Бүгін Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті.
- Сіздер әлемдегі ең ізгі әрі қиындығы мол мамандықты таңдаған абзал жансыздар. Бұл қызметтің қоятын талабы да зор. Өйткені әлеуметтік қызметкердің бойында жоғары біліктілік, адалдық, қайырымдылық пен мейірімділік болу керек. Әсіресе бұл мамандық жүректің жылуын қажет етеді. Қиындыққа ұшыраған, жаны жаралы жандарға жүрек жылуымен қамқорлық танытып жүрсіздер. Осындай адам бойындағы ең асыл қасиетпен қызмет көрсететін сіздерге алғысымды айта отырып, кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, - деді мерекелік лебізін білдірген облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.
Салтанатты шара барысында Серік Рахметоллаұлы әлеуметтік қорғау жүйесінің бірнеше қызметкеріне марапат табыс етті. Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының палата санитары Ольга Меняйлова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, осы мекеменің палата санитары Людмила Савиных және Бәйтерек ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері Ирина Голохвастова «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал министрліктің «Құрмет грамотасы» «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі Дина Құсанға, Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аспазшысы Гүлжан Баяноваға және тәрбиешісі Қалима Урашеваға, Тасқала арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аспазшысы Мариаш Сердалиеваға табыс етілді.
Сонымен қатар бірнеше қызметкер облыс әкімі Ғали Есқалиевтің және әкім орынбасарының, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың алғыс хатымен марапатталды.
Басқарма басшысы Алтай Есмағұлұлы биыл «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер» республикалық байқауында облыс намысын қорғап, «Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы» аталымы бойынша бас жүлдеге ие болған БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы Серік Темірғалиевке және байқауға белсенді қатысқан бірнеше қызметкерге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Серік Сүлеймен белсенді кәсіподақ мүшелерін марапаттады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Искакованың сөзінше, өңірдегі осы салада үш мыңнан астам қызметкер еңбек етіп жүр.
«Олардың арасында бөгде адамдардың қызметін қажет ететіндерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, халықтың әлжуаз топтарына қызмет көрсететін 700-ге жуық әлеуметтік қызметкер бар. Облыстағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 13 орталықтың 30-дан астам үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі бар. Оларда жалғызбасты қариялар, І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиясы бар балалар қызмет алады. Жалпы өңірде әлеуметтік мамандардың көмегіне жүгінетін бес мыңның астам адам бар. Бұл мереке зор жауапкершілікті талап ететін қызмет мамандарының жұмысын дәріптеу, құрметтеу деп білемін», - дейді Ділдаш Салауатқызы.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің мерейін асырған салтанатты шара облыс өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер