Өткен аптаның соңында Ақжайық ауданының Алғабас ауылында еркін күрестен спорт ардагерлері Амангелді Зұлқашев пен Өтеп Молдабековті еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир өтті. Турнирге Амангелді Зұлқашев пен Өтеп Молдабековтің отбасы, балалары, спорт ардагерлері арнайы шақырылды. Республикалық сайыста Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысының аудандарынан келген жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер күш сынасты.
Жыл сайын өтетін турнир біріншіден, Амангелді Зұлқашев пен Өтеп Молдабековтың шәкірттері мен ауыл азаматтарының ұстаздарын дәстүрлі түрде еске алып, құрмет көрсетуі десек. Екіншіден, еркін күресті дамыту, балуандардың шеберлігін арттыру, тәжірибе алмасу, салауатты өмір салтын насихаттау, сонымен қатар, командалар арасындағы тұрақты достық қарым-қатынасты дамытуды мақсат еткен.
Жарыс Халықаралық еркін күрес федерациясының бекітілген ережелеріне сәйкес өткізілді.
Жарысқа - 35, - 38, - 42, - 48, - 52, - 57, - 62, - 68 келі салмақ дәрежелеріндегі 2009-2010 жылғы жасөспірімдер және - 30, -33, -36, -42 келі салмақ дәрежелеріндегі 2011-2012 жылғы кіші жасөспірімдер қатысты.
Шараның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Ақжайық аудандық мәслихатының төрағасы Сәлімгерей Сиражев қатысушыларға сәттілік тілеп, турнир ұйымдастырушыларына Ақжайық ауданы әкімінің атынан алғыс хаттар табыс етті.
Турнир жеңімпаздары диплом, медаль, кубоктармен, сонымен қатар бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Турнир қорытындысында Нұрхан Тельманұлы үздік жаттықтырушы деп танылды.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz