықтық мәдениетті және заң бұзушыларға қарсы көзқарасты қалыптастыру, түрлі мақсатты топтармен қоғамдық талқылауды дамыту, адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі міндеттерді атады.