8.11.2023, 14:45
Оқылды: 26

Өз бетімен тұруды сүйемелдеу орталығында қандай өзгеріс бар?

БҚО-да психоневрологиялық қызметі бұзылғандарға арналған бірнеше әлеуметтік орталық бар. Ол орталықтарда қызмет алушылар жыл бойына мемлекеттің бақылауында болады. Былтыр сондай арнаулы әлеуметтік орталықтардың ішінен қоғамға бейімдеуге болады деген таңдаулы топты бөлек шығарды. Яғни, 2022 жылдың 15 маусымында Оралда «Өз бетімен тұруды сүйемелдеу» орталығы ашылды. Осы орталықтың пайдасы болды ма? Қызымет алушылар қоғамға бейімделе алды ма? Редакция тілшісі орталыққа барып, қызмет алушылармен тілдесіп қайтты.

орталық

«Өз бетінше тұруды сүйемелдеу» әлеуметтік орталығы «Круглоозерный» арнаулы қызмет көрсету орталығына қарайды.

Қазіргі уақытта орталықта 15 адам тұрып жатыр. Ашылғанына бір жылдан асқан орталықта айтарлықтай өзгеріс бар. Орталық жетекшісі Гүлнұр Ескабулова бүгінде «13 адам қоғамға бейімделіп, тұрақты жұмысқа орналасты» дейді.

гулнур

- Алғашқы айлар аздап қиындау болды. Оны енді мойындаймыз. Себебі қызмет алушылар ешқашан қоғамға шықпаған, интернатта ғана отырған адамдар. Ең қарапайымы таңда тұрып төсек жинау, киім үтіктеу, асханаға бару секілді тірліктер бұларға кәдімгідей салмақ салатын еді. Көшеде түкірме, айқайласпа деген секілді қарапайым қағидаларды мың рет айтып, қазір үйреттік. Біздің қызмет алушылар қазір бәрін үйренді . 13 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмысқа өздері барып келеді,- дейді орталық жетекшісі Гүлнұр Ескабулова.

алимжан то

Бұл орталықтың қызмет алушылары бұрын арнаулы әлеуметтік орталықтарда қызмет алғандар. БҚО-да 12 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Сол орталықтарда бүгінде 1 348 адам қызмет алып жатыр. Осы орталықтардан қоғамға бейімдеуге келетін, мінез-құлқы тәрбиеге көнетіндерін өз бетінше тұруды сүйемелдеу орталығына әкеледі. Сол жерден оларды ортаға, қоғамға бейімдейді.

асхана

Олар осы орталықтан қоғамдық көлікпен жүруді, адамдармен араласуды, тамақ дайындауды үйренеді.  Осы орталыққа келіп жұмыс тауып, өзінің сүйікті ісімен айналысып жүргендердің бірі Алимжан Куташев.

Алимжан орталық ашылған кезде келген. Жасы 26-да. Алимжан қазір қаладағы кофе сататын орталықтарға қажетті кофені дайындап жібереді. Бұл қызметке Алимжанды жұмыс беруші өзі үйретіп алыпты.

алимжан

- Мен кофенің сорттарына қарай қуырамын. Кәдімгі жасыл түсті шикі кофе келеді. Оны жұмыс беруші өздері жеткізеді. Арнайы құрылғымен оны қуырып, пакеттерге салып кофе сататын орталықтарға жіберемін. Әрі осы орталықта ағаштан неше түрлі бұйымтжасаймын. Біз осы орталықтың ішіндегі ағаш бұйымдардың бәрін өзіміз  жасадық, - дейді Алимжан Куташев.

Орталыққа келгелі жұмыс тауып, ортаға үйренгендердің қатарында Айнұр Абылғазиева мен Толқын Кабашева бар. Толқын қазір қолөнер бұйымдарын дайындауды үйреніп жатыр. Ал Айнұр болса қолнерге шебер. Орталықтың жанындағы қолөнер шеберханасы жайнап тұр. Неше түрлі бұйым, картинадан көңіл марқаяды.

толқын

Орталықта жақсы жаңалық, жетістік көп. Ол туралы орталық жетекшісі Гүлнұр Мақсотқызы өзі айтып берді.

- Орталықта қызмет алушылардың жастары әр түрлі. Ең кішісі 19-да, ең үлкені 44 -жаста. Біз бұларды бір үйдің балаларындай болсын деп тәрбиелейміз. Ұжым өте ұйымшыл. Үйреткенді қағып алады. Әсіресе спорттық шаралардан алдымызға жан салмай жүрміз. Ақтөбе қаласында өткен республикалық турнирден жүлдемен оралдық. Түркістан қаласында өткен футболдан бірінші орын алдық. Қостанай қаласында штангі көтеруден өткен турнирде үшінші орын алдық. Спорттық шараларда жетістігіміз өте көп. Бұлар енді қоғамға шықпай, шеттеліп қалған адамдар. Ал қазір қоғамға үйреніп,  үлкен жетістік көрсетіп жүр, - дейді орталық жетекшісі.

бұйымдар

Жоғарыда біз атап өткен Айнұр Абылғазиева үйлі болып жатыр екен. Біз сол қуаныштың үстінен түсіппіз.

- «Отбасы банк» арқылы ипотекаға үй алып жатыр. Қазір үйдің барлық құжаты тапсырылып дайын отыр. Айнұр іс -әрекетке қабілетті, қоғамға әбден бейімделді. Ол өз бетімен бөлек тұра алады. Қазір мейрамханада тазалықшы болып жұмыс істейді. Ата-анасы, бауырлары бар. Олар жиі келіп тұрады, -  деп атап өтті Гүлнұр Ескабулова.

спорт 11

Ашылғанына тек бір жылдан енді асқан орталық үшін бұл үлкен жетістік. 13 адамды жұмысқа орналастырып, бір қызмет алушының үйлі болуы әлеуметтік орталықтың текке ашылмағынан көрсетеді. Осы жандарды мүмкіндігі шектеулі адам деп қоғамнан шеттете бермей керсінше қоғамға, ортаға бейімдеп жүрген орталықытың әр қызметкерінің еңбегі зор.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале