21.11.2022, 15:31
Оқылды: 128

Әлеуметтік желіде діни сипаттағы топтарды бұғаттау қалай жүзеге асады

Бүгінгі таңда әлеуметтік желі тек байланыс құралы ғана емес, жат дінге арбаудың оңтайлы тәсіліне айналғандай. Осы себепті елімізде желіде мониторинг жүргізіліп, күдікті топтар мен парақшалар тексеріледі. Мәселен, 2018 жылы теріс ағымды насихаттап, жазба жариялағаны үшін 4 адамға айыппұл салынған. Ал 2022 жылы 100 мыңнан аса материал бұғаттауға жіберілген. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы діни топтарды бұғаттау және тексеру қалай жүзеге асатынын түсіндірді.

17

Мамандардың сөзінше, теріс діни ағымды насихаттайтын парақшалардың атауы адамды тартып, қызықтыра түседі. Ал радикалды ағым өкілдерінің құрығына діни ақпаратты мешіттен емес, ғаламтордан іздеген азаматтар тап болады екен.

Сондықтан желідегі ақпарат пен парақшаларға мониторинг жүргізу кезінде алдымен мақаланың авторына, екінші мазмұнына назар аударылады. Мәселен, егер автор деструктивті діни ағымдардың насихаттаушысы бола тұра мақаланың мазмұнында заңға қайшы әрекеттер болмаса, бұл жағдайда мақала және оны таратқан топ бұғаттауға жіберіледі екен. Өйткені желі қолданушылары мұндай сипаттағы ақпараттарды және авторды дұрыс бағытта жүр деп ойлап, оның артынан еріп кетуі әбден мүмкін. Дін істері жөніндегі басқармасының мәліметінше, желідегі мұндай насихат дәстүрлі дінімізді, әдет-ғұрыптарды жоққа шығарады.

2022 жылы мониторинг және тексеріс жұмыстары аясында 100 мыңнан астам теріс сипаттағы материалдар бұғаттауға жолданды. Оның ішінде 2665 материал бұғатталып, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы аумағында таратуға тыйым салынған.

Әлеуметтік желідегі топтарға мониторинг жүргізу жұмыстары Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығы қызметкерлері арқылы жүзеге асырылады екен. Бұл бағыттағы жұмысқа 2 қызметкер бекітілген. Сонымен қатар тексеріс барысында анықталған материалдарды қарастырып, бұғаттауға жіберу ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті тарапынан жүзеге асырылады.

Дін істері жөніндегі басқарманың мәліметінше, азаматтар ғаламтор кеңістігінде күдікті материалдарды анықтаса, Басқармаға немесе Алматы қаласының әкімдігіне ресми сайт арқылы арыз жаза алады.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале