Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Ұлан Нұрғалиев БАҚ өкілдеріне Түркияның Нұрдағы қаласында зілзала үйінділерінің астында қалған адамдарды қалай құтқарғандарын айтып берді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі
«Біз ақпанның 12-сі күні Астана қаласындағы бөлімшеден 20 адам болып шықтық. Таңғы сағат 5.00-ден бастап жиналды. Түркияға дейін 6 сағаттан астам уақыт ұшып бардық. Күтіп алған соң бәрімізді Нұрдағы қаласына апарды. Сонда шатырымызды құрып, бірден апат аймағына жетіп, іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісіп кеттік», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінің алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сондай-ақ, ол үйінді астында жатқан тірі адамдарды үйретілген иттер мен тепловизордың көмегімен анықтағандарын айтты.
«Бірінші күні 24 сағат бойы тоқтамай жұмыс істедік. Өйткені тепловизор мен иттердің белгісіне сүйеніп, үйінді астында үш адамның тірі жатқанын анықтады. Бірінші адамды құтқаруға 5-6 сағат кетті. Өйткені қирандылардың арасында қыстырылып қалыпты. Денсаулығына зақым келмеу үшін епппен қимылдау керек болды. Одан кейін Анасы мен қызды құтқардық. Қалған күндері үш топқа бөлініп, 8 сағаттан жұмыс істедік. Сонда тәулік бойында біздің жасақ үздіксіз жұмыс істеді деп айтуға болады. Халық қызметімізге риза болып алғыстарын білдіріп, жылы шығарып салды. Үйінділердің астында жұмыс істеп жатқан кезде өзімізге де қауіп төнуі мүмкін еді. Бірақ міндетіміз өзгенің өмірін құтқару болғандықтан ол жағын ойлап жатуға уақыт болмады. Құдай сақтап, ешқандай оқыс оқиғасыз аяқтадық», - деді Ұлан Нұрғалиев.