29.07.2025, 19:30
Оқылды: 118

Әлеуметтік тарифтер енгізілмек

Таяуда  ҚР  Цифрлық  даму,  инновациялар  және  аэроғарыш  өнеркәсібі  вице-министрі  Дмитрий  Мун  жұмыс  сапарымен  Батыс  Қазақстан облысына  келді.  Сапар  барысында  вице-министр  өңірдегі  цифрландыру жұмыстарының  барысымен  танысып,  халықпен  кездесу  өткізді.

WhatsApp Image 2025-07-29 at 18.21.19

Күн тәртібіндегі негізгі іс-шара өңір тұрғындарымен өткен кездесу болды. Кездесу барысында министрліктің негізгі қызмет бағыттары кеңінен таныстырылып, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрлық сипатқа көшіру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заманауи цифрлық шешімдерді азаматтардың күнделікті өміріне енгізу мәселелері талқыланды. Іс-шара офлайн және онлайн сипатта өткізіліп, кең аудиторияны қамтыды.

– Бүгін Батыс Қазақстан облысына, Орал қаласына арнайы сапармен келіп, өңір тұрғындарымен жүздесіп отырмыз. Бұл – халықпен тұрақты негізде өткізіліп жатқан кездесулердің бірі.

Біздің басты мақсатымыз – министрліктің негізгі бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы жұртшылықты хабардар ету. Бүгінгі кездесуде біз интернет желісінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, жас мамандар мен стартап жобаларды қолдау, сондай-ақ жасанды интеллект саласында білім алып жатқан студенттерге арналған бағдарламалар туралы айтып өтеміз. Сонымен қатар өңірлік университеттермен бірлескен жобалар, соның ішінде суперкомпьютерлерді қолдану мүмкіндіктері және оларға қатысты меморандумдар жайында да сөз қозғалады. Қиындықтар мен проблемалар бар, олар әрқашан болады. Бірақ бізде бүгінде кәсіби әрі жас буыннан құралған тиімді команда жасақталған. Мемлекет тарапынан цифрланды  ру саласына ерекше назар аударылып отыр, бұл өз кезегінде туындаған мәселелерді жылдам әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. Біз проблемаларды көріп, түсініп, нақты шешімдер қабылдаймыз, – деген вице-министр көптің көкейінде жүрген сұрақтарға да жауап  беріп  өтті.

– Соңғы уақытта елімізде ақпараттық қауіпсіздікке қатысты шабуылдар жиілеп кетті. Бұл – цифрландыру үдерісінің өз ерекшелігі. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты басымдықтарымыздың бірі. Ал интернет тарифтеріне келетін болсақ, нақты реттеушілік тетіктер министрліктің тікелей құзыретіне кірмейді, себебі бұл – жеке нарық. Алайда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл бағытта жұмыс жүргізуде. Олар биылдан бастап байланыс операторларына тарифтік жоспарлар бойынша есептерді ұсыну туралы талап қойды. Енді бұл тарифтер агенттік тарапынан арнайы тәртіппен, қоғамдық тыңдаулар аясында қаралатын болады. Бұл – халыққа көрсетілетін қызметтердің бағасы әділ әрі қолжетімді болуы үшін жасалып жатқан қадам. Сонымен қатар Телекоммуникациялар комитеті байланыс операторларымен бірлесіп, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына арналған «Әлеуметтік тарифтерді» енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бағытта біз өз құзыретіміз аясында қажетті шараларды қабылдаймыз. Кейбір интернетке қатысты шектеулердің себебі – ақпараттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Оған дәлел ретінде SIM-карталардың бұғатталуын келтіруге болады. Оның себебі бір адамға немесе бір компанияға тіркелген көп мөлшердегі SIM-карталар арқылы аутоматты түрде мыңдаған қоңырау шалынуы. Бұл бағытта қауіп-қатерді азайту үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Ал ұялы байланыс операторлары тарапынан интернетті телефон арқылы роутер ретінде таратуға (тетеринг) қатысты шектеулерге келсек, бұл – нарықтық қатынастарға байланысты мәселе. Мұндай қызмет кейбір тарифтік жоспарларға ғана енгізілген. Министрлік бұл мәселені реттемейді, өйткені ол жеке операторлардың ішкі саясатына және ұсынылатын коммерциялық қызметтерге жатады, – деді ол.

Сапар аясында вице-министр «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-кеңсесі мен iKomek 109 колл-орталығының жұмысымен де танысты. Бұл мекемелердің тұрғындарға мемлекеттік және электронды қызметтер көрсету бойынша атқарып жатқан міндеттері жан-жақты көрсетілді. Вице-министр аталған қызметтердің халыққа қолжетімді әрі сапалы болуы – министрліктің басты басымдықтарының бірі екенін  айтты.

Сапар соңында Дмитрий Мун өңірлік IT-компания өкілдерімен кездесті. Жиын барысында цифрлық жобаларды дамыту перспективалары, жергілікті ІТ-мамандар  ды даярлау, кадр тапшылығын жою және жаңа технологиялық бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктері  сөз  болды.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале