21.05.2025, 12:15
Оқылды: 116

Әлеуметтік оңалтудың өңірлік моделі

Бүгіндері облыс аумағында 31 ұйым арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіп отыр. Олардың ішінде стационарлық, жартылай стационарлық үлгідегі орталықтар, үйден қызмет көрсету ұйымдары, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға арналған арнайы мекемелер бар. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдолов айтты.

WhatsApp Image 2025-05-08 at 13.49.48

Әлеуметтік қызмет көрсету саласын лицензиялау – қызмет сапасын арттыру, қауіпсіздік пен кәсіби талаптарды қамтамасыз етуге бағытталған нақты механизм. Бұл үрдіс цифрлық құралдар арқылы қадағалануда және ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайы мен кадрлық әлеуетіне нақты талаптар қойылуда. Қазіргі таңда облыстағы 29 мекеме лицензия алып, жаңа талаптарға сәйкес қызмет көрсетуде. 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін 4843 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды.
– Облыс аумағында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық» қызмет алушыларды қалыпты өмірге қайта бейімдейді. Орталық қызмет алушыларға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық, медициналық кеңес беріп, құжаттарын, зейнетақы мен жәрдемақыларды рәсімдеуге, мүгедектік тағайындауға, жұмысқа орналасуға көмектеседі. Түнгі бөлімше мен ұтқыр әлеуметтік патруль қызметі арқылы мекенжайы жоқ азаматтарға тікелей көмектер көрсетіледі, алғашқы медициналық көмек ұйымдастырылады. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында әлеуметтік бейімдеу қызметі арқылы 262 адам (оның ішінде 84 адам орталықта, 100 адам түнгі бөлімшеде, 78 адам әлеуметтік патруль арқылы), үкіметтік емес ұйымдар арқылы 110 адам, жартылай стационарлық жағдайда 91 бала, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары бойынша 19 адам (7 әйел, 12 бала) арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Бұл шаралар – халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау және өмір сапасын арттыру бағытындағы мақсатты жұмыстың нәтижесі, – деді Жақсылық Каримоллаұлы.
Былтыр Орал қаласында заманауи стандарттар мен технологияларға сәйкес салынған, мүгедектігі бар адамдарға арналған, 150 орындық «Ақжайық» әлеуметтік оңалту орталығының құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда орталық қызмет алушыларды қабылдау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Орталықтың басты мақсаты – тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық патологиясы, мүгедектігі бар балалар мен І және ІІ топ мүгедектігі бар ересек адамдарды кешенді әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету.
– Бүгінгі таңда басқармаға қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында 18 жастан асқан 1268 адам қызмет алуда. Оның 755-і – іс-әрекетке қабілетсіз тұлғалар. Орталықтарда Ұлы Отан соғысының бір ардагері және 10 тыл еңбеккері арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған. Ұлттық құрам бойынша, қызмет алушылар саны – 1349 адам (қазақтар – 856, орыстар – 395, украиндар – 33, татарлар – 35, белорустар – 10, өзге ұлт өкілдері – 17 адам). Басқарма қарауында екі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы балаларға қызмет көрсетуде. Олар – жартылай стационарлық үлгідегі «Шапағат» АӘҚКО, стационарлық үлгідегі «Көшім» АӘҚКО. Қазіргі таңда осы орталықтарда 92 бала әлеуметтік қызметпен қамтылған. Психоневрологиялық патологиясы бар 18 жастан асқан мүгедектігі бар тұлғалар күндізгі бөлімшесі Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанында жұмыс істейді. Бөлімше 30 орынға есептелген және қазіргі таңда толық қамтылған. Қызмет алушыларды орталыққа дейін және кері тасымалдау қызметі жолға қойылған. Орталықтар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Қызмет алушыларға диеталық тағамдар (дәрігер нұсқауымен), киім-кешек, аяқ киім, санитарлық-гигиеналық құралдар, төсек-жабдықтар, техникалық көмекші құралдар, қатты инвентарьлар ұсынылады. Аталған шаралар халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сапасын арттыруға, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің баламалы, заманауи үлгілерін дамытуға бағытталған. Бұл – әлеуметтік қамқорлықтың тиімді әрі адамға бағытталған моделін құру жолындағы маңызды қадам, – деді Абдолов.

Аружан Болатбекқызы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале