Елімізде әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқандарға әкімшілік жауапкершілік енгізілмек. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокуроры Берік Асыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару жəне жаңғырту жолы» атты Жолдауында мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын жəне медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, осы саладағы заңнаманы қайта қарау қажеттілігін атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру аясында «Онлайн-платформалар жəне онлайн-жарнама туралы» заң жобасы əзірленген. Ол бүгінгі күні мемлекеттік органдармен келісілген жəне Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің қарауында», - деді Бас прокурор жауабында.
Оның атап өтуінше, заң жобасының негізгі мақсаты - онлайн-жарнамалар, сондай-ақ онлайн-платформалар қызметтерінің құқықтық негіздерін айқындау.
«Аталған заң жобасында инфлюенсер (блогер) – айқындалмаған тұлғалар тобына арналған жəне өз мақсаттары мен өзге де қоғамдық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған, оның ішінде қоғамда жекелеген пікірлерді қалыптастыруға ықпалы бар ақпаратты онлайн-платформаларда тарататын адам ұғымы енгізілуде. Жалған ақпараттың таралу фактілері кең тарала бастағанын ескере отырып, егер бұл əрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-əрекет белгілері болмаса, айыппұл түріндегі санкцияны айқындай отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін əкімшілік жауаптылықты белгілеу жоспарлануда. Осылайша, осы заң жобасы қабылданған жағдайда интернет кеңістігінде көрінеу жалған ақпараттың таралуына тиімді қарсы іс-қимыл жасау үшін қажетті жағдайлар жасалады деп санаймыз. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда жəне бақылауда», - деді Берік Асылов.
Марлен Жиембай