20.04.2021, 13:46
Оқылды: 42

«Әлеужелідегі сауалдарға дер кезінде жауап берген дұрыс»

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен өткен кеңесте біраз мәселе  сөз болды. Онда өңірімізде тіркелмеген кәсіпкерлік нысандарынан  үлкен көлемдегі қаржы жергілікті бюджетке түспейтіні, «109» қызметін пайдалану, мамыр айындағы мемлекеттік мерекелерді тойлау жайы баяндалды.

 2-бет (1)

Өткен жылы БҚО аумағында қызметін жүзеге асырып, бірақ облыста тіркелмеген кәсіпкерліктің 82 нысаны анықталған. Биыл да өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурстары нәтижесінде жеңімпаз-мердігерлердің кейбірі өзге өңірлерден екені белгілі болып отыр. Өңір басшысы тиісті сала басшыларына ол компаниялардың өңірімізде тіркелуі бойынша келіссөздер жүргізуді тапсырды.

БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Қаюповтың мәліметінше, жүргізілген келіссөздер арқылы төртеуі ғана тіркеліп, он компания облыс  аумағында филиалдарын ашқан. Былтырдан бастап 2021 жылға ауыспалы сомасы 33,5 млрд теңгені құрайтын 61 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде жалпы сомасы 22 млрд теңгені құрайтын 19 жоба бойынша облыста тіркелмеген 17 мердігер бар. Бұл ретте облыс бюджетінің салықтар бойынша шығыны 2,7 млрд теңгеге жеткен. Ал биыл 121 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылып, 81 жобаның мердігері анықталды. Соның ішінде жалпы сомасы 10 млрд теңгені құрайтын 38 жобаның мердігері ретінде анықталған 20 компания облыста тіркелмеген. Бұл жағдайда да облыс салық бойынша 1,1 млрд теңге шығынға қалып отыр.

Бұдан бөлек республикалық маңызға ие автожолдарда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы құны 56,9 млрд теңге болатын жобалар іске асуда. Оның ішінде 20 млрд теңге биылға бөлініп отыр. Бұл жобаларда облыста тіркелмеген компаниялар жұмыс істеуде.

– Орал қаласы және аудандарда өткен жылы 22 млрд теңге, биыл 9,8 млрд теңге қаражат бойынша жобалардың конкурсында біздің облыста тіркелмеген компаниялар жеңімпаз атанған. Яғни күні бүгінге 4,3 млрд теңге қаражат біздің облысқа түспейтіні анықталды, - деп атап өтті Тілепберген Қаюпов.

БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Жанболат Тілеулестің айтуынша, өткен жылы басқа өңірлерден 80 салық төлеуші келіп Батыс Қазақстан облысына тіркелген.

«Олар 701 млн теңге салық төледі, соның ішінде 217 млн жергілікті бюджетке түсті. Бүгінгі күні бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде басқа облыста тіркеліп, бірақ осы жерде жұмыс істеп жатқан 1291 заңды тұлға анықталды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 12 салық төлеуші анықталды. Олар Орал қаласы, Бәйтерек, Сырым, Казталов, Шыңғырлау аудандары бойынша 1000-нан астам адамды жұмысқа тартқан. Алайда салықтар басқа облыстарға түсуде. Сондай-ақ басқа облыстарда тіркелгенімен, өңірімізде инвестициялық жобаларды басқарған 28 салық төлеуші белгілі болды. Аудандарда анықтау және тіркеу бойынша жүргізілген жұмыс мардымсыз. Салық заңнамасында бас компанияның  шешімі бойынша жұмысты атқарып отырған жергілікті жерге тіркелу нормасы туралы көрсетілген, - деді Жанболат Тілеулес.

Компаниялардың облысқа тіркелуі бойынша келіссөздер жүргізу маңызды екендігін атап өткен өңір басшысы ҚПО б.в. компаниясының қосалқы мердігерлері, ұлттық компаниялар филиалдары және бюджеттік жобаларды игеретін мердігерлермен бір ай ішінде нәтижелі жұмыс жүргізуді өзінің орынбасарлары мен қала, аудан әкімдеріне тапсырды.

Мамыр айында өтетін мерекелердің басым бөлігін өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн сипатта өткізу жоспарлануда. Мәселен 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне облыс деңгейінде 207 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның 76-сы офлайн, 131-і онлайн форматта өткізілмек. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай өтетін 175 іс-шараның 54-і офлайн, 121-і онлайн сипатта ұйымдастыру жоспарланса, 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай өтетін 277 іс-шараның 199-ы онлайн, 78-і офлайн сипатта ұйымдастырылады деп күтілуде.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің қандай жағдайда да назардан тыс қалмауы қажеттігін атап  өтті.

– Өкінішке орай, көптеген іс-шараны адамдардың қатысуынсыз онлайн сипатта  өткізуге тура келеді. Бұған дейін елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты мамыр мерекелерінде ардагерлерді құттықтап, үйлеріне баруға болмайды деп айтқан болатынмын. Осыған орай орынбасарым Бақытжан Нарымбетовке біздің құттықтауларымыз бен сый-сияпатымызды еріктілер арқылы жеткізуді тапсырамын. Олар барлық санитарлық талапты сақтауы керек. Соғыс және еңбек ардагерлерін елеусіз қалдыруға болмайды. Бізге бүгінгі бейбіт күнді сыйлаған ардагер ата-әжелеріміз қандай құрметке де лайық. Сондықтан да олар әр кез біздің назарымызда, - деді өңір басшысы.

Кеңесте сондай-ақ «109» қызметінің жұмысы және оның коммуналдық қызметтермен өзара іс-қимылы талқыланды. Өткен наурыздан бастап тұрғындар бұл қызметке тек тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері бойынша ғана емес, сондай-ақ COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына байланысты қалыптасқан жағдай бойынша да жиі жүгінетінін атап өткен жөн. БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Петр Лежников хабарлағандай, «109» бірыңғай байланыс орталығының операторлары ашылған сәттен бастап 197 065 қоңырау қабылдап, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 14.04.2021 ж. жағдай бойынша кеңейтілді.

– Call-орталыққа дәрігердің қабылдауына жазылу, үйге шақыртуға қызмет көрсету, COVID-19, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, пандемияға байланысты шектеу шаралары туралы ақпарат жөнінде жиі қоңырау шалынады. Бұдан басқа әлеуметтік төлемдер мәселелері бойынша қосымша топтама іске қосылды (АӘК, 42 500, 50 000 тг, азық-түлік, тұрмыстық жиынтықтар), коммуналдық қызметтер үшін 15 000 тг мөлшерінде өтеуге кеңес беру және өтініштер қабылдау ұйымдастырылды. Денсаулық сақтау саласы бойынша операторлар іске  қосылып, олар емханалар жөнінде, жедел медициналық қызмет, коронавирустық инфекцияны жұқтырудың негізгі белгілері, симптомдар анықталған кездегі іс-қимыл алгоритміне қатысты мәселелер бойынша кеңес береді. БҚО денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес жедел және уақтылы шаралар қабылдау үшін тұрғындарға кеңес беретін кезекші дәрігерлер жұмылдырылды, - деді П.Лежников.

Биылғы жылдың 1-тоқсанында «109» call-орталығына барлығы 47 460 қоңырау келіп түскен. Оның ішінде 2304 қоңырау COVID-19 мәселелеріне қатысты. Аудандар бойынша «109» қызметін пайдалануда Бәйтерек, Бөрлі аудандары көш бастап тұр. Өзге аудандардан бірлі-жарым өтініші түскен, негізінен өтініштердің жалпы саны облыс орталығына тиесілі. Басқарма басшысы өздерін мазалаған сұрақтар бойынша «109» қызметіне хабарласып, аудан халқын белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ өңір тұрғындары әлеуметтік желілер (Instagram), Whatsapp мессенджер арқылы өтініш бере алады. 2021 жылдың 1-тоқсанда әлеуметтік желілер (Instagram), Whatsapp мессенджер арқылы 107 өтініш келіп түскен.

Жиында сонымен қатар Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шаҺарды тазалау және абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндаса, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Хайруллин көшет отырғызу туралы айтты.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев әлеуметтік желілердегі сын-жазбалардың көбеюі мемлекеттік құрылымдардың халықпен тығыз жұмыс істемей отырғанының белгісі деп атап өтті.

– Әлеуметтік желіде туындаған, талқыланған сауалдарға дер кезінде жауап беріп, сын-ескертпелерді ескеріп отырған дұрыс. Әр әкімдіктің сала бойынша ресми парақшасы болуы керек. Сол арқылы тұрғындардың арыз-шағымына назар аударып, мәселені дер кезінде ушықтырмай шешіп отырған жөн, - деп сөзін түйіндеген өңір басшысы облыс тұрғындарын тазалық айлығына белсенді атсалысуға шақырды.

 

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале